«Әдеби сын» номинациясы: Жұмбақ сын

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Melodya

 

Әңгіме бір өлең жайлы болмақ. Оның авторы кім, қай ғасырда, қай жылы дүниеге келгендігінде шаруаңыз болмасын. «Ол ақын танымал ма, белгісіз бе?» деген сауалдар да мазаламасын ойыңызды. Бастысы – Өлеңнің дүниеге келгендігі. Біздің мақсат өлеңді талдау да емес. Өлеңнің айтпақ ойын айту да біздің шаруа емес. Үндестік пен рухтас жағынан алсақ, ең дұрысы сол болар. Бір айтпағымыз – төменде келтірілген шығармалардың иесі үш ғасырдың өкілі болып отыр. Ал кеттік.

«Секунд. Минут. Сағат тілі... дірілі.

Түн. Қоңыр Жел... Қоңыр Желдің күбірі...

...Уақыт. Қоғам. Қала. Өмір Ертеңі,

Елес.Тағдыр. Сағыныштың Бүгіні.

 

...Желісінен жаңылмайтын Тіршілік,

Таң атады, кеш батады, күн шығып.

Сағынудың мезетінен жаңылып,

Жабығудың мезетінен тұншығып». Тоқтай тұрыңыз. «...Желісінен жаңылмайтын Тіршілік, Таң атады, кеш батады, күн шығып». Бұл әуен маған таныс. Қайдан оқып едім. Бірақ бұл – өлең емес, повесть, жоқ, роман. Иә, иә. «Қарғын». Жасын деген кейіпкердің айтатыны бар ғой Бағиланы үйіне ертіп әкелгенде. Қалай еді? Дәл осы өлең жолдарымен үндес. Есіме түсті. «Ертең ғой, таң ата салысымен бәрі жұмысқа бытырайды. Содан қас қарая бір-ақ оралады.Тамақ жасап ішеді де, жатуға ыңғайланады. Демалу керек. Өйткені ертең жұмысқа бару керек. Бәріңде де үлкенді-кішілі мақсат бар. Соған жетемін деп күреседі, ұмтылады, жеңеді, жеңіледі. Момақан пішінде жапалақтап қар жауып тұр. Бұл да – табиғаттың өз тіршілігі, өз әрекеті. Қарап тұрсаң, тыныштық, бейбітшілік дегеннің қадірін еріксіз сезінесің. Бейбітшіліктің қасиетін соғыста емес, бейбіт күнде ұғынған жақсы ғой деймін». Ғасырлар үндестігі. Өлеңнің иесі екі-ақ жолмен Тіршіліктің трагедиясын көрсетіп отыр. «Желісінен жаңылмайтын Тіршіліктің» көрінісі «Қарғында» жатыр. «Қарғын» бұл өлеңнің түп қазығы іспеттес. Идеялардың жаңғыруы, рухтас болуы тағы бір айқындалып тұр.

Адамның ендігі аты – Механика. Баяғы із – сол із. Ол ізден бөтен із жоқ. Өйткені ол жаңылмайды. Адамның тағы бір есімі – Тотықұс. Оның біреудің айтқан сөзін қайталауында емес, қанатының түрлі түсті болуында. Әр адамның ойы бір-біріне мүлде ұқсамайды, бірақ ол сыртқа шыққан бетте бір ғана адамның ойы болып қала береді. Бұл ойға жетелеп тұрған – осы өлең.

Бірінші шумақты қасақана ұмытып кеттік. Бұл өлең жолдарының да басқа бір өлеңмен (осы жолы өлең) үндестігі бар.

«Секунд. Минут. Сағат тілі... дірілі.

Түн. Қоңыр Жел... Қоңыр Желдің күбірі...

...Уақыт. Қоғам. Қала. Өмір Ертеңі,

Елес. Тағдыр. Сағыныштың Бүгіні», – деп басталды бұл өлең. Ал мына өлеңде былай (авторы кім екенін біліп отырған да шығарсыз):

«Ночь, улица, фонарь, аптека,

Бессмысленный и тусклый свет.

Живи еще хоть четверть века –

Все будет так. Исхода нет.

 

Умрешь – начнешь опять сначала

И повторится все, как встарь:

Ночь, ледяная рябь канала,

Аптека, улица, фонарь».

Бұл өлеңде де «Желісінен жаңылмайтын Тіршілік». Жоқ, аударма емес. Олар рухтас. Өлеңді әрі қарай оқиық:

«Жалығудың жырын оқып бұла түн,

Бұла түнмен салғыласып бір Ақын,

Ең бір көркем жыр жазады Сен жайлы –

Ең бір көркем мұратын...».

«Неге «Сен» үлкен әріппен жазылған?» деген сұрақ туындап отыр бізде. «Ақын» да үлкен әріппен жазылған. Мүмкін, бұл өлең Құдайға арналған мадақ жыр шығар? Болмаса диалог. Бірақ біздің мақсат ол емес. Тағы қайталап айтайын. Рухтас, үндестікті іздеу. Үш ғасырды байланыстырып отырған бір өлең деген ой түйесің. Және «Жалығудың жыры» қандай жыр? Ойланып көріңіз. Сізге де бірдеңе қалу керек қой.

Әрі қарай. Соңына дейін оқып шығайық бұл өлеңді:

«Соң-соң... Көше. Өзен. Жаңбыр. Қоңыр бақ.

Сұр Ескерткіш.Түнгі оттар жалындап...

Ескі орындық. Таныс орын. Бульвар. Ай.

Төзім. Сенім. Көпір. Нөпір. Көңіл. Жад.

 

...Бәрі-бәрі – Естеліктер. Ой. Аңсар.

Аялдама. Даңғыл. Тротуар. Ояу шал...

Ағаш. Аспан. Үйлер. Сұрғылт балкондар.

Кафе. Көлік. Бұлттар... жерге таяу сәл.

 

...Соң-соң тағы:

Секунд. Минут. Сағат тілі... дірілі.

Түн. Қоңыр Жел... Қоңыр Желдің күбірі...

...Уақыт. Қоғам. Сенсіз Ақын Ертеңі,

Елес. Тағдыр. Жалғыздықтың Бүгіні...» – деп аяқтапты өлеңнің иесі.

Бұл – адамды әлдебір жерге жетелейтін өлең. Өлеңнің әрбір сөзімен жүріп отырсаңыз, «Жалғыздықтың Бүгініне» тап боласыз. «Ескі орындық. Таныс орын. Бульвар. Ай. Төзім. Сенім. Көпір. Нөпір. Көңіл. Жад». Әрбір сөз «Сағыныш» сөзінің синонимі іспеттес. Содан соң «...Бәрі-бәрі – Естеліктер» деген тоқтамға келеді. Бұл өлеңдегі «Ояу шал» кім? Өлеңнің суреттеуі бойынша, уақыт – Түн. Неге ұйықтамайды бұл шал? Мүмкін, «Шал» жоқ шығар? «Шал» елең-алаңның өкілі болуы мүмкін.

Мына ғасыр:

«И повторится все, как встарь:

Ночь, ледяная рябь канала,

Аптека, улица, фонарь», – дейді.

Ал мына ғасыр:

«...Соң-соң тағы:

Секунд. Минут. Сағат тілі... дірілі.

Түн. Қоңыр Жел... Қоңыр Желдің күбірі...». Айттым ғой рухтас деп.

P.S. Ең бастысы, Өлең туыпты.

 

ЖҰМБАҚ СЫННЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Жұмбақ сын дәстүрін жалғастырамыз. Мұнда тек өлең ғана айтылады. Авторда шаруамыз жоқ. «Кім екен?» деп уақытыңызды кетірмей, өлеңге ден қойыңыз. Авторды ойыңыздан шығарып тастадыңыз ба? Дайынсыз ба? Олай болса, кеттік.

Әуелі мына өлеңді оқып көрейік:

Әзіз анам тым мейірбан болса да,

Кезі жоқ ед(і) орынсызға тасынған.

Омырауының иісін сезсем тамсана

Қабірінің басынан...

Өлең өмірден ада болмауы керек. Тым жақын болуға да болмайды. Сәл қиял, сосын сәл эстетика болса. Қиял – шегімен, эстетика – мөлшерімен. Келтірген өлең аталған талапқа келеді. Алайда сол бір қиял мен эстетика жетіспейді. Өлеңде сыр басым. Түйінінен де байқауға болады: 

Сағынышқа еліктеген құрдан-құр,

Сол дәуреннің, біле-білсең, назы ізгі.

Маңдайыма сыймай кеткен бір тағдыр

Жанарымда жазулы.

Әдемі тәмамдаған. Уытты болса, тіпті керемет. Әрі қарай кеттік. «Бақытты бол, адамзат!» деген өлеңнің тақырыбы да – тілек, мазмұны да – тілек. Шағын баллада түрінде жазған. Оқиға желісін тамаша айтып келе жатады да, «Жүрейікші адамға бақыт тілеп!» деп аяқтайды. Әдемі өлеңнің желісін бұзып жіберген. Гуманизмдік тұрғыда дұрыс шығар, бірақ поэзия емес. Баллада шала. Сюжет бар. Бірақ түйін әлсіз. Өзіңіз оқып көріңіз:

Студентпіз.

Ол кезде көктем еді,

Сол көктемде сан терек көктемеді!..

Бізбен бірге бір жігіт оқыған-ды,

Қыздар оны қашан да бек көреді.

Қыз біткеннің бәрі осы жігітке ғашық болған. Ешбірі мұның көңілінен шықпайды. Ақыры бір қарапайым қызды таңдайды. Ғашық болған қыздар бұл туралы өсек таратады. Бірақ мұның ешбірін құлаққа ілмей, бақытты болып жүре береді. 

«Тағдыр маған ауыр сын тағыпты» деп,

Кінәлаймыз бәріміз уақытты көп.

Көрсеқызар көңілге дауа бар ма?

Жүрейікші адамға бақыт тілеп! – деп аяқталады.

Қысқасын айтқанда, өлеңді ортасынан шорт кесіп тастаған. Ал мына өлеңі – музыка, табиғаттың әуені, тамшының дыбысы. Мағжанның «Шолпы» деген өлеңімен әуендес.

Зәм!

Зәм!

Жүрегімді ерітті кім?..

Тобылғыдай беріктігім!

Зәм-зәм.

Адамдармен сынға түсу,

Ғаламшармен үн қатысу.

***

Зәм-зәм дыбыс еске салды Алланы,

Дирижердің қолындағы қаламы.

Зәм...

Зәм...

Өлеңде ешқандай идея жоқ. Таңқалдырмайды да. Алайда жүрекке туыс болып келеді. Таныс дыбыс. Медитация іспеттес.

«Мистика» – Қасымның «Сұлтанмахмұт туралы балладасымен» сарындас. Қасымның балладасында Сұлтанмахмұт қабірден тұрып, базынасын айтады ғой. «Мистикада» бір ақын ғана емес, «Ақындар армиясы» бар.

Түсім де емес,

Өңім де емес.

Екеуінің тоғысы –

Жер мен көктің арасы.

Сегіз бейіш қаласы...

Сол шәріптің ішінен көрінеді

Бір Ақынның қарасы.

Әрі қарай – Мағжан, одан соң – Қасым, Жұмекен мен Жұматай, Жұбан, соңында – Артығали. Осының бәрін айнадан көріп қалып, былай жалғайды: 

Әу басында онша сене қоймағам,

Оң жағыма бұрылып ем:

Тарихтағы тұғырым ең,

Отсыз қайнап тұр екенсің, Тайқазан.

Бұл үрдіс бейтаныс емес. Түс арқылы ата-бабамен тілдесу, ұрпаққа деген базынасын жеткізу. Мұндағы тайқазан ненің образы? Қазақ па, әлде басқаны меңзеп тұр ма? Бір ой жасырған. Мәселен, мынадай өлең жолдары бар:

Бақытыңмын мен сенің ең қайғылы,

Қасіретімсің сен менің ең көңілді.

Не бұл? Қайғылы бақыт бола ма? Жоқ, бұл – абсурд. Қалыптан шыға білген. Бақыт деген түсінікке басқа қырынан қараған. Ал «Түсінік» – өлең емес, публицистиканың жүгін көтеріп тұр.

Үш тұғырлы: қазақ, орыс, ағылшын,

Тілім де.

Ұшты-күйлі болып кетсек, не қылсын,

Түбінде?

Тіпті, мақала десе де болады. Ал бізге поэзия керек. Мұндай мысал көп. «Қоңыз» деген өлең де соның қатарына жатады.

Ал «Ақыржалғанды» туған жермен байланыстыруы – заңдылық. Өмірдің мәресі іспеттес. «Сәби шыр етіп жерге түскенде, түбі сол адамның қабірі қазылар тұстың топырағы әйтеуір бір белгі беруге тиіс» деген ескі иланым бар. Өлең соған негізделген.

Жасыл қына, ентігің басылды ма?

Ауылды аңсап, ақылдым, аһ ұрдық, ә?

Ақыржалған алқынса алаөкпе боп,

Ақындардан арзиды ақырдұға.

 

Алқынса алаөкпе боп ақыржалған,

Ақырдұға арзиды ақындардан.

Тамы тозып кетсе де, үйі күйреп,

Жосалының бауырында атым қалған.

Ақыржалған...

Тоқетерін айтқанда, сыршыл өлең көп. Дүниетанымы ерек өлең де бар. Идеяға аса көңіл бөлмейтінін айттық. Бірақ, бастысы, өлең туған! Құтты болсын!

 

ЖӘНІБЕКТІҢ «СЕРТІ»

Бірден келісіп алайық. Поэзия түсінбейтін адам болса, бұл мақаланы оқымай-ақ қойсың. Уақытын басқа дүниеге жұмсасың. Ал поэзияның өлермендері ошағыма жайғассың. Келістік пе? Олай болса кеттік. 

Әңгіме Жәнібек Әлиманның «Серт» атты жыр жинағы хақында. Тағы бір айта кететін дүние Жәнібектің өлеңдерінен жылтыр сөз іздеуге тырыспай-ақ қойыңыз. Сиқыр болса, ол енді бөлек әңгіме. 

«Серт» төрт бөлімнен тұрады. 

1) Жер бетінде ақырғы ақын өлгенде;

2) Барады батып бір күн;

3) Мұңайып жатқан жапырақ еді;

4) Сырғаңдай діріл қағатын жаным.

Алғашқы бөлімге тоқтала кетсек. Бірінші бөлім – Рух жыры. Жәнібектің өлеңдерінде Бөрі образы көп кездеседі. Түркілік сарын бар. Бір ғана дүние айтайық. Автор аталған бөлімдегі өлеңдерді тұтас цикл ретінде берсе құба-құп болар еді. «Серт», «Абылайдың түсі», «Мен түркі едім», «Дауыс» барлығы бір-бірімен сабақтас, рухтас өлеңдер. Жекелеген өлең түрінде қарауға болмайды. Дәуітәлі Стамбековтың «Бөлтірік» деген өлеңі бар. 

«Кіп-кішкене бөлтірікті ұрадан,

Алып келді біздің үйге бір адам.

Сыйға тартты шын қызықты біздерге,

Сол сыйлығы бәрімізге ұнаған.

 

Бірте-бірте бөлтірік те өзінің,

Кетті ұмытып бөрілік бір сезімін.

Шөп қорада ойнап жүріп бір күні,

Көзі түсті жанарына қозының.

 

О, ғажап-ай, тұрып қалды таңданып,

Есі кетіп,

Көзі жанып,

Жанданып!

Содан кейін жалт бұрылып, жоқ болды,

Бұл қорада жүргеніне арланып» – деп жырлайды. 

Жәнібек Көк бөріге бірінші жақтан келуі керек еді. Қазақ – Мен – Адам дейтін үш кеңістікті бір-бірімен байланыстыру арқылы Бөрі образы дүниеге келеді. «Ерлігіне дүр сілкінген дүр әлем, Мен әуелде-ақ Сақ сарбазы Шырақ ем» дегеннен гөрі Жәнібектің Бөрі арқылы жасаған өз образы оқырманға жақынырақ. Әр жазушының шығармасы – өзінің автопортреті емес пе?! Бірінші бөлімдегі өлеңдерден гөрі «Сырғаңдай діріл қағатын жанымдағы» өлеңдер Жәнібектің болмысына туыс. Оның өлеңдері әткеншек секілді. Тербетеді. Мына өлеңін оқып көріңізші: 

«Жоқ шығар сірә, таласы жаттың,

Дел-сал қып жанды жаңа шуақ күн.

Риясыз реңің, талдырмаш бойың

Қып-қызыл пальтоң жарасып-ақ тұр». Сөзсіз тербейді. Ырғақпен оқып көріңіз. Музыка бар. Немесе «Муза» атты өлеңіндегі мына жолдар: 

«Сиқыры бөлек сырға бөгелдім,

Ұйқыны бөгеп, мұңға неге ендім?

Еліктей ерке, есімді алатын

Жаршысы ма едің жұмбақ әлемнің», – дейді ақын. Бірақ, бұл дегеніміз бірінші бөлімдегі өлеңдерді жоққа шығару деген сөз емес. Керемет жолдар бар: 

«Тірлігінен тобырдың тумысы жат,

Не демейді... Мен жайлы не дейді жұрт?». «Дауыста»:

«Дүр сілкінед жаһан сонда даусымнан

Немесе өзім жанып кетем сол үннен», – деген керемет жолдар бар. Екінші бөлімдегі: 

«Адамдардың ішінде ақын өліп,

Пенделердің ішінде адам өлген...», – деген жолдар ше? Бастысы ақынның Мені бар бұл өлеңдерде. 

Мына дүниені түсінбей келемін. Мысалы, сурет өнерін алайық. Көрмеге келген кез-келген адам суреттегі адамның қисық салынған мұрнын яки көзін көрсе, бірден аңғарады. Поэзия да сурет. Леонардо да Винчидің айтқаны бар: ««Поэзия – құлаққа естілетін сурет, сурет  – көзбен көретін поэзия» деп. Неге оқырман сонда поэзиядағы ақауды көрмейді? Демек көз барда, жүрек жоқ. Мұндай оқырман болса, поэзияда не ақысы бар? Жәнібектің жүректі оқырмандары көп болғай!

Әрі қарай кеттік. «Он бес» деген өлеңі бар. Арнау арқылы өзіне қайтып оралады. Бумеранг іспеттес. Ақын: 

«Ей, Кәмшат қыз!

Кермаралдай керілген,

Өңдірінде толықсыған өмір ме ең?

Өлең саған неге керек онсыз да

Өлең аңқып тұрған жоқ па деміңнен?!», – дей келе:

Әйтпесе, бұл нем бар еді басқада,

Жазған жырым өмірімнен асқақ, ә?!

Өмір бойы сағынамын өзімді

Өлең сынды – он бестегі жас бала...», – деп тәмәмдайды. 

Айқай-сүрең, дабыр жоқ өлеңде. Үзіліп түскен жапырақ секілді. Қоңыр. 

Шынымен, өмір мен өлең егіз ұғым. Өмірін өлеңге айналдырғандар – шын талант. Ақынның «Үшем» (Атауына да назар салыңыз. Триптих емес, «Үшем» депті. Қазақы реңк бар, демек) өлеңі өмірімен біте қайнасып тұр. Тірі өлең. 

«Тырбанғым жоқ тірлікте тек тырысып,

Өлеңімді өзіме еттім ұшық.

Ғаламаттан шықтың да ғасырдағы

Ғаламатқа айналып кеттің ұшып...»

***

«Кездерімде қамығып жеке қалған,

Жатсам-тұрсам өзіңді етем арман – 

Құдіреттің ішінен ұшып шығып,

Құдіретке айналып кете барған». 

Шығармашылық үлкен процесс. Ақын өзің толықтырады. Түзейді. Ой түйеді. Жаңа қырынан көрініп жатады. Жәнібектің бір кемшілігі өлеңдерінде сюжет жоқ. Қозғалыс жоқ. Немесе оны жеткізе алмайды. Баллада жазуға бойыңдағы таланты жетеді. Алдағы уақытта сюжетті өлеңдер жазылса деген ниет бар. 

«Айдың сұлу дидарын бұлт қамайды,

Көз бояған көктемге жұрт қарайды.

(Көктем ару қай көркін тықпалайды?)

Күзді сүйем!

Өйткені, ол жалтақтамай

Дүниенің көзіне тік қарайды...». Бұл Жәнібектің болмысын ашатын өлең. Ақынның автопортреті. «Дүниенің көзіне тік қарап», «Серт» берген екен, сол сертінде тұрсың онда!

 

КЛАССИК БАУЫРЛАРЫМА ХАТ!

Ассалаумағалейкум, классик бауыр! Әрқайсысымен осылай амандасу керек болған соң, көпше түрде жазбай отырмын. Сендерге олай сөйлеуге жүрек қайда?! Байқасаң, «классик» сөзін тырнақшаға алған жоқпын. Дәл қазір кезекті шаһқар шығармаңды жазып отырған шығарсың. Бізге таң қалу, сендерге таң қылу бұйырған екен. Әрқашан таңдандырып жүре беріңдер, менің классик бауырларым! Бірақ бір сәтке қаламдарыңды қаңтара тұрып, сендерге жазған хатымды оқып көрсеңдер, қалай болады?! Түсінемін, мұндай ұсақ-түйек дүниеге уақыттарың шамалы. Шамалы несі, мүлде жоқ. Дегенмен…

– Қалың қалай?

– Жақсы.

– Ә… біз де жақсымыз.

Не істейсіз енді, классик қой. Аты жер жарады. Қаламынан тек нұр тамады. Дәл осылай сөйлесуге құқық сендерге ғана берілген. Біздің халімізді қайтесіңдер? Өкпелеп тұрғам жоқ. Классиктің маңдайына жазылған ауыр тағдырды айтып тұрмын. Сендерге борыш емес, міндет берілген. Үлкен шығарма жазу керек. Халықтың қалаулысысыңдар. Не деп тұрмын мен? Бұл сөз депутаттарға арналған екен ғой. Қалай айтсам екен, ә?! Халықтың айнасы, тілегі, жүрегі, барлығы. Біреу «Немене мені халыққа теңеп отырсың?!» деуі мүмкін. Айыптымын… Есіме түсті, сендер пайғамбарсыңдар. Берік болыңдар! Көздеріңе жас алушы болмаңдар. Бұл – сендерге берілген аманат. Осыны көтеріп жүрулерің керек. Құрметті менің классик бауырларым, сендерге өте ауыр тағдыр берілген.

«Атаңа – нәлет! Не деп тұрсың?! Қайдағы пайғамбар?! Бұлар алдымен адам болып алсын. Пайғамбар деген сөз сендерге ойыншық па?».

Кешіріңдер, сөйлеп тұрған – менің ішім. Іш. «Іші тар» деген сөз содан шыққан ғой. Көре алмайды.

Мен білем, сендердің бақтарың жанбай жүр. Ешкім сендерді елемейді, кітаптарыңды шығарғанмен, қаламақы бермейді. Жаным ашиды сендерге.

«Әй, қатырдың! Мына сөзің менің ғұмырымды ұзартты. Бақ дейсің бе? Керісінше, бағы жанған – осылар ғой. «Дарынсыздар жолыма кес-кестеп тұрып алды» деп барып, мүшәйрадан бас жүлде алатын осылар емес пе? Дәлдүріш деп жүргендері шынымен талантты болып шықса ше? Ұят-ай».

Өртеп бітті ғой мынау. Кезінде Мағжан, Сәкендерді құртқан осы – іш. Ішіне ие бола алмады. Өртенді де кетті. Ал сендер өте дұрыс адамсыңдар. Мұнтаздай.

…Әлдебіреуге арналған кеш (сендер үшін өлген ақындар – әлдебіреу ғой). Залға классик кіріп келді. Сәл кідіріп жан-жағына қарады. «Біреу мені тани ма екен?» дегендей. Әй, біреуің барып сәлем бермейсіңдер ме?! Менің классик бауырым келді ғой. Ертең өкініп қаласыңдар.

Бір кезде бір бала жүгіріп келді.

– Ассалаумағалейкум, аға!

– Уағалейкум! Қалдарың қалай?

– Аға бір өлеңім бар еді. Оқып берсем…

– Бала, уақыт жоқ.

Мына баланың ұяты бар ма, өзі?! Өлең сұраудың орнына, өзінің өлеңін қыстырып әлек. Әй, бірақ мына бала болашақта классик болады-ау. Менің классик бауырларымның санын көбейтеді.

«Танымал ақын, атақты ақын» дейсіңдер. Соларды өздеріңнен басқа кім таниды? Онымен қоймай, сендерді менсінбейді. Өзін тұлға санайды. Ал әлдебіреулер үшін олар жай ғана – біреу. «Мына біреу кім?» дейді олар. «Әлгі… тақпақ жаза ма, бірдеңе» дейді де. Айтыңдаршы, сендерден басқа кімге керек олар? Соны түсінсе ғой».

Менің тағы бір классик бауырым бар. Әй, соны біз бағаламай жүрміз. Республика баяғыда-ақ бағалап қойған. Біз әлі жүрміз. Іштарлығымыз ұстап. Барлық мүшәйрадан жүлде алады. Тек облыстікін алмайды. Дұрыс емес қой. Классикті уақытында бағалау керек. Өкініп қаламыз. Міне, көрдіңдер ме? Біздің қоғам осындай. Жиі шер тарқатып отыратындарың сондықтан. Іштерің толған – шер-шемен. Бауырларым-ау!

Сендер туралы не айтсам екен тағы да?

«Не айтатыны бар? Осылар жайлы айту керек пе, жалпы? Осындай классик паразиттердің қаптағаны мына өзімізден. Қолдан жасаймыз оларды. Айтып отырған мүшәйраңнан бас жүлде алып береміз. Одан қалды, кітабын шығартуға асығамыз. Сен айтып жүрген классик – біреуді тұқырту арқылы, мұқалту жолымен әдебиеттің көгіне шыққан тұлға. Өтірік деші? Біреуді кездескен сайын жамандай берсе, ол қайдан жаман болмайды? «Жаман» деген сөздің астарында «Әй, мына мен жақсымын. Ұмытпа, мен адалмын. Мен классикпін» деген ниет жатыр».

Тағы да ішім ғой. «Ішім бірдеңе сезеді» деген сөз бар. Өйткені олар сезіммен жүреді. Мына дүние – сезім мен сананың арпалысы. Ал бәрінен бұрын сана тұруы керек. Сана ақылды, сезім әңгүдік. Сендерсіңдер, саналы классиктер. Санаулы классиктер. Біз ол – сезімнің сергелдеңіне түскен.

Сендерге артық сөз айтсам, кешіріңдер. Сын айтсам, айып етпеңдер! Сын демекші, осыдан бастап менің классик бауырларымды сынауды қойыңдар. Әйтпесе, олар сендердің мазаларыңды алып қоймайды. Дәлелдеп, дәйек сөз келтіріп, ит зықыңды шығарады. Менің классик бауырларыммен ойнамаңдар.

«Түк түсінсем бұйырмасын. Дәлелдеу, мойындату, мойындалу. Не деген ақымақтық десеңізші! Рэмбо Верленге мойындалу үшін барған жоқ. Серік, дос іздеп барды. Классик бауырларын келеке қылды. Ал сендердікі не мынау? «Аға, мен ақынмын. Жақсы ақынмын. Классикпін. Сұмдықпын. Дәлелдейін бе? Мына өлеңімді оқып берейінші». Мазасын алып қоймаған соң, «мойындадым» дейді де. Біреудің алдында өлең оқу не деген аянышты десеңізші. «Мені аяшы, аялашы, мақташы, мен соған зәрумін ғой» дейтіндей. Әй, құрып кетсінші».

Бұл классиктер және «толпа» болып жүреді. «Толпа» классик! Қазақша айтсам, мұқалтқандай боламын. Сондықтан орысшалап тұрмын. Абайлап сөйлеуім керек. Әйтпесе мені «итжеккенге» айдап жіберсеңдер… Дүниенің кілті сендердің қолдарыңда тұрған жоқ па?!

«Оны қойшы. Бір қызық әңгіме айтып берейін. Өткенде бір байқау болды. Нағыз концерт көрдік. Турасын айтқанда, спектакль. Бір ақын шықты. Ақын дегенде, кәдімгі әртіс. Өлең оқи жөнелсін. Жарты сағат тұрып алды. Мимика. Зар. Музыка бар екен ғой. Халық шулап жатыр. Біреуі талып қалды. Бір шалдың көзіне еріксіз жас келді. Шапалақ. Бұл шапалақ сол бір «әртістің» бетіне тиюі керек еді. Әттең халық алданып қалды. Қастарына барып, «өлең емес» дейін десең, көре алмаған боласың. Қойшы дедім. Әлгі өлеңді көзбен оқысаң – сылдыр сөз. Құлақпен естіген бөлек те, көзбен оқыған басқа. Көз алдамайды.

Содан әлгі «әртіс» маң-маң басып, сахнадан әзер дегенде түсті. Шедевр оқыдым деп ойлады-ау деймін. Бір-екі адамның қолын алып, бір-екі адамды елемей кетті. Тәкаппарлығы ұстады да қалды. Ішінен қырдым-жойдым деп барады. Ақымақ.

Бір сағаттан соң қорытынды шықты. Марапаттан бұрын қазылар алқасының төрағасы жақсы бір ескерту айтты: «Өлеңді айқайлап оқудың керегі жоқ», – деп. Анау естіп те тұрған жоқ. Ойы көкте, қиялы тіпті шексіз.

Марапаттауды бастап та кетті. Бізде бәрі төменнен басталады ғой. Ынталандыру сыйлығы табысталды. Барлығы мәз-мейрам. Арасында көңілі түсіп кеткендер бар. Арнайы сыйлық алғандар: «Қап! Бір ғана қадам қалды ғой!» – десті. Үшінші, екінші, бірінші, бас жүлде табысталды. Әлгі әртіске үшінші орын берді. Анау сыйлықты менсінбей алып, сахнадан түсіп кетті. Қалған ақын сахнада. Үшінші орынға разы емес.

Әй, ақымақ, үшінші орын түгілі, алғысхатқа да лайық емессің. Немене, кердеңдеп отырсың?! Сенен ауыш жақсы. Өзінің ауыш екенін біледі. Бұл – бір мысал ғана. Сондықтан классик бауырларыңды мақтағанды қой».

Десе десін ішім. Бірақ мен сендерді мақтан тұтамын ғой. Жақсы көремін. Сүйсінген соң айтамын. Жұбатамын деп жылатамын. Әй, менің алтын классик бауырларым! Дегенмен адам өледі ғой. Өлең ше? Соны ескеріңдерші! Жақсылықта кездесейік! Аман жүріңдер! Менің қалам сілтеуіме себепші болған классик бауырларым!

Сәлеммен, Мелодия деген жұмыр басты пенделерің! Сендердің алдыңда «ақынмын» деу асылық болар.

 

«МАҚТАУСТАН» ЕЛІНЕ САЯХАТ

Бір кісі ауырып қалыпты. Хал үстінде екен. Жүзінде бір тамшы қан жоқ. Диагнозы анықталмаған. Тексерсе, барлық жері сау. Дәрігерлер себебін анықтай алмай дал. Академиктердің өзі бас қатырып отыр. Әлемнің мықты деген ғұламалары бас қосып, арнайы талқылайды. Түк нәтиже жоқ. Бір күні әлгі ғұламалар емделуші жатқан палатада зерттеу жүргізіп жатса, бір шал кіріп келіпті. Көрші палатада жатқан қария болса керек. Шал: «Мұнша дәрігер не істеп жүр?» – деп сұраса, медбике жағдайды айтыпты. «Болмайтын нәрсеге бас қатырғаны несі?! Мұның жарасы белгілі», – деген екен. «Не сонда?» – десе: «Мақтау. Бұған мақтау жетіспейді, бәтшағар!» – деп теріс айналып кетіпті.

Дерттің асқынғаны соншалық, ауру жұқпалы дертке айналған. Нәубет ғасырдан-ғасырға жеткен. Мақтау естімеген адамның иммунитеті бұзылып, жүрегі айнитын көрінеді. Ал даттау инфарктіге әкеп соғады. Өзі қауіпті нәрсе екен. Әлгі әңгімені естігеннен кейін «осы мен біреудің обалына қалып жүрген жоқпын ба?!» деп кәдімгідей ойланып қалдым. Құрысын, одан да мақтайын. Егер дәру һәм зәру болса. Кешіріңіздер, қателік жасаған екенмін. Бәрі – мына ақымақ басымның кесірі. Мақтаса, адамның көңілі жадырап, мәртебесі өсіп, марқайып қалады екен ғой. Осы уақытқа дейін «даттау деген – жанымызға жылы тиетін жақсы дүние» деп жүрсем. Ойлап қарасақ, мақтаудың мәртебесі

биік. Өзі сондай абыройлы, елге сыйымды. Мына даттаудың қандай марапаты бар?! Көрінген жерге басын сұғады да жүреді. Жалпы, осы даттауды жеті атасымен қосып даттау керек. Даттауды жер бетінен жою керек деген бастама бастағым келіп отыр. Ешбіріңіздің қарсы болмайтыныңызды білемін. Осымен күресу қажет. Түбімізге жететін – даттау. Тырнақ астынан кір іздеп, сынап-мінейді де жүреді. Бүгіннен бастап күресуге серт беремін деп бекіндім. Мен оның көзін жойдым да. Өйткені сыбайлас болдым. Даттаудың әскерінде жүрдім. Менің көзімді ашқан аға-бауырларыма алғыс айтқым келіп отыр. Алғысы несі, мақтағым келеді. Құлақ атаулы естімеген мақтау айтамын.

Мақтау жақсы жерлерде жүреді. Өзімнің де солардың қатарынан табылатыныма өте қуаныштымын. Даттаған (даттаушылардың көсемі) әскерінде ондай жоқ. Сүреңсіз орындарда жүретінбіз. Ал мақтау ше? Бірде салтанатты жиында, бірде туған күнде, бірде лауазымды адамның қабылдауында, бірде әдеби кеште жүресің. Керемет емес пе?! Әйтпесе даттау құрамында болғанда осындай жиындарға барып, лағынет естігенбіз. Енді мұның бәрі көрген түске айналды. Қысқасын айтқанда, мақтаудың құрамында болғанымды мақтаныш санаймын. Әлгі әңгімені естіген күннен бастап мақтаудың әліппесінен энциклопедиясына дейін оқып тастадым. Қазір ода жырының классиктерін оқып жатқан жайым бар. «Поэзияның биік шыңы – ода» деген жолды қойындәптеріме түртіп қойдым. Тағы біреу: «Сынның межесі – мақтау», – депті. Мұны да есіме сақтап алдым. Жігіттер-ау, сын жазып, біреуді даттап қор болып жүрген екенбіз. Біле білсең, өмірдің мәні – мақтау. Өзі момын, бейбітшілікті сүйеді. Қандай сүйкімді десеңізші!

Биыл «Мақтаныш» деген университетті бітірдім. «Мақтау» мамандығын алып шықтым. Диплом жұмысын қорғау қиынға соқпады. «Мақтау және оның түрлері» тақырыбында диплом жаздым. Дипломды ректорымыз Ғаламат ҒажапҰлы Ғұламаев тапсырды. Ректорды жарысып мақтағанымыз әлі есімде. Арасында ең үздігі – мен. Ректор да менен кем емес. Ғаламат ағамның суреті үйдегі альбомның бірінші бетінде тұратын. Оның орнын Гауһар Алтынқызының суреті алмастырды. Өйткені ол кісі – менің бастығым. Айтпақшы, Гауһар басеке әкесінің емес, анасының атымен аталады. Себебі әкесі Даттаған әскерінің қатарында. Үйінен қудаланған. Даттау өте қауіпті деймін.

Сіздерге Мақтаустан мемлекетіне қалай қабылданғанымды айтуды ұмытып кетіппін. Мақтаустан басшысы қабылдады. Ол кісінің атын жаттау қиын. Есімі қазақ тіліндегі барлық мақтау сөзден құралған. Есімін айту «Мың бір түн» хикаясынан да ұзақ. Мақтанышым деп қысқаша атаймыз.

– Мақта, – деді.

– Сізді мақтауға тіл жетпейді, – дедім. Қуып шықты.

– Сізді мақтау кез келгеннің маңдайына жазылмаған, – дедім екінші күні. Зынданға тықты. Бір ай жаттым. Адам зынданда жатса, ақыл-ой қабілеті күшейе ме, білмедім, Мақтанышымның толық атын жаттап алдым. Ешкім жаттай алмаған. Есімін атап болып, соңында:

– Сізді мақтан тұтамын, – дедім. Содан оң қолы болып шыға келдім. Ант беру кеші өтті. Ант беріп, сөйлеуге... кешіріңіз, мақтауға рұқсат сұрадым. Рұқсатты мақтасаң ғана береді екен. Ол жағынан шебер болып алғанбыз. Рұқсат алған соң былай дедім:

– ...Мырза, сізді мақтан тұтамын! Бұл сөзге әбден лайықсыз. Лайығы несі, сіз мақтау естуге жаралған адамсыз. Сіздің бір ғана қадамыңыз туралы мың ода жазуға болады. Сіздің мына жауыңыз Даттағанның көзін жою керек. Адам емес. Даттағанды мақтайтындар бар екен. Мақтаустан әскерінің арасында сатқын бар. Даттағанды мақтаған адам – Мақтаустан әскерінің сарбазы. Міне, біз осыны пайдалануымыз керек. Даттағанды мақтап, оған арнап ода жазып, құрту керек. Біз оны мақтап-мақтап, мақтаусыз өмір сүре алмайтындай қыламыз. Маған сеніңіз. Олардың әлсіз жерін білемін. Содан ол еріксіз Мақтаустан әскеріне қосылады. Міне, саясат қайда жатыр?! Біз осы әдістің арқасында жеңіске жетеміз. Айып етпеңіз, сіз жетесіз. Жер бетінде Даттағанның бірде-бір ұрпағы қалмайтын болады. Үрім-бұтағымен қоса жоямыз. Қарусыз соғыс деген – осы. Барлығымыз Мақтанышым мырзаға қол соқтық.

– Мақтанышым гений! – деді біреу.

– Тапқырлығын-ай!.. – деп сүйсінді екіншісі.

– Ақылын айтсаңшы! – деп шықты бір қария.

Сол күні Мақтаустан халқына Мақтанышымның «Мақтанышымның жаңа реформасы» атты хаты жолданды. Содан бері хат халықтың қазынасына айналды. Ұйқысынан ояна салып, күнін хаттан бастайтын болды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады.

Біреу ауырса – мақтаймыз, біреу жыласа – мақтаймыз, біреу мақтаса – мақтаймыз. Айналамның бәрі – мақтау. Даттаған көкем Мақтаустанның азаматтығын алғалы жарты жыл болып қалыпты. Нөкерлерімен келген. Барлығы күрт өзгерген. Мақтаудың шебері. Бірақ осы күндері ішім бірдеңеден сезіктеніп жүр. Бәрі тамаша болып кеткен сияқты ма, қалай? Неге алаңдаймын? Не үшін? Мақтаустан керемет ел емес пе? Даттаудың пайдасы жоқ екенін білесің. Елең-алаң. Үнсіздік. Екеуін де тастап кетейін бе? Мен кетті екен деп, дүние құрып кетпейді. Шаршадым. Түк ойламасам ше? Әй, бірақ бұлар рұқсатсыз кіре береді. Мейлі кірсін, бағынбаймын. Менің жанымды жылытатын – мақтау. «Өтірік». Шын сөзім. «Алдама». Ақымақ, мен де топырақтан жаралған пендемін. «Адам бол». Құры, мен саған бәрібір бағынбаймын. Жолама. Айтшы, маған тигізген бірде-бір пайдаң бар ма? Жоқ. Адам құсап өмір сүремін. Маған мақтау жарасады. Екеуіміз бір бүтінбіз. 

Бір күні досым:

– Мақтау жетіспеген кісінің кім болғанын білесің бе? – деп сұрап, артынша өзі жауап берді.

– Шындықты бетке айтатын бірбеткей азамат болған.

– Қалайша?

– Әдісін өзің айттың емес пе?! Мақтау. Мақтауға құныққаны соншалық, Мақтанышымның

орнына таласқан. Содан оны ешкім мақтамай қойған. Байқа, сенің түбіңе мақтау жетеді.

Сол күннен бері сан түрлі ой мазалайтын болды. Үмітті серік қылдым. Өте ыстық. Дегенмен күн өткен сайын суыды. Қазір денемді мұздататын болды. Бір білгенім – үміт қауіпті. Не өлі, не тірі емеспін. Мына күйімді үміттен көрейін бе, ойымнан ба? Жоқ, мен үмітті айыптаймын. Барып тұрған алдамшы! Сүймеймін! Ешкімді...

Көз алдым бұлдырап кетті. Ауруханадамын. Аппақ бірдеңелер көрінді. О дүние ме? Әй, құрып кеткір, дәрігерлер екен! Күбір-күбір. Бір кезде дауыстары анық естіле бастады. Мақтанышымның жеке дәрігері сөйлеп жатыр:

 – Барлығын мақтаумен емдейтін едік. Ал мынаған әсер етпейді. Бұған мақтау емес, басқа нәрсе керек. Даттау ғана емдейді. Ал даттайтын адам табу – қиынның қиыны. Шара жоқ.

Бірде ақсақал көрінді. Көзіме тіке қарады. Аузы жыбырлайды. Ести алар емеспін. Бірақ дәрігерлерді естіп жатырмын. Кеудемде өкініш оты тұтанды. Не болып кетті? Бұл кім? Мені алып кетуге келді ме? Неге мен естімеймін? Ең болмаса бір ғана сөзін естіртші, о, Құдайым!

– ...Тұр, балам, тұра ғой. Жұмысқа кешігесің. Түні бойы сандырақтап шықтың. – Анам. Жылағым келді. Артынша қуандым. Мұның барлығы түс болғаны үшін бе, әлде үміттің үзілмегеніне ме? Ол арасына көзім жетер емес...

 

БАЙҚАМПАЗ ҚАЗАҚҚА ДЕТЕКТИВ АРТЫҚ ЕТПЕС

Детектив жанрын жеңіл дүние десек, әрине, қателесеміз. Бұл ағымның бірнеше тармағы бар. Классикалық, тарихи, психологиялық болып жалғаса береді. Детектив дегенде, есімізге Артур Конан Дойльдың «Шерлок Холмс пен доктор Ватсоны» түседі. Одан әрі Агата Кристидің детективтері қылаң береді. Бірақ бұл жазушылар – америкалық ақын, жазушы Эдгар Аллан Поның жемісі, әрине. Бұл жанрдың негізін қалаушы – осы Эдгар По. Детективтің күрделілігі сол – жазушы қылмыскер мен тергеушінің, одан қалды, куәгер мен жәбірленушінің психологиясын, мінезін, пайымын білу керек. Маңыздылығы – оқырманға қылмыскердің кім екендігін жеткізуінде.

Бізде ше? Бұл жанр қазаққа жат дейміз. Қазақтың менталитетіне келмейді дейді-міс. Кешірерсіз, бірақ дәл осы жанр тікелей бізге қатысты. Бұл жанрдың бастауы бізден, қазақ жерінен басталуы керек еді. Себебі де бар. Қазақ өзі – байқампаз халық. Қанында тергеушілік те жоқ емес. Қазақ адамды руына, шыққан тегіне қарап, оның қандай тұлға екендігін айтып береді. Сөз басын сауалдардан бастайды. Құдды бір өзіңді тергеушінің алдында отырғандай сезінесің. «Қай баласың? Қай елсің? Әкең кім?». Біз сауал қоюшы елміз ғой, негізі. Детективтің басты тақырыбы – қылмыс. Ал қылмыс ел, ұлт таңдамайды. Сондықтан бұл жанр қазаққа бөтен емес. 

Бұл жанр бойынша қалам тербеген жазушы жоқ емес, бар. Қазақ детективінің ізашары – Кемел Тоқаев. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары Тоқаевтың қаламынан «Сарғабандағы оқиға», «Таңбалы алтын», «Арнаулы тапсырма», «Солдат соғысқа кетті», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» сынды детективтер дүние келді. Содан бері жарты ғасыр өтті, қазақ даласында детектив әлі де туған емес. 

Оқырманның басым көпшілігі детектив пен фантастиканы оқиды. Және эротикалық шығармалар да бар. Көркем әдебиетті оқитындар сирек. Оған кітапханада жүрген кезімде көзім жетті. Ақын досым Жәлел Шалқаров кітапханада жұмыс істейді. Турасын айтқанда, кітап беру бөлімінде. Байқағанымыз – оқырмандар қазіргі детектив жанрында қалам тербеп жүрген жазушы Дарья Донцованы көп оқиды. Бірақ олар оқитын кітаптардың қатарында жоғарыда айтқан Эдгар По, Артур Конан Дойль, Агата Кристилер жоқ. Шын детективтің інжу-маржаны соларда ғой. Олар оқитын Донцованың он кітабы Поның бір кітабына да татымайды.

Иә, рас, қазіргі детектив бизнес көзіне айналды. Арзанқол дүниелердің беретіні – адамның уақытын алу ғана. Ал шығарма оқырманға ой салмаса, оның несі шығарма болмақ? Тұрмыстық сөздерден құралатын детективтерде шытырман оқиғалар болғанмен, онда сөз, уыт жоқ. Оқырман шығармадан қылмыскерді емес, қылмыскердің бұл жолға не үшін барғандығын іздеу керек. Детективтің екінші аты – логика. Одан әрі – геометрия, есеп. Геометрия деуімізге Поның «Алтын қоңыз» шығармасы дәлел бола алады. «Алтын қоңызда» қазынаны осы геометрияның арқасында табады. Әрине, детективке жан-жақтылық керек. Мысалы, криптограмма деген ғылым бар. Бұл ғылымды шығармаға енгізген – тағы да сол Эдгар По. Криптограмма – сандармен жасырылған сөйлем. Сол криптограмманы осы Донцовалар біледі ме екен? Бірақ бұлар детективті сериалдың тіліне айналдырып жіберді емес пе? Детективтің құны кетті. Әлемге нағыз детектив керек. Әсіресе қылмыстың өршіп тұрған кезінде. Сондықтан біз детективтің оқылымды заманында сол жанр арқылы ойымызды жеткізуіміз керек. Детективтің құнын қайтару – біздің мұратымыз. 

Детективтің кейбір элементтері шығыста жатыр. Бұл жайлы Әмірхан Балқыбектің келтірген дерегі бар. Әбу-л-Фарадж есiмдi қаламгердiң «Ғажайып әңгiмелер» жинағындағы бір әңгімені келтіреді. Әңгіме өзегі энциклопедист ибн Сина мен тамыршы жайлы өрбиді. Қуғынға ұшыраған ибн Сина Сирияның Дамаск қаласына тап болады. Көшеде келе жатып, тамыршы мен жебірей келіншектің әңгімесін құлағы шалып қалады. Тамыршы сонда келіншектің қожайыны жебірей екендігін, шаһардың түстік жағында тұратынын, кешегісін қожайыны айран ішкендігін дәл айтып береді. Бұған таң қалған ибн Сина тамыршыдан мұның мән-жайын сұрайды. Сонда әлгі тамыршы: «Жебірейлер тек жебірейлерге ғана қызмет етеді және олар шаһардың түстік жағында тұрады, ал келіншіктің көйлегінде айран дағы бар екен. Қожайынының айран ішкенін содан білдім. Сіздің ибн Сина екендігіңізді де білемін. Өйткені ибн Сина ғана осындай жағдайларға қызығушылық білдіреді», – деген екен. Әңгіме осылай аяқталады. Енді мұны детектив емес деп қайдан айтасыз? 

Әңгімемізді әрі қарай Эдгар Поның өмірі мен ажалы жайлы дамытсақ. Ақындар шишаға жақын келеді деп жатады жұрт. Солай шығар. Бірақ қаныңды басыңа шаптыратын жайт – ақындардың аузына шарап бармаса, жаза алмайды-мыс деген төркіндегі қаңқу. Мәселенің байыбына бармай, өнер адамдары мас күйінде туындысын дүниеге әкеледі дейтіні несі? Сорақы қателік. Қателік емес, бұл – барып тұрған айыптау. Ешкім ішіп жазбаған. Сол сияқты, Эдгарды да айыптайтындар бар. Әке-шешесінен ерте айырылған ол Алландар отбасында өмір сүреді. Ауқатты тірлік кешеді. Бірақ Алландар әулеті Поның тәртіпсіздігі кесірінен оның оқу төлемін өтеуден бас тартады. Поның қаңғыбастық өмірі осы жерден бастау алады. Ол кезде Эдгар небәрі 17 жаста. Содан соң По Мария Клемм атты тәтесінің үйінде тұрады. Тәтесі Верджиний атты қызымен түтін түтетіп отырған еді. Эдгар Вирджинийді ұнатып, тұрмыс құрады.

Қыз 13-те болса, По 27-ге ат басын тіреген кезі еді. Он екі жылдан кейін Вирджиний ауруға шалдығып, жиырма бес жасында дүниеден озады. Эдгарға сүйіктісінің қазасы ауыр тиеді. Арада екі жыл өткен соң Эдгар По да дүниемен қош айтысады. Эдгардың өлімі осы уақытқа дейін жұмбақ болып келеді. Оның өлімі төңірегінде бірнеше нұсқа бар. Ұлы адамдар осылай жұмбақ өледі-ау, шамасы. Есенинді бірі асылды десе, бірі ол чекистердің қолынан мерт болды деп жатады. Маяковский, ресми дерек бойынша, өз-өзіне қол жұмсап өлді делінеді. Бірақ кейінгі зерттеулерге назар аударсақ, ақынның қолындағы қару мен атылған оқ сәйкес келмейді екен. Мұндай тұжырымдар көп. Эдгардың өлімі жайлы нұсқалардың бірінде оны ит қауып алғаны айтылады. Біз білетін нұсқада ақынды есін жоғалтқан күйі тауып алады көшеден. Емханаға түсіп, арада төрт күн өткен соң дүние салады. Бірақ ол есін жоғалтатындай не болды екен? Бір нұсқасы бар. Сол күні Балтиморда сайлау науқаны болған. Белгілі бір үміткерлердің жеңісін қамтамасыз ету үшін қаңғысбастарды бөлімшеден бөлімшеге тасып, ұрған-соққан, арақ ішкізген. Эдгардың да солардың арасына тап болуы мүмкін делінеді. Соққының кесірінен бас сүйегіне зақым келген. Есін жоғалтуы – соның салдары. Поның соңғы хаты бар: «Аспан мені қарсы алып жатыр және Алла Тағала маңдайға жазылған тағдырымның нүктесін қойды. Ал ібілістерді қан мен терге иленген менің қапалы ғұмырым күтуде». Таң қаларлығы – сандырақтап жатса да, соңғы сөзін айтып кетті. «Қарға», «Морг көшесіндегі қылмыс», «Алтын қоңыз», «Қара мысық» шығармалары авторының ғұмыры осылай аяқталды. Дәлірек айтқанда, басталды. Детективтің атасы дүниеден озғанда, қош айтысуға санаулы адам ғана келген екен. Қынжылтарлық жағдай, әрине. Бірақ Эдгардың рухы мәңгі тірі. Бір қызық дерек бар. Жыл сайын бір жұмбақ табынушы ақын қабірінің басына келіп тәу етеді екен. Үшбу хат пен бір шиша коньяк тастап кетеді дейді. Ақынға деген құрметтің бір түрі – осы. Бұл жұмбақ табынушы 1988 жылы дүниеден озыпты. Бұл жайлы ақынның келесі жұмбақ табынушысы хабардар еткен. Эдгардың өмірі туындысына айналды деген – осы да. Шытырман мен жұмбаққа толы. Өмірдің өзі – детектив, өмірдің өзі – шытырман...