– Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірлері мен бастамалары түркі әлемінің рухани тұрғыда оянуында айрықша рөл атқарды. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары арқылы басталған ұлттық жобалар тек Қазақстан үшін ғана емес, түркі дүниесінің тарихын қайтадан тануы мен өзгеге танытуына жол ашып, бағдар берген еді. Оның Түркістан қаласын облыс орталығы ету және осы атауды тұтас бір аймаққа беру жөніндегі шешімі түркі әлемінің назарын бірден аударғанын да естен шығаруға болмайды. Бұл өңір экономикалық және мәдени тұрғыдан Қазақстанның жаңа белестерді бағындыруына жол ашатын бастамаларға ұйытқы болуы мүмкін, сонымен қатар аймақ түркі әлемі ынтымақтастығы мен туризмінің жаңа орталығына айналары хақ. Міне, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы бірнеше жылдағы шешімдерінің өзі бауырлас халықтардың тағдыр талайына қалай ықпал еткенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы түркі әлемі интеграциясына қызмет етіп келе жатқан ортақ ұйымдардың құрылуына ұйытқы болған тұлға. Түркі кеңесі, Түрк ПА, Түркі академиясы тәрізді ұйымдар осы құрылымдардың көш басында келеді. Қазір аталған ұйымдар бауырлас халықтардың рухани, мәдени тұрғыда бір-біріне мейлінше жақындаса түсуіне қызмет етуде. Әрине, түркі халықтарының басын қосуды армандаған тұлғалар бұрын да болған. Мұстафа Кемал Ататүрік те түркі дүниесінің ынтымақтастығы мен интеграциясын армандаған қайраткер еді. Алайда Ататүрік заманының талаптары мен жағдайы мүлдем басқа болатын. Назарбаев араға жылдар салып Ататүріктің алысты көздеген мақсатына сәйкес келетін деңгейде Түркі әлемінің бір ш аңырақ астына жиналуына жетекшілік етіп келе жатқаны байқалады. Ол 1992 жылдан бері өтіп келе жатқан Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының барлық саммиттеріне қатысқан жалғыз тұлға. Сондықтан былтыр Елбасы өз өкілеттілігін тоқтатқан соң, Түркі кеңесі оны ұйымның өмір бойғы Құрметті төрағасы етіп сайлады. Бұл бастаманы Түркия тарапының ұсынғанын ескерсек, Назарбаевтың түркі әлемінің абызы, ақсақалы екеніне осынау бастаманың өзі дәлел болады. Ал Назарбаев Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы болып сайланған соң ұйымға Өзбекстан мүше болды. Алдағы уақытта Түркіменстанның да ұйымға қосылуы ғажап емес. Өйткені Елбасының беделі мен көрегендігін түркімен бауырлар да біледі әрі Н.Назарбаевтың бауырлас халықтардың мүддесін ешқашан назардан тыс қалдырмайтынын көріп те жүр. Негізі Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқанда оның Түркі дүниесі үшін ғана емес, аймақтық, тіпті жаһандық тыныштық үшін барын салатын тұлға екенін атап өтпеуге болмайды. Оның ядролық қаруды таратпауға бағытталған бастамаларын БҰҰ деңгейінде жаһанның көптеген мемлекеттері, саясаткерлері қолдағаны есімізде. Одан бөлек Сирия дағдарысын шешуге бағытталған ұсыныстары «Астана процесі» аталған пікір алаңына ұласқан болатын. Түркия–Ресей қатынастарының түзелуіне қосқан үлесі де зор. Мұны дипломатияның тамаша үлгісі ретінде бағалауға болады. Одан бөлек Елбасының беделі түркі халықтарының арасында да өте зор екенін айта кету керек. Яғни саясаткерлер ғана емес, қарапайым адамдар да Назарбаевты жақсы көреді. Мәселен, Түркияда жасалған бір сауалнамада респонденттердің 90 пайызға жуығы Назарбаевты түркі дүниесінің көшбасшысы ретінде бағалаған. Сөйте тұра, былтыр 19 наурыз күні қабылдаған шешімін түркиялықтардың 69,4 пайызы «дұрыс қадам» деп бағаласа, 23,3 пайызы оның қызметтен кетуіне қимастық танытқан. Дегенмен Елбасының былтырғы шешімі түркі дүниесінде билік транзитінің жаңа үлгісін қалыптастырумен де тарихта қалатыны айқын. Әрі ақылгөй абыздың ізбасарларын баулығанындай, Қазақстанның жаңа буын жетекшілеріне қолдау білдіріп келе жатқаны да ерекше тәсіл. Кейде өз басым Назарбаевтың қазіргі рөлін Білге қаған мен Күлтегінге кеңес берген Тоныкөктің даналығына ұқсатамын.
Куршад ЗОРЛУ, саясаттанушы, Түркия