Мәжіліс фонограмманы пайдаланғаны үшін салынатын айыппұлдың көлемін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов мәлімдеді.
Қазіргі заң бойынша концертте фонограмма пайдаланылатыны жайлы көрерменді ескерту керек. Ал алдағы уақытта 200 адамнан артық жиналған жерде фонограмманы пайдалануға толығымен тыйым салынады.
"Қазіргі таңда мәжіліс депутаттары фонограммаға тыйым салу мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жаңа норманы кіргізіп отыр. Онда 1 000 айлық есептік көрсеткішке (2025 жылда - 3 932 000 теңгеге) дейін айыппұл салу қарастырылған",-деді А. Сыдықов Сенаттың бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, фонограммаға тыйым салу мәселесіне жергілікті атқарушы органдар жауапты болады.