ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама штаттарына жасаған сапарына оң бағалап, бұл жүздесу — екі ел арасында ресми кездесу тарихтың жаңа беті дейді.
"Әр келісім біздің ертеңімізге қызмет етеді" – Бибігүл Жексенбай
536
оқылды
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама штапттарына жасаған сапарына оң бағалап, бұл жүздесу – екі ел арасында ресми кездесу тарихтың жаңа беті дейді.
– C5+АҚШ саммиті – бұл тек елдер арасындағы ресми кездесу емес. Бұл – тарихтың жаңа беті. Орталық Азия мен Американың арасындағы кеңістік бұрын да бар еді, бірақ енді ол нақты мазмұнға ие бола бастады. Саммиттің мәні – геосаясаттың сыртында, ол – сенім мен серіктестіктің бастауы. Қазақстан үшін бұл жиын – экономикалық есептен гөрі, даму философиясын қайта пайымдау мүмкіндігі.
Бүгін біз инвестиция, экспорт, жасыл энергия деп айтамыз. Бірақ шын мәнінде бұл – елдің жаңа сапаға өту жолы. АҚШтың Орталық Азияға құйған инвестициясының 80 пайызы Қазақстан үлесінде. Бұл сенімнің көрінісі.
Америкалық капитал мен технология келсе, ол тек зауыт салу емес, ойлау мәдениетін өзгертудің де бір көрінісі болмақ.
Транскаспий бағыты туралы сөз қозғалғанда, бұл тек теміржол мен порт емес. Бұл – жаңа артерия, жаңа тыныс. Сауда керуендері ежелгі Жібек жолымен өткен сияқты, бүгінгі жүк пойыздары мен кемелер де ел мен елді, мәдениет пен идеяны жалғайды. Қазақстан үшін бұл жол – өз әлеуетін тану жолы да болатыны сөзсіз, – дейді Бибігүл Жексенбай.
Оның айтуынша, C5+АҚШ саммиті – Орталық Азия елдері мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейі. Бұл формат Қазақстан үшін нақты экономикалық және технологиялық мүмкіндіктерге жол ашуда.
– Саммит аясында АҚШ пен Қазақстан жасыл энергетика, сирек жер металдарын өндіру мен қайта өңдеу, агроөнеркәсіп және жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды да талқылады. Бұл бастамалар Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға, заманауи технологияларды енгізуге және экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қазақстанның америкалық бизнес үшін өңірлік хаб ретіндегі рөлі артып келеді. Бұл шетелдік капиталдың келуін, өндірістік тізбектерге америкалық стандарттар мен инновациялардың енуін қамтамасыз етпек. Басты назарда – Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ). Америка бұл бағытты Қытай мен Еуропаны байланыстыратын баламалы әрі қауіпсіз сауда дәлізі ретінде қарастырады. Қазақстан үшін бұл бағыт – көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, логистикалық қызметтердің сапасын арттыруға зор мүмкіндік. Порт инфрақұрылымына инвестиция тарту, «жасыл логистика» стандарттарын енгізу мәселелері де қарастырылуда.
Мұның барлығы еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтіп, Қазақстанды Орталық Азиядағы басты көлік торабы ретінде бекітеді. Инфрақұрылымды жаңарту – тек темір мен бетон емес, ұлттың ертеңге деген сенімін жаңарту.
Бүгінгі әлемде байлық – жер қойнауында емес, ақпарат пен идеяда. Яғни цифрландыру мен инновация — біздің болашақтың есігін қаққан тұсымыз. Қазақстанның 93 пайызы интернетпен қамтылуы, цифрландыру бойынша әлемдік рейтингте 24 орында болуы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Astana Hub сияқты орталықтарда туатын стартаптар – тек бизнес емес, елдің жаңа буынының ойлау тәсілі. Жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, киберқауіпсіздік — мұның бәрі экономикалық терминдер ғана емес, өркениеттің жаңа тілі.
Егер біз сол тілді меңгерсек, әлем бізді тыңдайды. Саммит алаңында қаншама кездесулер өтіп жатыр. Бірақ бұл кездесулердің әсері әлі алда. Мәселе тек келісімшарттарда емес, сол келісімдердің артында тұрған көзқараста.
Біз өз дамуымызды сырттан келетін күшпен емес, өз ішіміздегі сеніммен жалғауымыз керек.
Сол сенім барда – әр саммит, әр келісім біздің ертеңімізге қызмет етеді. Мемлекет басшысының ел мүддесі жолындағы сапарының түп мақсаты да осы, – дейд ол.