Ақтөбе облыстық прокуратурасы 3,2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, аталған қаражат автожолдарды салу және жөндеу, аумақтарды абаттандыру және өзге де әлеуметтік маңызы бар қажеттіліктерге жұмсалуы жоспарланған.
– Прокуратура тарапынан Ақтөбе қаласындағы Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы автомобиль жолын орташа жөндеу шартының құнын негізсіз арттырудың алдын алу шаралары қабылданды.
2022 жылы Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «Нұрлы Жол-7» ЖШС арасында аталған жолды орташа жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңге сомасына шарт жасалған.
Алайда жеткілікті негізсіз жоба-сметалық құн қайта есептеліп, шарт сомасы 1,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған.
Прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде шарт сомасы 300 млн теңгеге төмендетіліп, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алуға мүмкіндік берді, – делінген хабарламада.
Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда және прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.