Бас прокуратураның сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды.
Кісі өлтіріп, 17 жыл халықаралық іздеуде жүрген күдікті Қазақстанға экстрадицияланды
762
оқылды

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Литва Республикасынан 17 жыл бойы кісі өлтіру және атыс қаруын заңсыз сақтау фактілері бойынша іздеуде болған Қазақстан азаматын экстрадициялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бас прокуратураның мәліметінше, 2007 жылы күдікті сыбайласымен бірге заңсыз жолмен баю мақсатында Алматы қаласына келген.

Олардың қылмыстық әрекеті өзге қылмыстық топ өкілдерімен жанжалға әкеліп, соның нәтижесінде олардың бірін өлтіруге шешім қабылдаған.

– 2008 жылғы 19 мамырда күдіктілер өздерінің қылмыстық ниеттерін жүзеге асырып, жәбірленушіні өз үйінің ауласында тосып алып, оған бірнеше рет оқ атқан. Соңғы оқ басынан тиген, яғни «бақылау» оқ болған. Алынған жарақаттардан жәбірленуші оқиға орнында қаза тапқан, - делінген хабарламада.

Қылмыс жасағаннан кейін күдіктілердің бірі ұсталып, кейін сот үкімімен сотталды, ал екіншісі жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.

– Жазадан жалтару мақсатында күдікті анкеталық деректерін өзгертіп, Еуропа аумағында жасырынған. 2025 жылғы тамыз айында Литва Республикасының шекарасын кесіп өту кезінде ұсталды, - делінген хабарламада.

Кейіннен Бас прокуратураның сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.

Айыпталып отырған қылмыстар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеу түріндегі жаза көзделген.