Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысты.
Ауыл шаруашылығының әлеуеті зор
1,133
оқылды

Дәстүрлі жиынға 2 мыңнан астам адам, соның ішінде ауыл шаруа­шы­лы­ғы өнімін өндірушілер, салалық қауым­­дастықтар мен халықаралық ұйым­дар өкілдері, инвесторлар, арда­гер­лер, сондай-ақ аграрлық сала ма­ман­дықтарында оқып жатқан студент­тер жиналды.

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне ри­зашылығын білдірді.

– Ең алдымен, барша ауыл шаруа­шы­лығы еңбеккерлеріне кәсіби мере­ке­леріңіз құтты болсын деймін. Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адам­дары­ның мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шар­уа­­­лар – бәрі де еліміздің өсіп-өр­кен­деуіне зор үлес қосуда. Қажырлы ең­бек­теріңіз үшін Сіздерге шынайы ри­за­­шы­лы­ғым­ды білдіремін. Ауыл шаруа­шы­лы­ғы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы. Бүгін, міне, ауыл шаруашылығына ар­налған екін­ші форумды өткізіп жа­тыр­мыз. Алқалы жиынға ауыл-аймақ­тар­дан көптеген бі­лікті мамандар арнайы келіп, қа­ты­сып отыр. Сондықтан бү­гін­­гі форумды жал­пыұлттық ауқым­да­ғы басқосу деу­ге болады. Жаңа сөз сөйлеген аза­мат­тар салмақты ойларын айтты, ұсы­ныс­тарды мұқият қарап, міндетті түрде ескеру қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы биыл еліміздің ди­қан­дары 27 миллион тонна астық жина­ға­нын тілге тиек етті. 

– Ауыл шаруашылығы әрдайым мем­ле­кет назарында. Президент ретінде мен осы са­ланың қарқынды дамуына ерекше мән бе­ре­мін. Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бе­кер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көр­сет­кішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішін­де Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 миллион тонна) ие болды. Қыркүйек айын­да егін орағының барысын көру үшін об­лысқа арнайы барғанымды білесіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазір халқымыздың 37 пайы­зы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұ­ра­ты­нын, сондықтан ауыл – халқымыздың та­мы­ры, рухани қазығы екенін жеткізді. 

– Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын да­мыту мәселесіне жалпы ауыл-ай­мақ­тар­ды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз соңғы жылдары ауқымды ре­формалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің не­гізгі көрсеткіштері тұрақты. Биылғы он ай­да экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Со­ның ішінде ауыл шаруашылығы да қар­қын­ды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы не­гізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайыз­ға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз бо­лып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. 

Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуе­тін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайы­лымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек, қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қа­жет. Соңғы он жылда ауыл шаруа­шы­лы­ғы­ның жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғ­ни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион тең­геге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көр­сеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа. Ұлт­тық даму жоспарымыз бар, мақсат-мін­дет­теріміз де – айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже. Сол себепті алды­мен ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерек­ше назар аударатын өзекті мәселелерге тоқ­талып өткім келеді, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін егін шаруа­шылығын дамыту бағытында біраз жұ­мыс жүргізілгенін, жақсы нәтижеге қол жет­кізілгенін баяндады. 

– Енді мал шаруашылығына баса мән беруі­міз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға бо­лады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қа­жет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның са­нын көбейту – оңай шаруа емес, өте күр­делі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көр­сетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға жә­не асылтұқымды мал алуға мемлекеттен суб­сидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 миллиард теңгеден астам қар­жы бөлінді. Сондай-ақ шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен не­сие алуға мүмкіндік бар.

Жолдауда мал шаруашылығы сала­сын­дағы агробизнесті қолдау жоспарын әзір­леу­ді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халық­аралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтай­лы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік цик­лін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайы­лымдық жерлерді тиімді әрі ауыс­тырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, ве­те­ринария саласындағы жағдай мәз емес еке­нін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл са­ланы материалдық-техникалық тұрғыдан қам­тамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің ең­бек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек. 

– Екінші. Бұл – жер мәселесі. Халық жер­дің игілігін көруі керек. Мен бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бердім. Бүгін осы мәселе бойын­ша министр баяндады. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруа­шылығы жері мемлекетке қайта­рыл­ды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сон­­дықтан Жолдауда мемлекетке қайта­рыл­ған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу ту­ралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жү­зінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет.

Үкімет қазір мал шаруашылығы сала­сын­­дағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жа­тыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғын­дарына және нақты жоспары бар инвес­тор­ларға берілуге тиіс. Келесі жылдың орта­сын­да қабылданатын бұл құжатта осы мә­­селенің шешімдері айқын көрсетілуі ке­рек. Тағы бір түйткіл – жерге берілетін ке­піл­дік құнның төмен болуы. Кадастрлық ба­­ғалау жүйесі қазіргі нарықтағы шынайы ахуал­­ға мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мә­­­селеге назар аударуы керек, кадастрлық құн­­ды айқындау тәсілін қайта қарауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, жер қатынастары са­ласындағы кедергілер қазіргі заманға сай шаруа­шылықтар құруға бөгет болып отыр. Жолдауда Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифр­лық картасын әзірлеуді тапсырғанын еске салды. Құзырлы министрліктер осы маңыз­ды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күн­нің ішінде баяндауы керек. 

– Келесі мәселе. Жер телімдері элект­рон­ды конкурс арқылы берілуі қажет. Жер ал­ған азаматтардың ең басты міндеті – жер­ді тиімді игеру, яғни берілген жерді кәдеге жа­рату. Бұған қоса, жер ресурстарына мо­ниторинг жүргізу тәсілдерін қайта қарау қа­жет. Қазір ауыл шаруашылығы жерлеріне қа­тысты деректер толық емес. Мұндай ахуал жерге бақылау жасауға және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алуға кедергі кел­тіреді. Жерді бөліп-тарату үдерісі бойын­ша ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев су қой­маларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде екенін сөз етті. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға ай­налып отыр. 

– Агросекторда заманауи су үнемдеу тех­нологиялары енгізіліп, суды көп қажет ете­тін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл үл­кен жұмыстың басы ғана. Сарап­шы­лар­дың есебінше, алдағы үш жылда су үнем­деуші технологиялар кемінде бір миллион гек­тарды қамтитын деңгейге жетеді. Цифр­лық шешімдерді енгізу және жобаларды жү­зе­ге асырудың барлық кезеңін қатаң бақы­лауға алу арқылы су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн. Су шаруа­шылығын жаңғырту бойынша жұмыс жет­кілікті, алайда бұл ауыл шаруашылығы са­­­­­­ласын дамыту жоспарымен өзара бай­ла­ныс­ты болуға тиіс.

Біздің ведомстволар түрлі жоспарлар мен жол карталарын әзірлеумен әуестеніп кет­ті. Тіпті, оның көбі өз араларында келі­сіл­мейді, жүрдім-бардым жасалады. Мұн­дайды доғару керек. Мемлекет жұмсаған әр тиын­ның қайтарымы болуға тиіс. Бұл даусыз. Қаржыны заманауи су пайдалану тех­нологияларын белсенді қолданатын өңір­лерге беру қажет. Сондықтан Ауыл шаруа­шылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурстарын бас­қару жөніндегі бас жоспарына енгізілуге тиіс, – деп тапсырды Президент.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп ке­ше­нін қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру ке­рек екеніне назар аударды. Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 трил­лион теңгеден асты. Бұл – осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. 

– Несие қолжетімді болуы үшін банк­терге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілді. Биыл «Даму» қоры 1300 несиеге кепілдік берді. Сөйтіп, несие алу­ға мүлкі жеткіліксіз көптеген шаруаның, әсіре­се, шағын және орта деңгейдегі фер­мерлердің мәселесі оң шешімін тапты. Елі­мізде өндірілетін техника жеңілдетілген ли­зингпен беріле бастады. Бұл әбден ес­кірген техниканы жаңартуға арналған өте тиімді шешім болды. Төрт жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы тозып тұрған еді. Бұл көрсеткіш биыл 70 пайызға дейін төмендеді. Осы бағыттағы жұ­мысты бизнес өкілдерімен бірлесіп, әрі қарай жалғастыру қажет. 

Қазір шаруалар алып жатқан тех­ни­ка­ның 90 пайызы Қазақстанда шығарылған. Елі­м­іздегі 10 зауытта осындай 19 түрлі тех­ни­ка құрастырылады. Олардың қатарында әлем­ге танымал брендтер бар. Жақында Аме­рика Құрама Штаттарына жұмыс сапа­рым кезінде John Deere компаниясымен бір­ге құны 2,5 миллиард доллар болатын ст­ратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес алдағы бес жыл­да елімізде 3 мыңға жуық заманауи тех­ника шығарылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент агроөнеркәсіп кешенін цифрландырумен нақты айналысқан жөн еке­нін жеткізді. 

– Өздеріңізге мәлім, жаппай цифр­лан­дыру және барлық салаға жасанды ин­тел­лект технологиясын енгізу Жолдауымда ба­с­ты міндет ретінде аталды. Ауыл шаруа­шы­лығы үшін мұның мәні өте зор. Себебі жаңа технологиялар шығынды айтарлықтай азайтып, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ақмола облысында өткен кеңесте жи­налған өнімді тиісінше сақтау және шы­ғынды мейлінше азайту шараларын қам­та­масыз етуді тапсырдым. Еліміздегі көп­теген шаруа қожалығының қаржылық тұрақ­тылығы осыған байланысты.

Алдымызда цифрлық технологиялар жә­не жасанды интеллект элементтерінің кө­мегімен мемлекеттің бидай қорын есепке алатын және бақылайтын тиімді жүйе құру мін­деті тұр. Ол үшін қолданыстағы астық қам­баларын жаңғыртып, заманауи эле­ваторлар салу қажет. Бидайды қабылдауды жә­не жөнелтуді есепке алатын электрондық жүйенің болуы жеке элеваторлар құ­ры­лы­сын қаржыландыру бағдарламасының мін­детті бір шарты болуға тиіс. Бүгінде көп­те­ген шаруалар технологиялық жаңа­шыл­дықты (смарт-ферма, агродрон, жер серігі тех­но­логиясы және ЖИ) белсенді қолдана бас­та­ды. Бірақ жалпы ел көлемінде қандай да бір жүйелі өзгерістер болып жатыр деп ай­ту­ға әлі ерте, – деді Мемлекет басшысы.

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев аг­ро­өнер­кәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйе­лерді интеграциялауды тапсырды. 

– Жекелеген «ақылды» шешімдерден то­лық цифрландырылған агроөндіріске кө­шу керек. Әрбір шаруашылық цифрлық тех­нологияларды пайдалануға ниетті бол­ғаны жөн. Мемлекеттік қолдау өндіріске ин­новацияны, соның ішінде жасанды ин­теллект технологияларын енгізіп жатқан кә­­­­­сіпорындарға берілуі қажет. Агроөнер­кәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді оңтайландыруды жалғастырған дұрыс. Қа­зір олардың арасында байланыс мүлде жоқ деуге болады. Көп жағдайда шешімдер қате статистика негізінде қабылданады. Ұлт­тық ауыл шаруашылығы санағының нә­тижесі саладағы нақты жағдайды көр­сетуге тиіс. Жинақталған мәліметтер агро­сек­тордағы цифрлық жүйелерді одан әрі да­мыту мен жаңғыртуға негіз болады.

Үкімет Стратегиялық жоспарлау және ре­формалар агенттігімен бірлесіп, салалық ақ­параттық жүйелерді интеграциялауды, сондай-ақ мәліметтер сапасын тұрақты түрде бақылауға алуы керек. Электронды агро­өнеркәсіп кешені платформасының база­сында саланы кешенді басқаруға ықпал ететін ауыл шаруашылығы мәліметтерінің бірыңғай архитектурасын қалыптастырған дұрыс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажет еке­нін, себебі еліміздегі агроөнеркәсіп кешені кө­біне шикізат шығарумен шектеліп отыр­ға­нын ашық айтты. 

– Ауыл шаруашылығын жоғары тех­но­ло­гияға негізделген озық сала ретінде да­мы­ту – маңызды міндет. 2023 жылы агро­өнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі не­бәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз бол­ды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі ке­рек. Қазір бұл салаға шетел инвес­тор­ла­рын тарту жұмысын тездету қажет. Тиісті жо­балар аз емес, олардың бірнешеуімен жиын алдында таныстым, бірақ бір жерде тоқ­тап қалуға болмайды. 

Агроөнеркәсіп кешенінің басты ба­ғыт­тары бойынша инвестициялық жобаларды жүзе­ге асыру қажет. Аса маңызды міндеттің бірі – жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсі­ре­се, озық технологиясы бар шетел ин­вес­тор­ларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағ­­­­­­­дай жасау қажет. Жолдауда «Инвес­ти­ция­ға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай болуы керек деп айттым. Үкімет аг­ро­өнер­кәсіп кешеніне қатысты 200-ден астам ин­вестициялық жобаның тізімін жасады. Жалпы құны шамамен 4 триллион теңге (үш жылда) болатын бұл жобалар 12 бағыт бойынша жасалған. Енді осы жобаларға бар­лық деңгейде қолдау көрсетілуі керек, яғни орталық та, аймақтар да осы жұмысқа белсенді түрде қатысуы керек. Жобалардың қа­шан және қалай жүзеге асырылатынын мұ­қият ойластырған жөн. Әкімдіктер және министрліктер жедел әрі үйлесімді жұмыс іс­теуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент отандық өнімдерді халық­аралық нарыққа көптеп шығару керегін айт­ты. Еліміз астық экспорты бойынша әлем­дегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Сонымен қатар ұн экспорттау ісінде көш бастап тұр. Қазақстан астығы Орталық Азия, Иран, Ауғанстан елдері секілді дәс­түрлі нарықтармен қатар Еуропа, Оң­түстік-Шығыс Азия мен Солтүстік Африкаға, атап айтқанда, Бельгия, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Марокко, Алжир мемлекеттеріне де жеткізіле бастады. Бұл ас­тық экспорты географиясының кеңейіп ке­ле жатқанын көрсетеді. 

– Еліміз майлы дақылдар мен өсімдік майын да көптеп сыртқа шығара бастады. Өт­кен жылы біз халықаралық нарыққа 18 мың тоннаға жуық қой етін шығарып, осы сала бойынша 10 озық мемлекеттің қа­тарына ендік. Дегенмен әлеуетіміз бұдан да мол. Жалпы, агроөнеркәсіп кешені өнім­дерінің экспорты 5 миллиард доллардан аса­ды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрі 70 мемлекетке экс­порт­талады. 

Агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Оның үстіне, әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып ке­леді. Сондықтан стратегия дұрыс түзілсе, «Qazaq Organicfood» бренді халықаралық нарықта лайықты орнын алады. Елімізде органикалық өнімдер шығару стандарттары бекітілді. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Брендтерімізді кеңінен на­сихаттауға барынша қолдау көрсету – са­ла­лық құрылымдар мен елшіліктердің мін­деті, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін сыртқы нарыққа үздіксіз жет­кізу үшін әуе тасымалдау әлеуетін бел­сен­ді қолдануды тапсырды. 

– Сарапшылардың болжауынша, алда­ғы 10 жылда әлемде мал етіне сұраныс 233 мил­лион тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін. Қа­зақстан еттің осы түрін экспорттаушы ірі елдер­дің бірі бола алады. Алғашқы кезекте Азия елдерін қамтамасыз етуіміз керек. Қой етін экспорттауда еліміз Моңғолия, Нидер­ланд, Испания және Франция сияқты мем­лекеттерден кейінгі орында тұр. 

Бірақ бізде жайылымдық жер жеткілікті. Қой шаруашылығының экспорттық әлеуе­тін толық таныту үшін жағдай жасау қажет. Жолдауда аграрлық экспортты дамытудың жоспарын әзірлеу жөнінде міндет жүктедім. Бұл құжат логистиканы, ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды, сондай-ақ сауатты маркетингтік стра­тегияны ескере отырып дайындалуы керек. Мәселен, Парсы шығанағы елдері біздің ет өнімдерін жыл бойы тасымалдауға ниетті. Бірақ бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін әуе көлігімен тасымалдау ісі дұрыс үйлес­тірілмеген әрі тиісті деңгейде реттелмеген. Көп жағдайда кәсіпкерлер жүкті жеткізу мә­селесін өздері шешуге мәжбүр. Бүгін ма­ған тұрақты рейстермен Әмірліктерге ет жет­кізіле бастағаны жөнінде мәлімет беріл­ді. Бұл тәжірибені аса дұрыс деп айта ал­май­мыз, – деді.

Сонымен қатар Президент Астана, Алма­ты, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақ­тау әуежайлары логистикасы дамыған әрі халықаралық әуе бағыттарымен интег­ра­цияланған өңірлік хабқа айнала алаты­нын атап өтті. Оларға арнайы экономикалық аймақтар аясында артықшылықтар беріл­ген. Әуежайлардың толық қуатында жұмыс істеуі ауыл шаруашылығы өнімдерін сырт­қы нарыққа үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мәселені Үкімет жан-жақты пы­сық­тауы керек.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев са­ла­дағы маман тапшылығы мәселесін кө­терді. 

– Соңғы кездері ауыл шаруашылығы өні­мін өндірушілерден жұмыс күші жетіс­пейтіні жөнінде көп өтініш түсіп жатыр. Бұл түйткіл, әсіресе егін егу, жиын-терін нау­қанында, өндірісті кеңейту немесе жаңа ны­сандар құрылысы кезінде қатты сезіледі. 

Маман тапшылығы көршілес елдерден ке­летін еңбек мигранттары есебінен іші­нара шешіледі. Шаруалар квотаны көбей­туді сұрайды. Олардың талабын ішінара орын­дауға болатын шығар. Бұл өзі қызық жағ­дай: бірі ауылда жұмыс жоқ десе, енді бірі жұмысшы жетіспейді деп шағымданады. Әрине, жұмыс бар, бірақ онымен шұғыл­да­натын адам аз. Мұны мойындау керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент табысқа жеткен әрбір кә­сіп­керді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырды. 

– Тағы да қайталап айтқым келеді: ауыл шаруашылығы дамыса, ең алдымен ауыл­дың жағдайы жақсарады. Мемлекет ауыл-аймақтарды көркейту үшін көптеген жоба­ларды қолға алды. Инфрақұрылым салудан бастап, ауылға білікті маман тарту мәселе­сіне дейін ауқымды жұмыс жүргізілуде. 2019 жыл­дан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жү­зеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 мил­лиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылды. 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден астам бірлестік құрылды. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жоспарын өз дең­гейін­де, дербес әзірлеп, жүзеге асыра ала­ды. Әкімдер ірі компаниялармен келісім жа­сап, бірлескен шаруашылықтардың (кооперативтердің) өнімін өткізуге көмек­тесуі қажет. Жалпы, ауылға жеке инвес­ти­ция тарту өте маңызды. Бұл жұмысқа биз­нес өкілдері белсене атсалысуы керек. Та­­­бысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-ай­мағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы сал­са, еліміздегі көптеген елді мекен көр­кейе түсері анық. Еңбекқор, мақсаты ай­қын азаматтарымыз күнделікті маңдай тері­мен ұлттық байлығымызды еселеп, ел ке­лешегінің жарқын болуына аянбай үлес қосу­да. Мұндай іспен айналысып жатқан адам­дарға қолайлы жағдай жасап, еліміздің шы­найы патриоттарын ынталандырып отыру керек. Біз бұл шаруаны назардан тыс қал­дырмаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумда Жұмысшы мамандықтары жы­лына орай еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілді. Мемлекет басшысының Жар­лығымен еліміздің агроөнеркәсіп сала­сын дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін «Степ­ное» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің (Ақтөбе облысы) директоры Аман­ғос Төлеуовке жоғары дәрежелі ерек­шелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қо­лынан ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік награда алды. Атап айтқанда, бір адам – «Парасат» орде­ні­нің ка­­­валері, саланың 6 өкілі «Құрмет» ор­дені­нің иегері атанды. II дәрежелі «Еңбек даң­қы» орденімен 1 азамат, III дәрежелі «Ең­­бек даң­қы» орденімен 10 адам, «Ерен ең­бегі үшін» медалімен 6 еңбеккер мара­пат­талды.

Сондай-ақ бүгінгі іс-шарада «Қазақ­стан­ның аграрлық саласының еңбек сіңір­ген қайраткері» құрметті атағы ауыл шаруа­шылығы саласында озат атанған төрт аза­­­­матқа алғаш рет тапсырылды. Мемлекет бас­шысы ауыл шаруашылығындағы циф­р­лық шешімдер көрмесін аралап көрді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші фо­ру­мы аясында агроөнеркәсіп кешенінде қол­­­­данылатын цифрлық шешімдер көрме­сі­мен танысты. 

Мемлекет басшысына деректерді есепке алуға, болжауға және талдауға арналған цифр­лық сервистер, сондай-ақ агроөнер­кә­сіп кешеніндегі тиімділікті арттыруды көз­дейтін отандық стартаптар туралы баян­далды.