Атап айтар болсақ, 2013 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Бабалар сөзі» көптомдығының бес томын жалғыз өзі дайындап берсе, жалынды жыршы Таңжарық Жолдыұлының әдеби мұрасын зерттеп, ол туралы 12 сериялы телефильм және «Тау ұлы», «Көк бөрі немесе тағдыр тәлкегі», «Бұл да бір белес», «Адам, ат, ит» атты роман-повестері мен «Сахара бұлбұлы» қатарлы очерктер жазып қалдырды.
Биыл туғанына 90 жыл толып отырған жанкешті қаламгер-ғалым 1954 жылы алғаш өлкелік «Шинжаң газетінде», соңынан облыстық «Іле газетінде» тілші, редактор, бет жауапшысы қатарлы қызмет атқарды. Дүние шіркін бір орында тұрмайды, саясат өзгереді, өңі айналады. Шыңжаң өлкесінде болған саяси оқиғалар Оразанбай Жұмағұлұлын айналып өтпеді. 1962 жылы бұл кісіге «шетелмен астасқан кері төңкерісшіл» деген айып тағылып, осы жылдың мамыр айында абақтыға жабылып, ұзақ мерзімге сотталып Тарым түрмесіне айдалады.
Жарықтық өзі туралы жазған естелігінде: «Сот үкімінен кейін мені көмір қазуға жіберді. Жұмыс істеп жүріп опырылып құлаған үйінді астында қалып, жамбас сүйегім сынды. Нәтижесінде, бір аяғы кем болып қалды. Қамау мерзімі аяқталған соң мені шекаралық өлкеде тұруға болмайды деп отбасына оралуыма шектеу қойылғандықтан, туған жеріме кеш оралдым» депті.
Осылай қайта үйірін тапқан тұлға әдеби істермен айналысып, «Мұра» журналының тізгінін ұстады. Басылымды көркейтті, мазмұнын биік деңгейге шығарды. Шыңжаңдық зиялылар арасында Орекеңнің аты күні бүгін журналмен қатар айтылады.
Жалпы, Оразанбай ағаның қазақ руханиятына сіңірген еңбегін екі кезеңге жіктеуге болады. Біріншісі очерк, әңгіме, фелетондары болса, екінші кезеңі – фольклорлық мұраларды зерттеуі. Қытайда сала бойынша Оразанбай Егеубаевтың есімі әйгілі фольклортанушы Нығмет Мыңжанидан кейін аталады.
Әсіресе, «Мұра» журналын басқарған кезінде ел арасында шашылып жатқан ауыз әдебиет нұсқалары: батырлық дастандардың төрт томын, діни қиссалардың бір томын, ғашықтық жырларының үш томын жинап үлгерді. Бұл дүниелер «Балалар сөзінің» көптомдығына енгізіліп, халықтың игілігіне айналды. Оның сыртында ел аузынан жүзге жуық аңыз-ертегі жинады.
Ғалымның айтуынша, таңжарықтану еңбегі бір төбе. Осы әрекеті үшін ұлтшыл-байшыл-көнешіл деген айып тағылып, 22 жыл айдау көрді. Бірақ сонда да қайтпады. Бұл ісін 2001 жылы атажұрты Қазақстанған оралғаннан кейін тіпті қарқындатып, ақын шығармаларының екі томдық толық жинағын жасап, оны «Таңжарық тағылымы» атты зерттеу еңбегімен қоса жариялатты.
Ұзақ жыл айдау көріп, шыныққан фольклортанушы отанына оралған соң көп жыл бөгеліп тұрып, ағытылған бұлақтай сарқырады. Шыңжаңда жүріп жиып-терген дүниелерін жарыққа шығарды. Яғни, екі еларалық мәдени байланыстарының қоюлауына үлкен дәнекер болды. Қытайдағы қазақтардың мәдениетін, өнерін, әдебиетін қазақстан халқына кеңінен таныстырды. «Жұлдыз», «Парасат», «Алтын бесік», «Атамекен», «Егеменді Қазақстан», «Қазақ елі», «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны» қатарлы басылымдарға ғылыми-танымдық 30-дан астам ғылыми-танымдық мақала жариялап, өзінің өмір тарихы туралы баян «Көкбөрі немесе тағдыр тәлкегі» атты эссе романы мен «Тарымда өткен бір түн» атты повестерін жарыққа шығарды.
Оның сыртында жалпы қазақ әдебиетіне ортақ зерттеулерге жол салды. Атап айтқанда, «Ұлттық әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелері», «С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов – қазақ әдебиетінің классиктері», «Қазақ тілі және оралман» тағы басқа тақырыптарды қамтыған жазбалары халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдар төрінен оқылып, маман әдебиетшілер тарапынан оң бағасын алды.
Ғалымның еңбегін бағалаған ғылыми орта оны «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапаттаса, жанкешті тұлғаның еңбегін насихаттауға арналған «Ақын мұрасының шырақшысы», «Адамдық айнасы», «Болсайшы әр қазақтың бәрі осындай» атты мақалалар мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көрді.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, О.Егеубаев қазақ мәдениеті мен өнеріне көрнекті үлес қосқан үлкен ғалым болумен қатар, өзі туып-өсіп, өмір сүрген ҚХР Мемлекеттік кеңесінің өмір бойы берілетін стипендиясының иегері, Бүкіл Қытай мемлекеттік жазушылар одағының мүшесі, Бүкіл Қытай мемлекеттік фольклоршылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ШҰАР-дың ең таңдаулы маманы, Шыңжаң Жазушылар одағы мен фольклоршылар одағының мүшесі, аға редактор, профессор, қатарлы мәртебелі абырой биігінен көрінген тұлға.
Орекеңнің тағдыр тәлкегіне мойымаған қайыспас қайсарлығы, өз ұлтына, өз халқына деген кіршіксіз адалдығы, әртүрлі жұмысқа шексіз берілген шөгелдігі, кісілік кішпейілдігі, бүкпесіз ашық-жарқындығы, көкжиегі кең ақыл-парасаты, тура бидей әділдігі, адами асыл қасиеттері өз замандастарына, өзінен кейінгі буынға үлгі-өнеге болары анық. Расын айтқанда, бұл кісі көзі тірісінде аты аңызға айналған адам.
Бір дәуірдің жанкешті тұлғасы 2007 жылы 72 жасында өмірден өтті. Жоғарыда атап айтқанымыздай, артына асып-төгілген мұра қалдырды. Жарықтықтың биылғы 90 жылдық датасына орай Алматы қаласындағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылып, алдағы күндері ғалымның өлмес мұрасын еске алу мақсатында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылмақ.
Сали САДУАҚАСҰЛЫ,
Жазушылар одағының мүшесі