Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты істі қарап, айыпталушыларға үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәлердің айғақтарымен, оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалармен, сотталушылардың хат жазысуларымен, оқиға болған жерден толтырылған хаттамамен, сараптама қорытындысымен толық расталды.
Сотталушылар Қайыржанов пен Катимов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 7) тармағы – "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған кісі өлтіру";
ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы 2-бөлігі 6) тармағы – "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бөтеннің мүлкін қасақана жою" баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Адам өлтірудің аса ауыр және жеккөрінішті сипатын, сотталушылардың жеке басын, олардың қылмысқа дейінгі және одан кейінгі әрекетін ескере отырып, сот жазаның әділдігі мен жеткіліктілігі қағидаттарын басшылыққа ала отырып, кінәлілерді өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.