Ташкенттегі басқосу өңірдің халықаралық сахнадағы сипатын біршама өзгерткен сыңайлы. Өйткені Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуіне Әзербайжан ресми түрде қосылып, формат кеңейді.
Орта Азиядан – Орталық Азияға
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VII консультативтік кездесуде Орталық Азияның өзгеріп жатқанын айтты. Мемлекет басшысы өңірдің өзгеден оқшау өмір сүрген кезеңі аяқталғанын атап өтті.
– Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті. Мұны сеніммен айтуға болады. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Бұл елдеріміздің дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа кеңінен жол ашты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел бола алады. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау, елдеріміз бен халықтарымыздың әл-ауқатын, бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету. Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамыған әрі жан-жақты ынтымақтастық пен бейбітшілік орнаған берекелі өңір ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейміз, – деді Президент.
Осылайша, Қазақстан басшысы аймақтың жаңа сипатқа ие болғанын меңзеді. Өйткені Орталық Азия әлем саясатында шешуші рөл атқаратын орталықтардың біріне айналып келеді. Әрі өзгерістер эволюциясы тереңге кететіні байқалып тұрады.
Бұрын, КСРО кезіндегі саяси әдебиеттерде, ғылыми еңбектерде «Орта Азия» деп аталып келген аймақ қазір «Орталық Азия» атауымен таныла бастады. Сөйтіп, шынайы жағрафиялық атауына ие болды. Бұл процесс 30 жылға жуық уақытқа созылды. Енді аймақтың атауымен қатар, даму сипаты да, өзара ұстанымы да өзгеріп келеді. Тіпті, бейтарап ұстанымын үнемі алға тарта беретін Түркіменстанның өзі интеграциялық процестерге араласа бастады. Тым белсенді емес, бірақ түрлі деңгейдегі басқосулардан қалған емес. Біздің пайымдауымызша, бұл – өз кезегінде аймақтың экономикалық әлеуетін мейілінше арттыра түсетін қадамдар. Ташкентте мемлекет басшылары аймақтық интеграцияны тереңдететін факторлардың көбін талқылады. Сауда-саттық, су ресурстары, жасанды интеллект, туризм, өңірге төнуі мүмкін ықтимал қауіп-қатер, гуманитарлық қатынастар дейсіз бе, біраз дүние талқыға түсті.
Ендігі меже – 20 миллиард доллар
Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік ықпалдастықтың келесі межесін атады. Түрлі саладағы ынтымақтастықты жетілдіре отырып, Қазақстан Президенті өңірдің ішкі сауда-саттық көлемін 20 миллиард долларға жеткізу қажет екенін алға тартты.
– Өндіріс, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және басқа да секторларда бірлескен кәсіпорындардың саны көбейіп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сауда кедергілері біртіндеп жойылып, жаңа өткізу бекеттері ашылып, авто, теміржол арқылы байланыс жанданып келеді. Нәтижесінде, былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жетті. Көрсеткішті 20 миллиард долларға дейін жеткізу үшін осы қарқынды сақтау қажет деп ойлаймын, – деді Президент.
Қызығы сол, аймақ елдері арасындағы 11,5 млрд долларлық сауда-саттықтың 4 млрд доллардан астамы – Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы алыс-берістің құны. Тағы 1,4 млрд доллар Қазақстан мен Қырғызстан арасында айналып жатыр. Біздің ел мен Әзербайжан арасындағы сауда-саттық биылғы 540 млн доллардан асса, Тәжікстанмен сауда-саттық 2025 жылдың қазанына дейін 773 млн долларды құраған. Түрікменстанмен арадағы алыс-беріс құны 200 млн доллардан асып барады. Жылдың аяқталуына әлі бірер ай бар, демек Қазақстанның Орталық Азиядағы көршілерімен сауда-саттық көлемі тағы да өсуі бек мүмкін. Қазақстан мен Өзбекстан арасында өзара тауар айналымын 2030 жылға қарай 10 млрд долларға жеткізу жөнінде арнайы бағдарлама қабылданғанын ескерсек, тұтас аймақтың мақсаты саналатын 20 млрд-тық көлемнің тең жартысы екі елдің еншісінде болады деген сөз. Бұл дегеніңіз, «Орталық Азия оркестрінің диржері – Қазақстан» екенін аңғартса керек.
Әлбетте, аймақ елдерінің ынтымағына азды-көпті кедергі жасайтын факторлар жоқ емес. Айталық, шекарадағы тексерістер, суға қатысты туындауы мүмкін пікір қайшылықтары тәрізді мәселелер бар. Алайда Қ.Тоқаев та, Ш.Мирзиёев те, аймақтың өзге басшылары да мұндай кедергілерді жоюға барын салып жатыр. Қазақстан Президенті Ташкенттегі саммитте:
– Бір-бірін қайталайтын тексерістерден, шекарадан өту кезіндегі шектен тыс бюрократиялық рәсімдерден арылу үшін Жүкті тасымалдаудың бірыңғай электрондық жүйесін енгізу мәселесін қарастырған жөн. Аймақтың әлеуетін одан әрі нығайту үшін Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз. Шекара маңында қалыптасып келе жатқан өнеркәсіп хабы кең мүмкіндікке жол ашады. Оны дамыту аясында жоғары технологиялық жобаларды іске қосуға баса назар аударған жөн, – деді. Ал саммит қарсаңында жарық көрген мақаласында Ш.Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары шекараны төлқұжатпен емес, жеке куәлікпен-ақ кесіп өту мүмкіндігі пысықталып жатқанын жазған еді. Әрі өзге мемлекеттермен арада көптеген мәселелер шешілгенін атап өткен болатын. Яғни, Орталық Азия елдері арасында шешілмейтіндей мәселе қалмайтынға ұқсайды. Тіпті, Өзбекстан мен Түрікменстан Әмудария суын үнемдеп пайдалану жөнінде де уағдаласыпты. Судың қадірінің арта бастағанын ұғынса керек.
Су дегеннен шығады, Қ.Тоқаев бұл мәселеге де көңіл бөлу керек екенін алға тартты. Әрі аймақ елдерінің бұл суға қатысты шешімдері ықтиятты екеніне назар аударды.
– Соңғы бес жылда елдеріміз су саясатына қатысты ұстанымдарын жаңғыртты. Су проблематикасының трансшекаралық сипатын ескере отырып, салалық стратегиямызды үйлестіру маңызды деп санаймын. Бұл бір жағынан, су үнемдеудің анағұрлым сәтті тәжірибелерін кеңінен тарату үшін қажет. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммитімен қатар өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларының жиынында осы тақырыпқа оралып, ұсыныстарды талқылай аламыз. Сіздер аталған іс-шараларға белсенді қатысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Әлбетте, аймақ елдері басшылары су мәселесін қазір шешпесе, болашақта күрделене түсуі мүмкін екенін түсініп отырғаны анық. Дегенмен Қазақстан ұстанымы әдетте ауқымды болатыны бар. Қ.Тоқаев трансшекаралық өзендер мен Каспий мәселесін барлық дерлік ірі халықаралық басқосуларда еске салып, айтып жүр. Айталық, Қытайға жасаған сапарында, ШЫҰ саммитінде трансшекаралық өзендер мен Каспийге назар аударды. БҰҰ Бас ассамблеясының жиынында да айтты. Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде де, Ресейге сапары кезінде де алға тартты. Сөйтіп, су мәселесін шешудің жүйелі тетіктерін қазірден қолға алу қажет екеніне әріптестерінің көзін жеткізіп келеді. Өйткені жаһандық саясатты болжайтын біраз білгірлер Орталық Азия үшін ең өзекті мәселе ретінде су тапшылығын алға тартып жүр. Тіпті, аймақ елдері су үшін жаға жыртысуға баруы мүмкін екенін де болжаушылар бар. Сондықтан өңірдегі мемлекеттердің басшылары мұндай оқиғалардың алдын аулға қазірден-ақ кірісіп жатыр. Оның үстіне, суға қатысты жаһандағы ең күрделі мәселе осы өңірде қалыптасқан. Арал тартылды, Каспий суалып келеді, Памир мен Тянь-Шаньның мұздықтары еріп, жылғалар мен бұлақтар құрғап бара жатыр. Ал осы таулардың етегін, Арал мен Каспий жағалауын бауырлас елдер мекендеп отыр. Демек, мәселенің мәнін өңір халықтары жақсы түсінетін болса керек.
Аймақтың қазынасы – сирек металдар
Ташкенттегі басқосуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сирек металл кендерін игеру мәселесіне назар аударды. Соңғы кездері АҚШ-тың жаһанға жар салуының арқасында даңқы арта түскен сирек металдарды өндіру мәселесі аймақты да айналып өтпейтіні анық. Сондықтан бұл мәселеде де ортақ ұстаным қажет. Президент соны меңзеді.
– Мемлекеттеріміз әзірге толық барланбаған, бірақ айтарлықтай мол ресурсқа ие. Аймаққа озық технология тарту және инновациялық шешімдерді енгізу ісінде күш біріктіру керек. Қазақстан Астанада Сирек металдарды зерттеу жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасын көтерген болатын. Бұл мекемеде кеніштер мен оны игеру технологиялары туралы өзекті ақпараттарды жинақтап, инвесторларға ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сөйтіп, заманауи ғылым мен технологияда шешуші рөл атқаратын ресурстарды игеруде өзара бәсекелескеннен гөрі, тізе қоса жұмыс істеу әлдеқайда мол табыс әкелетінін тұспалдады.
Расында, біз «сирек металдар» деп қана атап жүргенімізбен, бұл ресурстар тізімі біршама ұзын. Өнеркәсіп пен ғылымның түрлі саласына қажет металдар, минералдар дамыған елдердің барлығына керек. Әрі әр ресурстың қолдану аясы да, қоры да әртүрлі. Айталық, «Central Asia is a missing link in analyses of critical materials for the global clean energy transition» («Орталық Азия жаһандық таза энергияға көшу үшін маңызды материалдарды талдауда жетіспейтін буын болып табылады») деп аталатын ғылыми мақалада Роман Вакульчук және Индра Оверлан дейтін авторлар қызық мәлімет келтіреді. Дүниежүзілік банктің есебін алға тартқан авторлар 2030 жылы әлемдегі электрокөліктер саны 140 миллионға жетсе, онда альюминий, кобальт, темір, қорғасын, литий, марганец пен никельге деген сұраныс 1000%-ға өсетінін жазды. Ал 2050 жылға қарай бір ғана германийге деген сұраныс 8 600%-ға өседі екен. Сөйткен германий Шығыс Қазақстандағы қорғасын-мырыш, Ұлытаудағы мыс-қорғасын кен орындарында кездеседі.
Жалпы, Орталық Азия елдерінде марганецтің әлемдік қорының – 38,6, хромның – 30,7, қорғасынның – 20, мырыштың – 12,6, титанның – 8,7, алюминийдің – 5,8, мыстың –5,3, кобальттың – 5,3, молибденнің 5,2%-ы бар деп есептеледі. Бұл зерттеуде тек «жасыл энергетикаға» байланысты технология үшін қандай ресурстар сұраныс тудыратыны айтылған. Одан бөлек, ғарыш, қорғаныс сияқты күрделі технологиялар саласы тағы бар.
Ал «The Minerals that Make our Military: Strategic Opportunities in Central Asia, the Caucasus, and Ukraine» атты мақала авторы Джошуа Бернард-Пирл деген автор микрочиптер өнеркәсібі үшін 300-ден астам материал қажет екенін алға тартады. Олардың арасында кремний, германий, галлий, күшәла қатарлы ресурстар бар екенін алға тартады. Қазақстан кремний өндірісі бойынша әлемде 10 орын иеленеді екен. Әлемдегі берилидің 25%-ы Қазақстанда өндіріледі. Титан өндірісі жөнінен Қазақстан жаһанда төртінші орында тұр. 2023 жылы 16 мың тонна титан өндірген. Хром мен марганецтің де мол кені бар бізде. Дүниежүзінде барланған хорм қорының 95%-ы Қазақстан жерінде жатыр. Марганец қоры 600 млн тонна деп есептеледі. Зерттеуде сирек металдар қоры жөнінен Қазақстан, Өзбекстан жән Қырғызстанның біршама бай екені айтылған. Бұл зерттеу АҚШ қорғаныс өнеркәсібіне қажет ресурстар жөнінде екенін ескерсек, Орталық Азия кәдімгідей «күлшелі балаға» айналып келеді. Демек, қазыналы аймақты бірлесе зерттеп, қызығатын елдерге ортақ мүдде тұрғысынан ұсыну өзекті деген сөз. Өйткені сирек металдар мен түрлі минералдарға қызығатындар көп. АҚШ та, Еуропа Одағы да, Қытай да мұндай ресурстарға мұқтаж.
«Үлкен Орталық Азия»
Қазір аймақ елдері арасында түйіні шешілмеген мәселе жоқтың қасы. Жер дауы мүлдем жоқ. Алдымен Қазақстан, кейін өзге мемлекеттер өзара шекара мәселесін толықтай дерлік шешті. Өзара сенім қалыптасты. Ынтымақтастық институционалды деңгейге көтеріліп келеді. Ташкенттегі басқосуда бұл үрдіс тереңдей түсті. Аймақ елдерінің қатарын Әзербайжан ресми түрде толықтырып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапар жасардың алдында «Әзербайжанды Орталық Азияның бір бөлшегі ретінде тану қажет» деген мағынадағы пікір айтқан еді. Қазақ басшысының ұстанымы шындыққа айналды. Бәлкім, бұдан кейін «Орталық Азия+» форматындағы келіссөздерге Әзербайжан үнемі қатысуы мүмкін. Бұрын Илхам Әлиев «ОА+» форматындағы жиындарға мәртебелі мейман ретінде қатысып жүрсе, енді саммиттерге толыққанды мүшес ретінде келуі мүмкін. Сөйтіп, Каспийдің қос жағалауын мекендеген бауырлас елдердің ынтымақтастығы тағы бір тетікпен толықты. Оның үстіне, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде Әзербайжанның рөлі орасан зор. Мұны Орталық Азия елдерінің басшылары да, ірі державалардың жетекшілері де жақсы біледі. Сондықтан Орталық Азия елдері тобына Әзербайжанның қосылуында экономикалық, көлік-логистикалық салмақ бар. Дегенмен әзербайжан ұлтының Орталық Азия халықтарымен тарихи, мәдени, рухани тамырластығы бар екенін де жоққа шығармау керек. Интеграцияға бұл факторда әсер еткені сөзсіз.
Қысқасы, Ташкенттегі жиында Оңтүстік Кавказды да қамтыған «Үлкен Орталық Азия» пайда болған сыңайлы. Ресми түрде. Бұл формат – тағдырлас халықтардың ортақ үні, ортақ мүддесі деген сөз. Ал ортақ үннің естілуінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың еңбегі зор.
Сарапшы пікірі

Максим РОЖИН,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
– Президент айтқан аймақтық трансформация – құр сөз емес, нақты процеске айналып отыр. Бүгінгі контекстке қарасақ, Орталық Азияның ірі экономикалық және транзиттік хабқа айналу мүмкіндігі өте жоғары. Мұның артында қатар келген бірнеше фактор бар.
Орталық Азия қазір тұйық кеңістік емес, керісінше, Еуразиядағы ең жылдам өзгеріп жатқан өңірлердің біріне айналды. Өңіраралық сауда соңғы жылдары екі жарым есеге өсті, мемлекеттер арасындағы шекаралық-логистикалық тосқауылдар қысқарып, жаңа өткелдер, жаңа теміржол және автожол бағыттары іске қосылуда. Осындай үйлесімді динамика аймақтың ішкі байланысын күшейтіп қана қоймай, оны сыртқы инвестициялар үшін де ашық платформаға айналдырды. Кейбір сарапшылар, тіпті Орталық Азияны құрлықтағы жаңа «ірі ойыншы» деп те атап жүргені бекер емес.
Бұл трансформацияның өзегінде Қазақстан тұр. Соңғы 15 жылда елдің өзі транспорттық-логистикалық секторға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қорғас, Ақтау, Құрық, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі, «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» мен Транскаспий бағыты – осының бәрі тек біздің емес, бүкіл аймақтың өткізу қабілетін ұлғайтып отыр.
Әлемдік тенденциялар да аймақтың мүмкіндігін арттырып тұр. Жаңа геосаяси шынайылықта Еуропа–Азия арасындағы дәстүрлі жолдар қайта қаралып, балама бағыттарға сұраныс күрт өсті. Соның нәтижесінде, Транскаспий маршрутының жүктемесі екі есеге өсіп, жүк жеткізу уақыты 18–23 күнге дейін қысқарды. Көлемді инвестициялар да келіп жатыр: Еуропалық одақ аймаққа 12 млрд еуро бөлетінін жеткізген болатын. Бұл ақша – жол, теміржол, цифрлық инфрақұрылым, жасыл энергетика сияқты нақты жобаларға бағытталады. Яғни, Еуропалық одақтың мақсаты – Орталық Азиямен байланысын күшейту, біз арқылы өтетін тасымалды жылдам, қауіпсіз және тиімді ету.
Қытай болса, өз тарапынан, «Бір белдеу – бір жол» (ОПОП) бағдарламасы арқылы жол, теміржол, порт, логистикалық хабтар сияқты инфрақұрылымға ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде инвестиция салып келеді. Басқаша айтқанда, Қытай біздің өңірдегі көлік жолдарын салуға көмектессе, кейін сол жол арқылы өзі де тез әрі тиімді сауда жасай алады.
Екі үлкен ойыншының мүддесі де айқын: Орталық Азиядағы жолдар жақсарса, Еуропа мен Қытай арасындағы ең қысқа, сенімді құрлық маршруты дәл осы өңірден өтеді. Сондықтан да олар аймаққа қаржы құйып, инфрақұрылымды бірге көтеруде.
Қарапайым тілмен: ЕО – қаржыландыруды күшейтіп, өз жобаларын әкелуде; Қытай – жолдарды салып, өңірді Шығыс пен Батысты жалғайтын ірі дәлізге айналдыруда. Екі жақтың да белсенділігі бізге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондықтан жағдайға келесі нүктеден қарау керек деп ойлаймын: Орталық Азия алдағы циклде «өсу нүктесіне» айналып, транзиттік және өндірістік хаб ретіндегі рөлін бекемдей алады. Егер мемлекеттер тарифтік саясатты біріздендіріп, инфрақұрылымдық «тар шеңберлерді» жүйелі түрде жойса, аймақ Еуразиядағы жүк қозғалысының бір негізгі магистраліне айналады. Қазақстан осы трансформацияның драйвері болып қала береді.
Қысқасы, терезе ашық. География, демография, инвестициялық ағындар – бәрі аймақтың жаһандық логистика картасында орнығуына жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, қазір басталған аймақтық үйлесімділік институционалды деңгейде бекітілсе, Орталық Азияның әлемдік экономикалық орталықтардың бірі болу ықтималдығы шынайы әрі өте жоғары.

Азер ХАСРЕТ,
саяси шолушы (Әзербайжан):
– Әлбетте, Әзербайжанның Орталық Азия елдерімен тонның ішкі бауындай болуы – табиғи құбылыс. Өйткені біз бір тамырдан тараған, бір атаның ұрпақтарымыз. Бәріміз – түркі халықтарымыз. Бауырлас Қазақстанмен, өзге туыс мемлекеттермен біз үнемі етене жақын болдық. Бұдан кейін де бұл бауырластығымыз жалғаса береді. Әзербайжандықтар Орталық Азия мемлекеттерін шетел санамайды. Өз елдеріміз деп санаймыз. Біз Орталық Азия халықтарынан бөліне алмаймыз. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың біздің Орталық Азия елдері басшылары консультативтік кездесуіне ресми қосылуға шақыруы және біздің Президентіміз Илхам Әлиевтің бұл ұсынысты қабылдап, Әзербайжанды Орталық Азия мемлекеттерінің қатарына қосуы орынды шешім болды деп білемін. Бұдан кейін бес емес, алты мемлекет бірге әрекет етеміз деп ойлаймын. Әзербайжан Орталық Азияның өзге мемлекеттерімен бірге қимылдайтын болады. Біздің мүдделеріміз, тарихымыз, тамырымыз ортақ. Қазақстан – біз үшін туысқан ел. Ал Қазақстан басшысының ұсыныстарын біз бірден қабылдаймыз. Сондықтан Әзербайжан Президенті әріптесінің шақыруларын бірден қабылдап, мұндай кездесулерге ризашылықпен қатысып келе жатыр.
Амангелді ҚҰРМЕТ