АҚШ үкіметі ресейлік компанияларға санкция салып, салдарынан екі ортада еліміздегі бірнеше жоба мен «қара алтын» экспорты тұралайтындай көрінген. Әйтсе де, көп өтпей нарықты теңселткен бұл шешімнің күші жойылып, жағдай реттелді. Бұл үшін Қазақстан тарапы көп күш салғанын айта кету керек.
Ұстанымның ұтымды тұсы
Әуелі сәл шегініс жасайық, өткен қазан айының ортасынан асқан тұста АҚШ-тың Қаржы министрлігі екі ресейлік компания – «Лукойл» мен «Роснефтке» санкция салды. Бұл екі алпауыттың тегі ресейлік болғанымен, кәрі құрлықтағы мұнай сатып алушы елдермен тығыз жұмыс істейді. Онымен шектелмей, Қазақстанның мұнай өндірісінде әрі экспортында айтарлықтай еншісі бар. Мәселен, «Лукойл» компаниясы Қазақстандағы «Теңізшевройл» жобасының 5 пайызына, «Қарашығанақтың» 13,5 пайызына, «Құмкөлдің» 50 пайызына, қазақстандық мұнайдың 80 пайызын Батысқа жеткізетін «Каспий құбыр консорциумының» 12,5 пайызына иелік етеді.
Шектеу енгізілгенімен, бұл тұста қайшылықтардың бары лезде байқалған. Өйткені Қазақстанның мұнай өндірісінде ресейлік компаниялармен қатар, америкалық алпауыттардың да үлесі көп. Бір ғана Chevron Теңіз кен орнының тең жартысын (50 пайыз) басқарады. «Каспий құбыр консорциумындағы» еншісі «Лукойлдан» көп. Яғни, АҚШ санкция арқылы ресейлік қана емес, өз компанияларының да жұмысын тұралатады.
Бұл мәселені шешу үшін қазақстандық тарап көп күш салғанын айттық. Энергетика министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, АҚШ тарапымен келіссөздер жүргізді.
Алайда шешуші рөлді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарашаның басында Вашингтонға жасаған сапары атқарған іспетті. Мемлекет басшысы мұхиттың арғы бетінде АҚШ басшысы Дональд Трамппен кездескенін жақсы білеміз. Сондықтан бұл мәселе айтусыз қалмағаны анық. Міне, сол сапардан көп өткен жоқ, 15 қарашада АҚШ-тың Қаржы министрлігі шектеулердің күшін жойып, «Лукойл» мен «Роснефтке» Қарашығанақ, Теңіз және КҚК бойынша операциялар жүргізуге рұқсат берді. Демек, қазақстандық мұнай өндірісі һәм экспортының тынысы қайта ашылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа баруын сөз етуіміз бекер емес. Кейінгі жылдары әлем қауымдастығымен дипломатиялық байланыстарды арттырған, сыртқы саясаттың озық үлгісін көрсеткен Қазақстан билігі кезекті қиындықты диалог арқылы шеше білді. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те бұл пікірді қолдап отыр.
– Қазақстан өте күрделі геосаяси жағдайда да шебер маневр жасап отыр. Жақында ғана Президент Тоқаев Қытайда Си Цзиньпин және басқа да әлемдік лидерлермен кездесті, одан кейін АҚШ Президентімен, кейін Путинмен жолықты. Енді «Орталық Азия + Әзербайжан» басқосуы өтті. Бұл – әр ұлттың өзіне тән мәдени коды мен дипломатиялық стилін көрсететін құбылыс. Дала дипломатиясы күрделі тепе-теңдік жүйесін құруды қажет етеді, оны қазір Тоқаев тиімді түрде жүзеге асырып отыр. Ішкі және сыртқы қиындықтарға қарамастан, осындай көпвекторлы ұстаным біздің экономикамызды тұрақты ұстап, елдің мемлекеттік тұтастығын нығайтуда, – дейді сарапшы.
Ғазиз Әбішев Қазақстанның 90-жылдардан бері ұстанып келе жатқан экономикалық әртараптандыру стратегиясы жағдайдың дұрыс болғанын дәлелдегенін айтады. Яғни, еліміз әртүрлі серіктеспен жұмыс істеп, америкалық Chevron мен Exxon-ды, француздың Total компаниясын, италиялық ENI-ді, ресейлік «Лукойлды», сондай-ақ Қытайдың ірі корпорацияларын тартты. Мұның бәрі – Қазақстан экономикасы мен Үкіметіне маневр жасауға мүмкіндік беретін әртараптандыру стратегиясы.
– Менің ойымша, шектеулер алып тасталғанына америкалық Exxon және Chevron корпорацияларының Қазақстан мұнай-газ жобаларында ірі үлеске ие екені де әсер етті. Теңіз кен орнынан Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталатын мұнайдың шығу тегі қазақстандық болғанымен, меншік жағынан бұл мұнай көбіне америкалық компанияларға тиесілі. Сондықтан бұл жерде рөл атқарған тек қазақстандықтар емес, сонымен бірге АҚШ үкіметіндегі америкалық корпоративтің лоббиі де бар, – деп топшылады Әбішев.
Дербес екенін дәлелдей алды
Өткен айда АҚШ үкіметінің ресейлік компанияларға санкция енгізуінде саяси себеп жатқаны ешкімге жасырын емес. Шамасы, мұхиттың арғы бетіндегі шенділер ресейлік үлесі бар қазақстандық кәсіпорындар жанама жолмен болса да қақтығыстарды қолдап отыр деп күмәнданса керек. Осыған дейін Қазақстан тарапының АҚШ жағымен осы тақырып төңірегінде диалог орнатуы отандық шикізат нарығының өзге елдердегі қақтығыстардан бейтарап екенін дәлелдеу болатын. Дәлелдеп шықты да. Мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың айтуынша, қазақстандық жобалар өзінің толықтай дербес екенін көрсетті.
– Санкциялар бір қарапайым нәрсені көрсетті: америкалық жүйе жылдам реакция береді және жаңа деректер пайда бола қалғанда шешімдерді дәл сондай жылдамдықпен қайта қарай алады. Басында Вашингтонда расында да Қазақстанға қатысты жобалар қандай да бір ресейлік компанияларға жанама пайда әкелуі мүмкін деген болжам болған. Логикасы түсінікті, инфрақұрылым тоғысады, транзит Ресей аумағы арқылы өтеді, ал акционерлік құрылымда ресейлік үлес бар. Санкциялық саясатта мұндай факторлар автоматты түрде «қызыл жолақ» болып көрінеді.
Бірақ бірнеше күн өткен соң шешім қайта қаралды. АҚШ Қазақстан арқылы санкцияларды айналып өту қаупі жоқ екенін, ал қазақстандық мұнай-газ жобалары дербес, ашық әрі өңірлік энергетикалық тұрақтылық үшін аса маңызды екенін көрді. Сондай-ақ бұл жобалардың операциялық қызметі ресейлік компанияларды қолдамайтынын растайтын қосымша дәлелдер пайда болды. Бұған қоса, бұл жобаларға ірі америкалық мұнай-газ компаниялары да қатысады, яғни бұл шешім олардың да экономикалық мүдделерін қорғады, – дейді сарапшы.
Әйтсе де, Асқар Исмаилов бұл оқиға Қазақстан үшін екіжақты сабақ болғанын тілге тиек етті. Біріншіден, инвесторлар жобалардың «жасыл аймақта» қала беретініне сенімді бола бастады. Екіншіден, жаһандық compliance жүйесі қатая түскенін еске салды. Санкциялық қауіпке қатысты болмашы ишараның өзі жедел реакцияға әкеледі. Демек, процестерді барынша ашық жүргізу, меншік құрылымын сауатты басқару және басқа елдер қауіп-қатер ретінде қарауы мүмкін «сұр аймақтарды» баспау қажет.
– Санкциялардың алынуын мен Қазақстанның дербес саясат жүргізіп отырғанын және шектеулерді айналып өту құралы емесін мойындау деп атар едім. Бірақ босаңсуға болмайды. Өңірдегі санкциялық ахуал одан әрі күшейеді, ал бір қателіктің құны – ел экономикасының тірегіне айналған сала үшін тым ауыр, – дейді мұнай және газ саласының сарапшысы.
Қазақстан кейінгі 8 жыл бойы мұнай экспортының жылдық көлемін 65 млн тоннадан түсірген жоқ. Былтыр 71 млн тонна мұнай сатып, өзіндік рекордын тіркеді. Ал биыл алғашқы 9 айда, аз уақытты қамтыған шектеулер болмағанға дейін шетелдерге 56 млн тонна мұнай өткіздік. Бұл шектеу отандық «қара алтын» экспортының жылдық мөлшеріне кері әсер етті ме? Асқар Исмаилов оның жылдық тасымалдауға әсер етпейтінін, бәрі жоспар бойынша жүріп жатқанын жеткізді.
Қорытындылай келе, қысқа болса да бұл жолғы нарықтың дүмпуі тараптардың түсіністігіне жол ашқан тәрізді. Қазақстанның мұнай-газ саласы тек бір тараптың мүддесі үшін құрылмаған, алайда сонысымен көлеңкелі нарықтан бейтарап, экономиканың заңдылықтарымен жүріп отыр. Біз жиі айтатын көпвекторлы саясаттың тиімді тұсы осы уақытта анық байқалды.
Мадияр ТӨЛЕУ