Марқұмның жақындарының мүддесін қорғап жүрген тарап істі қайта саралау үшін әрекет етіп жатыр.
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасы: кінәлілер 6 жылға дейін сотталуы мүмкін
1,860
оқылды

Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның отбасы кінәлілердің жазадан құтылып кетпеуін талап етіп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Марқұмның жақындарының мүддесін қорғап жүрген тарап істі қайта саралау үшін әрекет етіп жатыр.

Бұл туралы адвокат Нұрсұлтан Орынұлы берген сұхбатында мәлімдеген. 

Адвокаттың айтуынша, қазір тергеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Құқық қорғаушы істі Қылмыстық кодекстің 278-бабынан («Сапасыз салынған құрылыс») қатаңырақ 279-бапқа («Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қағидаларды немесе нормативтік талаптарды бұзу») ауыстыруды көздейді.

Нұрсұлтан Орынұлы әзірге қайғылы оқиғаға нақты кім жауапты екенін айту қиын екенін атап өтті.

«Тергеу аяқталғаннан кейін жауапкершілікті кім көтеретіні анықталады. Бұл ПИК болуы мүмкін, құрылыс компаниясы немесе Тұрғын үй басқармасы болуы ықтимал. Үйдің пайдалануға берілгеніне 21 жыл болғаны рас, кепілдік мерзімі де өтіп кеткен. Бірақ бұл ғимарат мүлде тексерілмеуі тиіс дегенді білдірмейді. Қалған ақпарат тергеудің құпиясына байланысты әзірге жарияланбайды», – дейді адвокат.

Егер істі жаңа баппен қайта қозғау туралы ұсыныс қабылданса, кінәлі деп танылған тұлғалар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.