Онда Мемлекет басшысының халықаралық іскерлік белсенділік, инновациялар және технологиялар орталығын құру бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға баса назар аударылды.
Кеңес мүшелері Президенттің Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе беру жөніндегі Жарлығы шеңберінде тиісті институционалдық базаны әзірлеу барысы мен инфрақұрылым салу және инвестициялар тарту жөніндегі шараларды талқылады. Премьер-министрге әзірленіп жатқан «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасына қатысты ұсыныстар айтылды. Олардың ішінде өзінің жеке реттеушілік және әкімшілік экожүйесін құру, құқықтық және басқарушылық инновациялар, мемлекеттік сервистердің цифрлық интеграциясы және тағы да басқалар бар. Одан бөлек, құрылыс, энергетика, экология, көлік және ТКШ салаларында, соның ішінде «ақылды» қала технологиясы шеңберінде де, халықаралық стандарттар мен инновацияларды енгізу ұсынылып отыр.
Жалпы, Алатауда тұрғын үй құрылысы қазір оң қарқын көрсетіп отыр. Биыл 103 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықаралық сарапшыларды тарту және әлемнің жетекші мегаполистері тәжірибесін зерделеу арқылы қаланың дизайн-коды және кешенді көлік схемасы әзірленуде.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр тиісті министрліктер мен Алматы облысы әкімдігіне жұмыстарды жеделдету және сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.