Партиямыздың әйелдер қанатының құрылға­нына үш жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында оның партияның ауқымды бағыты ретінде институты қалыптастырылды.
Әйел аманаты: Tomiris мұрасы –  жаңашылдыққа жол салған жоба
914
оқылды

Бекітілген тұжырымдама аясында 10 басым бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен партия – саяси құрылым болғандықтан, негізгі жұмыс бағытымыз – әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту. 

Бұл бағытта соңғы зерттеу­лерге тоқталсақ, Қазақстан ген­дерлік алшақтықтың жаһандық индексі рейтингінде (Global Gender Gap Report 2025, june 2025) өз позициясын нашарла­тып, әлемдегі 148 елдің ішінде 92-орынға түсті. Былтыр ел 146 мемлекеттің ішінде 76-орында болған. Саяси құқықтар мен мүм­кіндіктер бойынша ел 117-орын­ды иеленіп, Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткішке ие болды. 2025 жылы еліміз жақ­сартқан жалғыз сала – денсау­лық сақтау. Еліміз «Денсаулық және өміршеңдік» суб-индексі бойынша 13 орынға көтеріліп, 33-орынды иеленді. Жиынтық көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Трендтерге келетін болсақ, әйел­дер мен ерлердің құқығы мен мүмкіндіктеріндегі айырма­шылық ең аз байқалатын алғаш­қы үштікке дәстүрлі түрде Сол­түстік Еуропа елдері – Исландия, Финляндия және Норвегия кірді.

Әрине, мәселе әйелдердің үлесін саясат пен экономикада неғұрлым басым ету емес, ерлер мен әйелдерге осы жолда тең мүмкіндіктер мен құқықтарға жол ашу. Осы тұрғыда партия­мызда қолға алынған Tomiris жобасының биылғы кезеңінің нәтижелеріне тоқталып өтейін. Осы жылы ол төртінші рет өт­кізілді. Қатысушылардың саны да, сапасы да, олардың кәсіби және дайындық деңгейі де бұл жобаға қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жат­қанын көрсетеді. Қыркүйек айында Tomiris біліктілікті арт­тыру білім беру бағдарламасына тыңдаушыларды іріктеу конкур­сына барлығы 164 өтінім қабыл­данып, жолдаған құжаттарға сараптама жүргізіліп, оның нә­тижесінде 88 кандидат іріктеудің екінші кезеңіне – әңгімелесуге жіберілді. Әңгімелесу бары­сын­да үміткерлердің мансаптық жетістіктерін, көшбасшылық әле­уетін және өсуге деген мо­тивациясын бағалау арқылы олар­дың рейтингтік ұпайы анық­талды. Одан кейін бей­не­презентация мен әңгімелесу нә­тижелерін біріктірген инте­г­ралды бағалау негізінде Tomiris оқыту бағдарламасына қаты­сатын финалистер тізімі анық­талды. Нәтижесінде, аймақтық бөлініс бойынша 60 үміткер бағдарламаға қатысу құқығы­на ие болды. Финалистердің сала­лық құрамы төмендегідей болды: білім беру саласы­нан – 9, денсаулық сақтаудан – 6, журналистикадан – 3, кәсіп­кер­ліктен – 14, мәдениеттен – 7, мем­лекеттік қызметтен – 4, қо­­ғам­дық қызметтен – 6, партия қызметкерлері қатарынан – 4, үкіметтік емес ұйымдар өкілде­рінен – 1, студенттер – 6 адам. Ай­та кету керек, студент қызда­ры­мыз биыл бұл жобаға алғаш рет қатысып, саяси жұмысқа ара­ласуға дайын екенін бай­қатты. Олардың қатарында На­зарбаев университеті, С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қа­зақстан университеті, Қ.Жұ­ба­нов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, М.Өтемісов атын­дағы Батыс Қазақстан уни­верситеті, Абай Мырзахметов атын­­дағы Көкшетау универси­тетінің түлектері бар. 

Енді, міне, Tomiris қатысу­шылары арнайы оқытудан өтіп, өз өңірінде белсенділік та­ны­тып, қоғамдық-саяси істер­ге қатысуға, партия алаңдарындағы түрлі бағытта жұмыстарын жүр­гізуге дайын болды. Ендігі ке­зекте олар өздері бастамашыл болып, өңірлерде әйелдер қана­тының жұмысына белсене ара­ласса деген тілек бар. Ол үшін өңірлік партия филиалдары та­рапынан да қолдау қажет.

Tomiris жобасының өңірлік жалғасы ретінде біз енді «Әйел аманаты» кіші жобасын іске қос­тық. Ол – аймақтық ерекше­ліктерді қамтитын, әйелдердің көшбасшылық әлеуетін жүйелі дамытуға арналған ұзақмерзімді бастама. «AMANAT» партия­сы­ның «Әйел аманаты» бастама­сы – әйелдер саяси көшбас­шылығын дамытуға арналған Tomiris жобасының қисынды жалғасы. Бұған дейін Tomiris арқылы жыл сайын 40-60 әйел даярланып келсе, жаңа бастама ауқымдырақ деңгейге өтіп, елі­міздің барлық өңіріндегі әйел­дерді біріктіретін үздіксіз әрі тұрақты алаңға айналуда. Оның басты ерекшелігі – әйелдердің кәсіби, тұлғалық және қоғамдық дамуына жүйелі түрде қолдау көрсету, оларды партиялық және қоғамдық процестерге кеңінен тарту.

«Әйел аманаты» бастама­сының ең маңызды ерекшелік­терінің бірі – оның өңірлерге бейімделген моделі. Жоба бір орталықтан қатаң басқарыл­майды, әр облыс өз шағын жо­басына сол өңірден шыққан, ұлтқа елеулі үлес қосқан әйел тұлғаның атын беріп, мазмұнын жергілікті ерекшелікке, мәде­ниетке және әйелдердің нақты қажеттіліктеріне сай қалып­тастырады. Осындай икемді тәсіл әйелдердің бастаманы қолдауына және оны өздеріне жақын, өз жобасы ретінде қа­былдауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл модель партия­мыз үшін жаңа есімдерді анық­тайтын тұрақты алаңға айналады деп үміттенеміз. 

Жобаның мақсаты – түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіби әйелдер арасынан жаңа көш­басшыларды анықтап, оларды қолдау және алға жылжыту. Бұл жұмыс, ең алдымен, бастауыш партия ұйымдарының белсен­ділігін арттыру арқылы жүзеге асады. Жоба аясында әр өңірден кемінде 100 әйелді анықтау жос­парланған. Олардың қатарына білім, медицина, кәсіпкерлік, мә­дениет, спорт, туризм, әлеу­мет­тік сала, IT, энергетика, кө­лік және басқа да бағыттардың өкілдері кіреді. Мұндай әрта­рап­ты құрам әйелдердің саяси көшбасшылық бағытында да­муына, кәсіби және өңірлік тұр­ғыдан оларға жаңа мүмкін­дік­тер ашуға жағдай жасайды. Бұл кіші жоба арқылы біз тә­жірибе сабақтастығын да қам­тамасыз етеміз. Tomiris респуб­ликалық партиялық жоба тү­­лектері өңірлік жаңа көшбас­шылардың менторлары болатын болады. Алдыңғы жылдардағы Tomiris жобасының түлектері жаңа бастаманың тірегіне ай­налады. Олар тәжірибесін бө­лісіп, менторлық қолдау көр­сетіп, жаңа қатысушыларға бағыт-бағдар береді. Осылайша, идеялардың сабақтастығы, құн­дылықтардың сақталуы және әйелдер көшбасшылығының тұрақты дамуы қамтамасыз еті­леді. Олар тренер, модератор, спи­кер ретінде өңірлік қауым­дастықтың дамуына тікелей үлес қосады. Бастама шеңбе­рін­де әртүрлі белсенді формат қам­тылып отыр:

тақырыптық нетворкингтер мен кәсіби кездесу алаңдары;

өңірлік және республикалық деңгейдегі телебағдарламаларға қатысу;

баспасөзде және онлайн-басылымдарда тұрақты автор­лық материалдар жариялау;

практикалық воркшоптар, өңіраралық тәжірибе алмасу;

әйел-көшбасшылардың подкаст, медиаөнімдері.

Мұндай жан-жақты әдістер әйел дағдыларын дамы­тумен қатар, олардың қоғам алдын­дағы белсенділігін арт­тырады. Бастаманы іске асыру ба­ры­сында ел бойынша әйел­дер­дің мықты өңірлік пулын қа­лыптастыру көзделген. Бұл – әр салада өзін көрсеткен, бел­сен­ді, жауапкершілігі жоғары, бастамашыл әйелдердің тобы. Олар әйелдер тарапынан пар­тиялық жұмыстардың, қоғам­дық жобалардың негізгі қозғау­шы күші болады. Бұл алда әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық жобаларға жү­йелі түрде тартудың, сондай-ақ әйелдердің өкілдігін кемінде 30% деңгейінде қамтамасыз ету жөніндегі квотаны іске асы­ру­дың және олардың мансаптық өсімін қолдаудың тиімді құралы болады. 

Бұл бірреттік акция емес. Ол – еліміздегі әйелдердің әле­уетін ашуға, азаматтық қоғам­ды нығайтуға, әлеуметтік тұ­рақты­лықты қамтамасыз етуге бағыт­талған ұзақмерзімді стратегия. Осы арқылы партия жаңа буын әйел көшбас­шы­ларын ғана қалыптастырып қоймай, Қазақ­стандағы әйел­дер қауымдас­ты­ғының саяси додаға сапалы даярлануына да серпін береді.

Ш.КАРИНОВА,

«AMANAT» партиясының Хатшысы, 

Әйелдер қанатының жетекшісі