Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында және «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты, Қызылорда медициналық жоғары колледжі мен Қызылорда облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп, Сырдария өзенінен Қызылорда қаласы сол жағалауына өтетін аспалы көпір және өзен жағасына тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Таза Қазақстан» эко акциясы жалғасып жатыр
694
оқылды

Ұйымдастырушылар тазалықпен қатар вандализм мен есірткіге қарсы бүлінген және жарнама жазылған қабырғалардағы жазуларды өшірді. 

Іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысты. Ол «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы мен «Есірткіге жол жоқ», «Вандализмге жол жоқ» акция­ларының маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды тазалық мәдениетін сақтауға, жастарды бұрыс қылықтардан қашық болуға шақырды. 

Мұнан соң облыстық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Темірхан Ахмет сөз алып, қазіргі таңда күн тәртібінен түспей тұрған жастар арасындағы мәселелерді баяндап, осы бағытта басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. 

Тазалық шарасына 70-ке жуық ерікті қатысты. Олар аспалы көпір астындағы Сырдария өзенінің жағасына тазалық жұмыстарын жүргізіп, граффити жазбаларын жою бойынша жұмыстар жасады. 

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының аймақтық және аумақтық филиалдары Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» эко акциясына қолдау мақсатында әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясын ұйымдастырып келеді. Жыл басынан бері «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен тарихи, мәдени, табиғи мұраларды сақтауға бағытталған «Вандализмге жол жоқ!» ак­циясы аясында ескерткіштер мен табиғи қорықтарды тазарту бойынша 40-тан астам іс-шара өткізілді. Аталған акцияға мәсли­хат депутаттары, облыстық партия төраға­сы, қоғамдық пікір көшбасшылары, журналистер мен блогерлер және 800-ден астам белсенді жастар атсалысты. Сонымен қатар «Есірткіге жол жоқ!» акциясы негізінде жастар түр­лі форматтағы кездесу жиындары мен тексе­ріс жұмыстарын жүргізді. Бел­сенділер синтетикалық есірткі құралдарын сатып алуға арналған жарнама граффи­тилеріне қала көлемінде рейд жүргізіп, арнайы мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырды.

Елнар ЕЛТАЙ