Олай дейтініміз, олар биыл Азия ойындары алдында бапкерсіз қалды. Сонда да бірнеше жарыстан жүлдесіз қайтқан жоқ. Біразы – 18-25 жас аралығындағы өрендер. Соның бірі – керлингтен әйелдер құрамасының мүшесі, астаналық Мерей Тастемір. Жас та болса, әлеуметтік желіде керлинг спортының жай-күйін айтып, дабыл қағып жүргені қуантады. Осы орайда спортшыны әңгімеге тартып, мәселенің жай-жапсарын сұрадық.
– Мерей, сіз бұл спорт түрін қалай таңдадыңыз?
– Анам денешынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.Содан ба, бізді спортқа баулып өсірді. 8 жасымнан бастап түрлі үйірмеге бардым. Бірнеше ай бокс, волейбол, би үйірмесіне қатыстым. Кейіннен керлингпен жолым түйісті. Бұл бір қызық оқиға. Неге десеңіз, 11 жасқа толғанда кездейсоқ мұз айдынымен дос болуға шешім қабылдадым. Алыс туысымыз Айнагүл Алтайқызы Астана командасына бала жинап, тума-туысына, көрші-көлеміне қолқа салды. Сөйтіп, анам мені «Алау» мұз айдынына ертіп апарды. Содан бері осы спорт түрімен айналысамын. Иә, бірден ықыласым ауды деуден аулақпын. Басында ненің не екенін түсінбейтінмін. Бірақ бапкерім Айнагүл Алтайқызының мені мақтағаны сондай, сол сөзі жігерімді жанып, ары қарай жаттығуыма дем берді. Осылайша, үзіліссіз 7 жыл Астана командасында тер төгіп, ұлттық құрамаға шақырту алдым. Шынында, ұлттық құрамаға іріктелгенім маған да күтпеген оқиға болды.
– Ініңізбен бірге өнер көрсетесіз, сонда бауырыңызды осы спортқа әкелген сізсіз ғой?
– Иә, Ибрагимді керлингке әкелдім десем де болады. Оның бұл спорт түрін таңдауын ұзақ күттік. Шамамен 2-3 жыл оны көндірумен, шақырумен әлек болдым. Өйткені жаттығу жексенбі күні 7:00-де басталады. Інім болса, ұйқысын қимай, біраз уақыт өзімен күресіп жүрді. Қызығы сол, нәтижесінде ол менен бұрын ұлттық құрамаға іріктеліп, шақырту алды. Жоғарыда айтқанымдай, отбасымызбен спортқа жақынбыз. Ибрагим де керлингке тез бейімделіп, жетістікке жетті. Алғаш рет Алматыға үлкен жарысқа барғанында Виктор Георгиевичтің көзіне түсті. Оған оның алаңда өзін көрсетуі, мінезі ұнап, ұлттық құрамаға қосты. Білесіздер, ініммен бірге аралас жұп дисциплинасында өнер көрсетеміз. Бірнеше халықаралық жарысқа қатыстық. Жастар арасындағы Олимпиада ойындарына барып, ақ аламанның дәмін татқанымыз бар.
– Керлинг командалық спорт түрі дейміз. Осы орайда әр нөмірдегі ойыншының рөлін атап өтсеңіз. Мысалы, сіз көбінесе қай позицияда ойнайсыз?
– Командалық спорт түрінің ерекшелігі сол, өзің ғана емес, қасыңдағы үш адамның жауапкершілік жүгі тең. Ойын барысында әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Мысалы, жаныңдағы адамның көңіл күйі болмаса, өзін жайсыз сезінсе, жігерлендіріп, қолдау білдіру маңызды. Жалпы, керлингте төрт позиция бар. Әр позицияның өзінше жүгі бар. Өз басым осы төрт позицияда да ойнап көрдім. Қай-қайсысы болса да оңай емес. Бірақ төртінші нөмірде ойнағанда он есе жауапкершілігің артады. Басқа позицияда қателік жіберуің мүмкін, бірақ төртінші нөмірде соңғы екі тасты лақтыратын болған соң қателік жіберуге құқығың жоқ. Сол себепті психологиялық түрде ауыр. Жақында өткен барлық құрлық чемпионатында төртінші нөмірде ойнап, соңғы екі тасты лақтырдым. Қатты қобалжығаным рас. Арқаңда команданың ұпайы мен елдің сенімі тұрғанда барыңды салуға тырысасың.
– Айтқаныңыздай, биыл күміс жүлдеге қол жеткізген бәсекеде қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіздер?
– Жақында АҚШ-та өткен барлық құрлық чемпионатында ерлер мен әйелдер құрамасы финалға шығып, екеуі де күміс медаль алды. Бұл жарыс біз үшін маңызды әрі жауапты бәсеке болды. Күміс жүлдеге қол жеткізу жолында көптеген қиындықты бастан өткердік. Ең алдымен, бапкерсіз бәйгеге қатыстық. Өйткені биыл Азия ойындарына дейін Антон Батугин бізбен жұмыс істеп, бапкер болды. Батугинмен бірге өткен панконтиненталды ойында әйелдер үшінші, ерлер екінші орын алды. Бірақ аталған бапкер бізбен тұрақты жұмыс істей алмады. Бірде бар, бірде жоқ. Сондықтан қай спорт болмасын, тұрақты дайындайтын, команданың ыстық-суығына төзетін бапкер керек-ақ. Қателікті дұрыстап, психологиялық көмек көрсетуі қажет. Өйткені аталған жарыста психологиялық қысым жоғары болды. Күн сайын бірнеше матч өткізу, мұзға бейімделу, қарсыластың деңгейіне төтеп беру қиындау болды. Бірақ бәріміз бір-бірімізге сендік, командалық рухты жоғалтпадық. Әр ойыннан тәжірибе жинап, соңына дейін күрестік.

– Иә, Азия ойындары кезінде «бапкерсіз, мұзсыз қалсақ та, жеңіске жетуге барымызды салдық» деп жазғаныңыз есімізде. Бұған не себеп сонда елдегі инфрақұрылым дұрыс емес пе?
– Өкінішке қарай, елдегі керлинг инфрақұрылымы толық дамыды деп айта алмаймыз. Расымен, биыл Азия ойындары кезінде бапкерсіз, мұз айдынынсыз қалып, үлкен қиындыққа тап болдық. Соған қарамастан, сегіз ойынның бесеуінде жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алдық. Әрі қарай үшінші орынға таласып, сол жолда барымызды салдық. Ең өкініштісі, біз енді дамып, нәтиже көрсете бастаған тұста керісінше қаржылай қолдау мен жарысқа қатысу мүмкіндігі азайып кетті. Әрине, мұның барлығы ұзақ уақыт бойы алға жылжу болмаған соң болғанын түсінеміз. Бірақ содан бері біршама өзгеріс бар. Қазір керлингпен айналысатындар саны көбейді. Жастар белсенді әрі нәтижеге жұмыс істеп жатыр. Алтын алуға, барған жерінен бос қайтпауға тырысады. Сондықтан бізге сенім артып, тағы да қолдау білдірсе дейміз. Себебі осы спорт десе ішкен асын жерге қоятын, еңбекқор спортшы көп. Қанша жылдан бері түрлі жарысқа қатысып келеміз. Десе де, әлі күнге бірінші орын бұйырмай тұр. Бірақ барлық ойыншының көздегені сол, алтын медаль алып, өзін дәлелдегісі келеді. Ал алтынға қол жеткізу үшін керлингке арналған мұз айдыны, құрал-жабдық керек. Спортшылар айдынның қашан босайтынын күтіп тұрмай, емін-еркін жаттықса дейміз. Білікті бапкер келіп, әлемдік аренада жаңа белеске көтерілуді қалаймыз.
– Бапкерсіз қалған соң онлайн бапкердің қызметіне жүгінгендеріңізді білеміз.
– Иә, бізде бір емес, бірнеше онлайн бапкер бар. Бірақ олар өздерінің қалауымен, қызығушылығымен бізге кеңес беріп, ақыл айтады. Соның бірі – Артур Али, Ресейдегі әйелдер құрамасының бапкері. Соңғы рет панконтиненталды ойында ақылын айтып, бізге көп көмек берді. Одан кейін Эмиль Гореев бар. Ол керлинг жайлы жақсы біледі, бізге көмектесіп тұрады. Негізі, оларға қалай алғыс білдірсек те аз. Аталған онлайн бапкерлер болмаса, бізге қай жерден қате жібергенімізді айтып, демейтін ешкім жоқ.
– Алда ақ Олимпиада ойындары келе жатыр. Болашақта ұлттық құраманың керлингтен лицензия алуға мүмкіндігі бар ма?
– Былай қарасақ, құраманың Олимпиада жолдамасын иеленуге әлеуеті жетеді. Бірақ бұған жету үшін қыруар еңбек пен қолдау керек. Керлингте рейтинг жүйесі бар. Ақ Олимпиадаға жолдама алу үшін әлемдік рейтингте жоғары ұпай жинау керек. Мысалы, тұрақты түрде халықаралық турнирге қатысып, тиісті ұпай аласыз. Әсіресе, әлем чемпионатында үздік үштікке ену керек. Қазір Қазақстан құрамасының әлеуеті өсіп келе жатыр. Ойын деңгейі, тәжірибе, командалық өзара түсіністік жақсарған. Алайда жарысқа жиі қатысуға мүмкіндік жоғы, тұрақты мұз айдыны болмауы – басты кедергінің бірі. Егер алдағы екі жылда қолдау күшейсе, тұрақты оқу-жаттығу жиыны өтіп, халықаралық жарысқа қатысу, демеуші табу жағынан мәселе шешілсе, Олимпиадаға жолдама алу нақты мақсатқа айналады деп ойлаймын.
– Мақсат деп қалдыңыз, өзіңіз алда қандай биікті бағындырсам дейсіз?
– Спортта алға қойған бірнеше мақсатым бар. Алдымен халықаралық турнирлерден алтын алқалап, ақ Олимпиадаға жолдама алсам деймін. Олимп шыңын бағындырып, Әнұранды әуелеткім келеді. Одан кейін керлингтің елімізде Еуропадағыдай танымал спорт түріне айналуына үлес қосу ниетім бар. Бапкер атанып, мықты әрі бәсекеге қабілетті керлингшілерді тәрбиелесем деймін.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ