Сондай-ақ ол мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, жергілікті жұртшылықпен және бірінші өңірлік «Талдау мектебінің» тыңдаушыларымен жүздесті. Іс-шаралар барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жолындағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалып, палатаның мәслихаттармен және сарапшылармен өзара іс-қимыл форматтары талқыланды.
Сенат Төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауында айтылған бастамаларды сапалы іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың кешенді әрі жүйелі бірлескен жұмысы қажет. Осыған байланысты мәслихат депутаттарымен және ҚХА мүшелерімен кездесуде жергілікті өкілді органдар мен сараптамалық-талдау қоғамдастығын заң шығару қызметіне белсенді тарту мәселесіне баса мән берілді. Мұндай формат Қазақстанның сапалы экономикалық өсуіне, Құрылыс, Цифрлық кодекстерді, Банктер мен банк қызметі туралы заңды, басқа да қажетті заңдарды уақытылы қабылдауға және Парламент қызметін одан әрі жетілдіруге тың серпін береді. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде заң шығару үдерісі мен шешім қабылдаудың тиімділігін арттыруға арналған және саяси реформаларды біртұтас институционалдық жүйеге біріктіруді көздейтін парламенттік реформаға да назар аударды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағытына ерекше назар аударып, еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап берді. Оны сапалы іске асыруға үлес қосу – бәріміздің маңызды міндетіміз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғамдық және сараптамалық талқылауға шығарды. Парламенттік реформаның нәтижесінде мәслихаттардың да рөлі артады. Өйткені сіздер жергілікті жерлерде халықпен тікелей жұмыс істеп келесіздер. Қорытынды шешім азаматтардың пікірі ескеріле отырып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады», – деді палата Спикері.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысының әлеуетін одан әрі арттыру үшін күш біріктірудің маңызы зор екенін айтты. Бұл өңір ірі индустриалды орталық ретінде елдің экономикалық дамуы жолында ерекше мәнге ие. Қазір бірқатар басым бағытта жоғары көрсеткіштер байқалады. Бұл үрдіс жаңа экономикалық модельге көшуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға айтарлықтай ықпалын тигізіп отыр.
Мәулен Әшімбаев облыстың белсенді жастары – бірінші өңірлік «Қарағанды Талдау мектебінің» қатысушыларымен кездесуде жас буынның еліміздің дамуы және реформаларды іске асыру жолындағы рөліне кеңінен тоқталды. Сенат Төрағасы сарапшыларға Taldau Community-дің құндылықтары және жобаның негізгі мәні жөнінде айтып берді. Ол Мемлекет басшысы еліміздің тұрақты дамуында аналитикалық тәсілдер маңызды рөл атқаратынына үнемі көңіл бөліп келе жатқанын тілге тиек етті. Осыған байланысты Талдау мектебі бірнеше жыл бойы мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, білім және ғылым мекемелерінің және басқа да саладағы жас мамандардың талдау қабілетін шыңдауға қолдау көрсетіп келеді.
Сапар аясында сенаторлар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті. Сондай-ақ олар боччадан жолдастық матчты тамашалады. Бұдан басқа, депутаттар өңірдегі бірқатар кәсіпорынға арнайы барып, өнім өндіру технологиясымен танысты.