Кейінгі 10 жылда білім беру, денсаулық сақтау жүйесі және әлеуметтік саланың инклюзияға бет бұруы – қуантарлық жетістік.
Ерекше балалар елеусіз қалмасын
573
оқылды

Дегенмен инклюзивті білім беру саласында реттелмеген мәселе де өте көп. Біз елдегі жағдайдан хабар алу үшін саланы сараптап-саралайтын практик мамандардың пікірін назарға алуды жөн көрдік. Сол себепті де Болат Өтемұратов қорының директоры Айнұр Бағдатқызына хабарласқан едік. Айнұр ханым әңгімесін қордың не себепті аутизм саласына бағытталғанын түсіндіруден бастады.

Қор алғаш құрылған сәтте Қамқоршы­лар кеңесі нақты қай бағытты басты наз­арға алу керегін ақылдасады. Бұл кезде елдегі аутизмі бар балалардың ата-ана­лары бірігіп кішігірім ұйым құрып, ерек­ше балаларға мемлекеттік қолдау алу бағы­тында әртүрлі іс-шара өткізіп жүрген. Осыдан 10 жыл бұ­рын бұл мәселеге елдік мас­штабта көңіл бөл­ін­беген де еді. Сон­дық­тан қордың аутизм саласына бет бұ­руына шешуші рөл атқарған Алмаз Төре­гелдіұлы болатын. Қа­д­ірлі ғалым қор құрыл­тайшысына шетелге барып, аутизм саласын зерттеп жүрген ұйымдармен серіктесу, ұйымдардың тиімді тәжірибесін игеру жөнінде ұсыныстар айтады. 

Қор 20 мыңнан аса баланы қолдаған

–  Ұсыныс қолдау тауып, 2015 жылы қор Астана және Алматы қаласында «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталықтарын ашады. Содан бері аутизм спектрінің ауытқуы бар балаларға қолдау көрсету мақсатында 13 орталық аштық. Бұл орталықтар елге тегін көмек көрсетеді. Ал­маз Төрегелдіұлы, Марат Айтмағам­бетов, басқа да қордың маман­дары әлем­дегі ең үздік бағдарламаларды зерттеп игеріп, 6 мо­дуль­ден тұратын отан­дық  «Аутизм. Бар­ша­ға бір әлем» бағдар­ла­масын дайындап шы­ғарды, – дейді Айнұр Бағдатқызы.

Қазір «Асыл Мирас» орталығында әр салаға бағытталған, маманданған 300-ден аса арнайы мамандар қызмет етеді. 13 орта­лық 18 жасқа дейінгі балалар мен олар­­дың ата-анасына қолдау көрсетіп келеді. Ма­ман­дар ABA-терапия, JASPER, Денвер ерте интервенция бағдарламасы (ESDM), Дағ­дар­ыстардың алдын алу Маркус бағдар­ла­масы (MCPP) сияқты жетекші халықаралық стандарттар мен дәлелді әдістемелерді қолданады. Қордың Autism Friendly жобасы қызмет көрсету саласының мамандарына ақпарат беріп, аутистер үшін қолайлы орта туғызуға ар­нал­ған. Айнұр Бағдатқызы жұ­мыс барысы жайында да кеңінен таныстыр­ды. Оның айтуынша, ерекше балалармен жұмыс бірреттік науқан емес, мамандар әр баламен ұдайы байланыста болу керек.

– Диагностарымыз баланы қабылда­ғанда, аутизм спектрінің ауытқуы бар деген диагнозды растайды, яғни диагноз қоймай­ды, ата-ана диагнозы бар деген жолдамамен келуге тиіс. Растаудан кейін баланың жа­сына, спектрдің ауытқуына бай­ланысты қандай маңызды дағдыны дамы­ту керегін ұсы­нып, орталығымыздағы 3 айлық курс­тан өтеді. Мысалы, Денвер ерте интерве­н­ция бағдарламасына өтуге жолдама алуы мүм­кін. Бағдарлама қара­пай­ым өмірлік дағ­дыларды үйренуге, ынта­сын оятуға мүмкін­дік береді. Жалпы, балалар әлеумет­тену, оқыту, өмір сүру, сөй­леу дағдылары сынды 6 түрлі модуль­ден өтеді. Бала орта­лыққа 1-2 жасында бір келуі мүмкін, мектеп жасына жақында­ғанда және өсе келе, 18 жасқа дейін өзге де дағды­ларын шыңдау үшін бір­неше мәрте келеді. Бұл бір интер­венциямен шектеліп қалатын, жазылып кететін ауру емес, – дейді қор басшысы. 

Кейінгі 10 жылда аутизм спектрінің ауытқуы бар деген жорамалмен 25 мыңнан аса баланың ата-анасы «Асыл Мирас» орта­лығына келіпті. Орталық 25 мың баланың 20 мыңында аутизм бар екенін растап, тиісті көмек берген.

Ата-ана төзімді болуы үшін үлкен қолдау қажет

Айнұр Бағ­датқызы аутизм зерттеу нысаны ретін­де бір орында тұрған құбылыс емесін, үнемі зерттеуді қажет ете­тінін айтады. Сол себеп­ті «Асыл Мирас» орта­лықтарының бағдарламалары ұдайы жаңарып, жетіліп отырады. Оқу материал­дары, әдістемелік нұсқаулықтар, техника­лық жабдықталу, тіпті ойыншық түрлеріне дейін талаптарға сай қатаң бақылау мен қадағалаудан өтеді. Ең бастысы, ата-ана неғұрлым ертерек әрекет еткені абзал. 

– Білесіз бе, Алматыдағы орталыққа 6 айлық баласын әкелген ата-анамыз да болған. Балаңыз үшін ертерек мамандарға жүгініңіз деймін. Алайда өздігінен емделе­міз деп неше түрлі шипа болатын шешім­дер іздейтін ата-аналар да аз емес, оларды түсінуге болады, әрине. Түсіну, қабылдау оңайға соқпайды, бірақ мүмкін­дігінше мамандарға ертерек барса, бала­ның даму­ын тежеп тұрған факторларды анықтап, нақты қай бағытта жұмыс істеу керегін білесіз. Баласының ерекшелігін қабылдау және келешегіне сенім тұрғысынан әлсіздік тан­ы­тып жататын жағдайлар да болады. Балаға ата-ананың қолдауы керек, сенің қолыңнан келеді, оқи аласың деген сөздің өзі маңыз­ды. Ерекше бала­ның тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нысаны болмауы, ортасында буллингке ұшырамауы ата-ана, қоршаған ортаның дайындығы, түсінігі мен мейірім­ділігіне байланысты, –  дейді А.Бағдатқызы. 

Қазір «Асыл Мирас» орталықтары аут­ист балаларды қолдап қоймай, ата-ана­лар­мен де етене жұмыс істеп жатыр. Ғылыми дерек­терге жүгінсек, ересек ау­т­ис­тер спек­трінің ауытқуының күрделігіне қарай өмір жасы қатардағы адамдарға қарағанда бір­неше жылға қысқарақ болуы мүмкін. Сон­дықтан «Асыл Мирас» орта­лық­тары ерекше бала­лар­дың өнер-білім­ге, спортқа құлшы­нысын арттыруды да мақсат еткен. Қор белгілі бір сәтті нәти­жеге жеткенде, орта­лық­тарды әрі қарай мемлекет мен­шігіне тапсырады екен. Бүгінде 13 орта­лық­тың 11-і толығымен мемлекет менші­гіне өткен. Соған қара­мас­тан қор барлық 13 орталық­тағы оқыту бағ­дарламасы, ма­мандардың кәсіби білік­тілігін арттыруы, техникалық жабдық­тал­уы, қар­жы­лай қолдау сынды мәселе­лерге ұдайы көңіл бөліп келеді. Елімізде бұдан өзге де қай­ы­рым­дылық қор­лары мен ар­найы орта­лық­­тар жұмыс істеп жат­қаны­мен, инклю­зивті білім беру сала­сындағы олқылықты рет­теп, қажетті­лік­терді қам­тамасыз етуде мем­лекет, биз­нес, қоғамдық ұйымдар, қоғам болып бірігіп жұмыс жасауымыз тиіс. 

Елде нақты статистика жоқ

АҚШ-та аутизм саласындағы зерттеу­шілердің басын біріктіретін Autism Speaks халықаралық ұйымы бар. Ұйым кейінгі кезде Америкада 18 жасқа дейінгі аутизм спектрінің ауытқуы бар балалардың саны артып бара жатқанын айтып, қоғам наз­ар­ын аудартып отыр. Мысалы, аутизм диаг­но­зы 5-6 жыл бұрын 37 баланың бір­іне, 2-3 жыл бұрын 33 баланың біріне қойылса, қазіргі дерекке сәйкес, 30 бала­ның бірінде бұл диагноз кездеседі. 2022 жылы Дүние­жүзі­лік денсаулық сақтау ұйымының зерт­теуінше, әлемдегі әр 100 баланың бірінен бұл диагноз анықталады екен және кез кел­ген елдің халқының 1%-ы аутистер де­ген қорытындыға келген. Айнұр Бағдатқызы елімізде ерекше жан­дар жөнінде, соның ішінде аутистер бойын­ша нақты статисти­калық мәлімет жоқ дейді. 

– Тек аутистерді мысалға алсақ, әлі күн­ге дейін елдік масштабта бір орталық­тан­дырылған нақты ұлттық статистика жоқ. Аутизм – ерекше дамудың ең күрделі фор­масы. Денсаулық сақтау министр­лігінің дерегінше, 18 жасқа дейінгі 17 мыңнан аса аутист бар. Оқу-ағарту мин­ис­трлігі жоғары оқу орнына дейінгі білім алатын 12 мыңнан аса аутист бар деп тірк­еген. Аутизм, өкін­ішке қарай 18 жасқа дейін болып, кейін жазы­лып кететін құбылыс емес. ДДСҰ ұсын­ған алго­ритмді кез келген елге қол­да­ну­­ға болады. Қазір 21 млн халқымыз болса, біздің елде 200 мың­­нан 500 мыңға дейін аутист бар деп жора­малдауға болады. Кем­інде 200 мың аутис­т болуы мүмкін. Оның қаншасы 18 жас­­қа дейін, қаншасы 34-45 жас­қа дейін немесе қаншасы үлкен жас­тағы адамд­ар, нақты көрсеткіш жоқ, –  дейді маман.

­Арнайы педагогтар жетіспейді

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылы жариялаған дерегінше, даму мүм­кін­дігі шектеулі оқушылардың саны 16 мыңнан асса, арнаулы сыныптарда 10765 оқушы оқиды. Жалпы, елде 8 мыңнан аса мектеп болса, оның ішінде 2065 мектеп қана даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы сыныптармен жабдық­талған. Бұдан бөлек, 99 арнайы мектеп жұмыс істеп тұр. Алайда мектептің көбі Кең­ес тұсында сал­ынған, мектептердің тех­никалық жағд­айы жайында  ақпарат мар­дымсыз. Астана қаласының №101 «Келе­шек мектебінің» педагог-ассистенті Назерке Төретайқызы да мәселенің бар­ын жасырмады. 

– Ерекше балаларға ерекше қолдау қажет. Кейде кейбір оқушылар сабақ кезін­де өзге оқушыларға кедергі келтіреді, ай­ғай­лауы, жылауы, басқа тақырыпта әң­гіме айт­ып кетуі мүмкін. Сол кезде бәрі­нің назары сол балаға ауып, қысқасы, сабақтың сапасы кетеді. Қазір арнайы мектептердің өзінде орын жетіспейді. Ата-аналар да баласын арнайы мектепке жібергісі кел­мейді. Жалпы білім беретін мек­тепте қара­пайым балалармен тең дең­гейде білім ал­ға­нын қалайды. Кейбірі баласының ерек­шелігін мойындағысы келмейді, –  дейді Н.Төретайқызы.

Оның айтуынша, ұстаздарға педагог-ассистенттердің қолдауы керек, алайда мамандар жетіспейді. Оқу-ағарту мин­истр­лігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде инк­люзивті білім беру саласында 10275 арнайы педагог қызмет етеді. Елде 60 мыңнан аса оқушы үйде білім алып жатыр деген дерек те бар. Сонда арнайы маман­дардың аздығы, айтпаса да түсінікті жайт. 

– Оқу мақсатына толық жете алмауың мүм­кін, уақыт жетпей қалады. Құжат жұ­мыстарының көптігі де қиындық келтір­еді. Олардың жеке құжаты, ата-анамен бірлесе тол­тыратын құжаттар бар. Психо­лог, лого­пед, дефектологтармен бірге талқылап, тол­­ты­ратын құжаттар бар. Оқу­шыларым кес­теге сәйкес апта сайын арнайы маман­дар­дың сабағына қатысып отырады. Жайлы мектепте арнайы маман­дарымыз бар, бірақ бұл жерде психо­лог­тың жұмысы ауыр. Са­бақ кестесі толып қалады, қолдауды қажет ететін оқушы саны өте көп, –  дейді арнайы маман.

Алматы қаласындағы №213 мектептің дефектолог маманы Ақбота Алмас­бай­қызы да инклюзивті білім беру сала­сын­дағы бірнеше мәселенің барын жеткізді.

– Практикамызда, алдымен, ата-ана та­рапынан түсінбестік көп кездеседі. Ба­ла­ны кешенді тексерістен өткізуге қарсы бола­ды. Бұған бір себеп – ақпарат берудің жеткілік­сіз­дігі. Бізде мұғалімдерге және ата-анаға кеңес беруге бағыттаған арнайы күн­дер бар. Жоспарымызға қарай сол уа­қытта ақпарат беріп, баламен жұмыс істеу жайын талқылай­мыз. Екіншіден, матер­иалдық-техникалық база әлсіз, арнайы құралдар жетіспейді. Инклюзивті сынып­тарға қажетті жиһаз, пандус, лифт сияқты инфрақұрылым толық болмайды. Бұдан кейінгі мәселе, дефектолог, логопед, педагог-ассистент ма­ман­­дар жетіс­пейді. Оған жалақының тым аздығы – бірден-бір себеп, –  дейді дефектолог.

Н.Төретайқызы әріптестерімен түрлі семинар, курстарға қатысатынын айтады, бірақ оған барлық маман тартылмайды. Мысалы, бір мектептен бір-екі маман ғана қатысуы мүмкін. А.Алмасбайқызы да бұл пікірге келіседі. Мұғалімдер әлі де салаға толық маманданбаған, дифферен­циалды оқыту, бейімделген бағдарламалар, комму­никациялық стратегиялар бойын­ша тә­жіри­бе аз дейді. 

Не десек те, инклюзивті білім беру –  білім саласының дамуына елеулі рөл ат­қаратын бағыттың бірі. Тек білім сала­сы­ның көрсеткіші емес, ұлт болашағының кепілі. Бұл жолда мемлекет, қоғам, ұстаз­дар мен арнайы мамандар, ата-ана күші бірік­кен кезде ғана нәтиже болмақ. Осы орайда Болат Өтемұратов қорының бас­шы­сы Ай­нұр Бағдатқызы арнайы маман­дардың жа­у­ап­кершілігі жайлы мынадай пікір білдірді.

– Ерекше балалар, соның ішінде аут­истер мен олардың ата-анасына қолдау көр­­сетуге кез келген адам келмейді. Ерек­ше балалармен жұмыс істеуде маман­дар­дың арнайы білімі мен озық тәжірибені игеруі­мен қатар, мейірім, ізгілік пен зор төзімді қа­­жет ететін жұмысты өмірлік мис­сиясы рет­інде қабылдауға тиіс. Бізге мамандардың саны емес, сапасы маңыз­ды, – дейді басшы.

Инклюзивті білім берудегі қажетті­лік­тер мен заманауи талаптар, әрине, бір күнде реттеле қоймас, бірақ жыл сайын ерекше қажеттілігі бар бала саны артып келеді. Бұл ретте уақыт созудың өзі – үлкен қателік.

Айсұлу СЪЕЗХАН