Құрметті делегаттар!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының орнықты даму мақсаттарына орай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға  арналған сессиясына жолдаған  ҮНДЕУІ
110
оқылды

Орнықты даму мақсаттарына сай Халықаралық ерік­тілер жылын жариялауға арналған алқалы жиында сөз сөйлеу – мен үшін зор мәртебе.

Бұл айтулы уақиға еріктілердің рөлін күшейтуге, олар­дың ұлттық және жаһандық прогреске қосатын үлесін есе­­леуге бағытталған ортақ ұмтылысымызды көрсетеді.

Қазақстан халықаралық серіктестермен тығыз ынты­мақ­тастық жасай отырып, осы бастаманы көтерді.

Еріктілер қозғалысы Орнықты даму мақсаттарына жету жолындағы азаматтық белсенділік пен прогреске ықпал ететін ізгі амалдың жасампаздық қуатына айна­лары­на кә­міл сенеміз.

Қазіргідей алмағайып заманда еріктілер адам өмірін сақтау, қиындыққа душар болған жандарға жәрдемдесу, қоғам­дағы сенім мен ынтымақты нығайту арқылы аса маңыз­ды миссия атқарып келеді. 

БҰҰ Еріктілер бағдарламасы дүние жүзінің әр қиырында қыз­мет етеді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды бір мақ­сатқа жұмылдырады. 

Жер-жаһандағы миллиондаған адам Ұйымнан бөлек те волонтерлік қызметке атсалысады. 

Қазақстанда еріктілер қозғалысы қоғамдық өмірдің ажыра­мас бөлшегіне айналды. 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоршаған ор­таны қалпына келтіруге, экологиялық жауапкершілік мә­дениетін дәріптеуге үлес қосқысы келетін мыңдаған аза­мат­ты біріктірді. Бұл жоба БҰҰ-ның орнықты даму са­ла­­сындағы жаһандық бастамаларымен үндеседі. 

Осы орайда Алматы қаласын Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның қолдауымен халықаралық ынтымақтастық хабына ай­­­нал-дыру ниетін құптаймыз. Орталық Азия мен Ауғанс­тан­ға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуы осындай мүмкіндікке жол ашты. 

Бұл ретте Алматыда БҰҰ Еріктілер бағдарламасының су­бөңірлік кеңсесінің ашылуы Қазақстанның азаматтық бел­сенділікті және жаһандық серіктестікті дамытуға бейіл екенін көрсетеді. 

Аталған бастамалар әлемдегі сын-қатерлерді бірлескен күш-жігер мен өзара сенімнің арқасында еңсеруге бола­ты­нын растайды. 

Барша елдің еріктілерін БҰҰ-ның қоршаған ортаны қор­ғау, әлеуметтік интеграция және жастарды қолдау бағы­тындағы бастамаларына қосылып, өзара тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. 

Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына ризашылығын біл­діреді. Сонымен қатар жастардың, әйелдердің және шал­ғай аймақ тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейту үшін серіктестік аясын кеңейтуге үндейді. 

Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толды. Осы маңызды кезеңде баршаңызды әділ әрі жасыл әлем қалыптастыру жолында ынтымақ-бірлігіміздің берік еке­нін көрсетіп, адамзат игілігі үшін бірлесіп әрекет етуге ша­қырамын.

Қазақстан айтулы жыл аясында және одан кейінгі кезең­дерде де әлеуметтік маңызы бар еріктілер қызметін қол­дау үшін БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетпен және аза­мат­­тық қоғаммен ынтымақтаса жұмыс істеуге әрдайым дайын.