Атаулы іс-шараға еліміздің ғылымын дамытуға ерекше үлес қосып жүрген жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен университеттердің басшылары қатысты.
Ғылымдағы әйелдерге құрмет: Алматыда Нәйлә Базанова атындағы марапат табысталды
522
оқылды

2026 жылғы 6 наурызда Алматы қаласындағы Ғылым ордасында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет отандық әйел-ғалымдарға арналған академик Нәйлә Базанова атындағы арнайы марапатты салтанатты түрде табыстау рәсімін өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Атаулы іс-шараға еліміздің ғылымын дамытуға ерекше үлес қосып жүрген жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен университеттердің басшылары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – ғылым саласында табысты еңбек етіп жүрген қазақстандық әйелдердің жетістіктерін дәріптеу, олардың ғылым мен білімді дамытудағы рөлін атап өту болды.

Қазақ ғылымының алғашқы әйел академигі

Нәйлә Оразғұлқызы Базанова (1911-1993) – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик, биология ғылымының көрнекті өкілі. Ол ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясы атты биология ғылымының жаңа саласының негізін қалаушылардың бірі саналады.

Н.Базанова қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы (1945), профессор (1946) болды. 1951 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі атанып, 1946 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағына ие болды.

Ғалым Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, сол оқу орнында ассистент, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сонымен қатар эксперименттік биологиялық институтының директоры болды. 1951-1966 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының биологиялық және медициналық бөлімінің академик-хатшысы қызметін атқарса, 1966-1986 жылдары Физиология институтын басқарды.

Ғалымның негізгі зерттеулері ірі қара малдың ас қорыту ерекшеліктерін және жас төлдің өсуі мен физиологиясын зерттеуге арналды. Ол жануарлар организміндегі париетальды (мембраналық) ас қорыту механизмін алғаш ашып, ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Сонымен қатар малды пропион қышқылды ашытқыш қосылған сүрлемнің жаңа түрімен азықтандыру әдісін ұсынды.

Ғылымдағы ерен еңбегі үшін Н.Базанова Ленин, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту, екі рет Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған. Ол 1946-1962 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің II-V шақырылымдарының депутаты болып, V шақырылымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Одағы Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Әйелдердің ғылымдағы үлесі артып келеді

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев құттықтау сөз сөйлеп, әйел-ғалымдардың қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті.

Оның айтуынша, Халықаралық әйелдер күні көктемнің жылулығы мен өмірдің сұлулығын бейнелейтін ерекше мереке.

«Халқымыз “Жұмақ – ананың ізінде, шуақ – ананың көзінде” дейді. Бүгінде әйелдердің қоғамдағы алар орны айрықша. Сіздер ғылым мен білімнің дамуына сүбелі үлес қосып қана қоймай, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, жас ұрпақты тәрбиелеуге және ел болашағын қалыптастыруға зор еңбек сіңіріп келесіздер», – деді Академия президенті.

Ол сондай-ақ ғылым саласында әйелдердің үлесі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. Статистикалық деректерге сәйкес, бүгінде Қазақстанда ғылыми-зерттеулермен 12 893 әйел айналысады, бұл барлық ғылыми қызметкерлердің шамамен 56 пайызын құрайды.

Олардың ішінде:

  • ғылым докторлары – 898,

  • ғылым кандидаттары – 2 859,

  • PhD докторлары – 2 229,

  • бейіні бойынша докторлар – 185.

«Ғылым саласындағы жетістіктердің басым көпшілігі нәзік жандардың еңбегі десек артық айтпаған болар еді. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы атынан сіздерге осындай қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Ғылымдағы әйелдерге жаңа серпін

Нәйлә Базанова атындағы марапаттың тағайындалуы – Қазақстандағы әйел-ғалымдардың еңбегін бағалап, ғылым саласында жаңа жетістіктерге жетуге ынталандыратын маңызды қадам. Бұл бастама отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандардың еңбегін кеңінен насихаттауға және жас ғалымдарға үлгі болуға бағытталған.

 

Алматыда өткен салтанатты рәсім ғылымдағы әйелдердің мәртебесін арттырып, олардың ел дамуына қосқан үлесінің маңызын тағы бір мәрте айқындады.