Мәселен, мектеп оқушыларына арналған зерттеу жобалар, бейнероликтер, көркемсурет байқауын ұдайы өткізіп жатыр. Біз профилактикалық жұмыстардың бірі де бірегейіне айналған жоба үлгісін көргендейміз.
Елордадағы №97 мектеп-гимназиясында «Әділет алаңы» құқықтық кабинеті ашылды. Ал мектеп ұжымы бұл сәтке екі жылға жуық дайындалып, ұзақ мерзімде түрлі бағытта еңбек еткен. «Әділет алаңына» бас сұғып, мектептің құқықтық бағытта атқарып жатқан жобаларына куә болдық. Іс-шараға Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Асима Бимендина, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ және прокуратура және полиция қызметкерлері, білім басқармасының өкілдері, ата-аналар мен ұстаздар қатысты. Таң-тамаша еткен жағдай, мектептен оқушылардың практикалық дайындығына қажет арнайы «Сот залын» да таба аласыз. Оқушылар қалалық прокуратура мамандарынан практикалық ілім алып, сот процесін шынайы сахналады. Бұл – енді бөлек әңгіме. Алдымен, мектептің «Әділет мектебі» жобасы жайында сөз етелік.
2024 жылы №97 мектеп-гимназиясы оқушыларға есігін айқара ашып, жұмысын бастаған. Сол сәттен бері білім беру ұйымының басты миссиясы – тілдерді тереңдетіп оқыту, білім алушыларды халықаралық өзгерістерге бейім, құндылықтарға бай парасатты тұлға ретінде қалыптастыру, бұдан кейінгі ретте тарих пен құқықтану пәндерін оқытуға бағыттанған. Мектеп ашылған сәттен «Әділет мектебі» жобасының бағдарламасын жасақтап, концепциясы мен сабақ жоспарын дайындап, Астана қаласының Білім басқармасы мен әдістемелік орталығымен бірлесе жұмыс істеуді қолға алған. Білім басқармасы 2025-2026 оқу жылына білім беру ұйымдарында экспериментті, инновациялық жобаларды іске асыру мақсатында қолдау берген. Қазір бұл бағдарлама негізінде 8 мектеп жобасын іске асырып жатыр.
Байқауымызша, «Әділет мектебі» жобасы – заман талабынан туындаған бастама. Мектеп директоры Зәмзагүл Ертайқызының айтуынша, жоба аясында оқушылардың әлеуметтік желіге тәуелділігін, басқа да мәселелерді ескере отыра жүргізуді жөн көрген.
– Бүгін «Әділет мектебіне» 50 оқушы салтанатты түрде қабылданады. Оқушылар арнайы іріктеуден өткен жоқ, өз қалауымен және ата-ана келісімімен жобаға қабылданды. «Әділет мектебінің» мүшелері мектепте 4 жыл бойы құқық саласын тереңірек оқып, білім алады. Мектепті бітірген соң ары қарай ізденісін жалғастыру өз таңдауына байланысты. Бастысы, кез келген салада адам құқығын зерттеп-зерделеп, заңды білу артық етпейді. Олар Құқықтану және «Әділет алаңы» кабинеттерінде практикалық білім жинайды, – дейді Зәмзагүл Ертайқызы.
Оқушылар кино түсіріп жатыр
Мектеп ұжымы жобада оқушылардың шығармашылыққа қызығушылығын ояту үшін бірнеше қысқаметражды фильм түсіруді мақсат еткен. Мектеп әкімшілігі «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында кастинг жариялап, арнайы байқау өткізген. Байқау нәтижесінде жұмысы үздік танылған оқушылар өз фильмін түсірген. Фильм сценарийін жазып, түсірілімді ұйымдастырып, киноға түскен де оқушылардың өзі. Оқушылардың шығармашылық жұмысы Астана емес, республика көлемінде құқықбұзушылықтың алдын алуға әсер етіп, әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған. Киноға түскен оқушылармен де аз-кем тілдескен едік.
– Қазір 8 «Ә» сыныбында білім алып жатырмын. Фильмге түскенде, буллингтің қоғам үшін қандай маңызды мәселе екенін, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерін терең түсіне білдім. Менің ойымша, әрбір оқушы мектепте өзін қауіпсіз сезіну керек, – дейді Адель Шадартаева.
Ал 11-сынып оқушысы Аман Рақымжан бұл фильмдер қоғам дертіне айналған мәселелерге азаматтық қарсылық білдірудің нышаны екенін айтады.
– Жалпы, сіз көрген бейнематериалдар кейінгі кездері болып жатқан мәселелерден туды. Жұмыстарды зиян әдеттерге, қоғам дертіне қарсылығымызды көрсету үшін түсірдік. Минифильмдерімізді елдің түкпір-түкпіріндегі жұрт, тіпті оқушылар да көрді. Қуанарлығы, туындымыз Kinoplexx, Kinopark, IMAX кинотеатрларында да жарнама ретінде көрсетілді, – дейді Аман Рақымжан.

Мектеп басшысының айтуынша, жақында тағы бір туынды жарық көрмек. 12 бөлімнен тұратын «Әділет мектебі» сериалы балалар арасындағы суицид, буллинг, лудомания сынды әлеуметтік мәселелерді қозғайды.
– Бәрін сапалы істеуді мақсат еттік, арнайы режиссер мамандар шақырып, келісімге отырдық. Балалардың ойын тыңдадық, арнайы байқау өткіздік. Қарап отырсақ, қазіргі мәселені бала өз сөзімен бейнелеп тұр. Мүмкін бұл жағдайды басынан өткізген де шығар, біз білмейміз ғой, – дейді мектеп директоры.
Этнографиялық зерттеудің маңызы
Бұдан бөлек, мектепте кітап оқу клубы жұмыс істеп тұр, жаңа заманның талабына сай подкаст студия ашылған. Ұстаздардың жетекшілігімен әлеуметтік-этнографиялық зерттеулер жобасы бастау алған. З.Ертайқызы әлеуметтік-этнографиялық зерттеудің білім саласында бұрыннан қалыптасқан әдіс екенін айтады. Бұл методика Еуропаның, Американың, Дубайдың білім беру бағдарламасында бар. Оқушының қоғаммен байланысын дамытып, практикалық тәжірибе беруде жобаның маңызы басым, бұл шет мемлекеттерде едәуір дамыған. Зерттеуге қатысқан оқушылар топтасып, жұптасып әрекет етіп, әлеуметтік мәселелердің шешімін бірге іздейді. Олардың ғылыми зерттеу жобалары топтастырылып, арнайы жинаққа да енген. Біз бұл жиында «Мен және терезеден тысқары әлем» кітабымен танысып үлгердік, оқушылардың пікірін де тыңдадық. Кітапта 19 оқушының үздік зерттеу жұмысы жарық көрген.
– Оқушылар бүгінде теориялық, академиялық білім алып қоймай, қоғамда не болып жатқанын зерттеу жұмысында көрсетіп жатыр. Бұл кішігірім әрекеттен басталады. Мысалы, ұстаздар сабақ кезінде «Мектепке бара жатқанда, үйге қайтқанда, сыртта қандай мәселені байқайсыңдар? Бұл проблема қандай тәртіп, ереже, әдет-заңдардың дұрыс жұмыс істемейтінін көрсетеді? Балалар сабақта жағдайды талдап-талқылап, этнографиялық зерттеу күнделігін жүргізеді. Күнделік қоғамдағы келеңсіз оқиғаларды, сәтті жобаларды зерттеп, мониторинг жүргізуге көмектеседі. Балалар дұрыс жұмыс істемейтін схемаларды сараптап, өз инновациялық жобасын ұсынады, – дейді Ұлттық сауаттылық қоғамдастығының директоры, зерттеу жұмысының жетекшісі Майра Рахымбаева.
Жуырда оқушылардың жұмысына қатысты ғылыми конференция да өтпек. Ғылыммен достасуға арнайы уақыт та қарастырылған, тренер мамандар да тартылған. Қазір 8-сынып оқушыларына құқықтану пәні қосымша оқытылып жатыр. Білім ордасы заң университеттерімен байланыс құрып, ынтымақтастық орнатқан, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Конституциялық және азаматтық құқық» кафедрасы мен М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті ұсынысты қолдап та үлгерген.
– Академиялық адалдықты сақтау үшін қорытынды емтихандарға жоғары оқу орындарының оқытушыларын шақыруды көздеп отырмыз. Бұл тек білім деңгейін артырып қоймай, жауапкершілік жүгін сезінуге күш береді. Талпынысымыз, атқарып жатқан игі жобамыз қазақ жастарын ынталандырып, қазақ елін құқықтық мемлекетке айналдырады деп сенеміз, – дейді З.Ертайқызы.
Бір айтарлығы, оқушылар зерттеу жұмысында тақырыпты өздері ұсынады, еркін бағытта жұмыс істейді. Мәселен, 11-сынып оқушылары «Телефонсыз өмір» деген жобаны зерттеген. Олар сынып көлемінде эксперимент жасап, экран уақытын шектеп, телефон ұстамай жүрген. Оның орнына бірге уақыт өткізіп, кітап оқып, қалада серуендеген. Солайша, телефонсыз уақыт өткізгенде, өмірлерінде өзгеріс басталғанын байқайды. 6-сынып оқушылары «Жаман сөздің әсері» жөнінде зерттеп, оның құқықтық ережесін де түсіндіріп берді.
Қазақ заң саласының негізін қалаушы, ғалым Салық Зимановтың шәкірті, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ та оқушылардың жобасымен танысып, игі істі әрдайым қолдайтынын жасырмады. Ал З.Ертайқызы мектеп атын Салық Зимановқа беруге талпынып, жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді.
– С.Зиманов өмірінің бойы тек заң саласына қызмет етті. Ол кісі үнемі «Рим құқығы, Еуропа құқығы дейсіңдер, қазақ құқығы деп сөйлеңдер» дейтін. Қазақ құқығы болған, оның терең тарихы бар, әлі де дамып жатыр. Жаман, жақсы деген сөздің өзінде қазақ құқығының негізі жатыр. Қазақта қылмыс деген сөз болмаған. Жаман іс қылды, жаман қылық жасады деп айтатын, қылмыс жасады деген – Кеңес кезінде кірген сөз, – дейді Ү.Шапақ.
Астана прокуратурасы алда да мектеп оқушыларының жобасын қолдап, профилактикалық жұмысты жалғастыра бермек. Қоғамдық мәселені түп тамырымен жоюдың бір негізі – оның алдын алу жұмысының жүйелі жүруінде. Мұндай бастамалар жасөспірімдер арасында заңға мойынсұну, мінез-құлықты тәрбиелеу мен өмірлік ұстанымдарды нығайтуға әсер етеді.
Айсұлу СЪЕЗХАН