ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Омбы, Ташкент, Қазан, Уфа, Астрахань қалаларында, сондай-ақ Қазақстан аумағы бойынша Орынбор, Орал, Семей, Верныйда (қазіргі Алматы) алғашқы баспаханалар ашылды.
«Шарқ» баспасынан шыққан қазақ кітаптары
137
оқылды

Осы баспаханаларда қазақ тіліндегі кітаптар шығарылып, оқырманға жол тартты. Қазақ тіліндегі кітаптарды шығаруда ағайынды Шарифжан, Мұхамеджан және Хасан Кәрімовтер көп еңбек сіңірді. Ағайынды Кәрімовтер 1890 жылдардан бастап кітап сату ісін қолға алды. 1900 жылы Қазан қаласынан жеке баспаханасын ашты. Сөйтіп, 1917 жылға дейін негізгі кәсібінен бөлек кітап басу, кітап сату ісімен де айналысты. 1908 жылы ағайынды Кәрімовтер баспасының Уфа қаласындағы бөлімшесі ашылды. Бұл бөлімше «Шарқ» баспасы (орысша «Восточная печать») деп аталды. «Шарқ» баспасының жеке баспаханасы болды. Бұл баспадан 1908-1917 жылдар аралығында жалпы таралымы 600 мыңнан асатын жалпы саны 200-дей кітап жарыққа шықты. Соның ішінде қазақ кітаптары да болды. Соның бірқатарына тоқталайық.

«Оян, қазақ!»

«Шарқ» баспасынан шыққан ал­ғашқы қазақ кітабы – 1909 жылы жарық көрген Міржақып Дулат­ұлының «Оян, қазақ!» жина­ғы. Профессор Нұрлан Дулатбеков бұл кітап жайында: «Ақын оны Уфа қаласындағы «Шарқ» баспа­сынан «Оян, қазақ!» деген атпен 1909 жылы бастырып шығарады. Қазақ халқының рухани өмірінде дәл сол, 1909 жылы Санкт-Петер­бург­те Кәкітай бастырып шы­ғарған Абай өлеңдерінің жинағы, Крылов шы­ғармаларынан аудары­лып басылған Ахмет Байтұрсын­ұлының «Қырық мысалымен» қатар «Оян, қазақтың» да маңызы ерекше болды. Сондық­тан алдың­ғы екеуі сияқты «Оян, қазақ!» та қолдан-қолға, ауыздан-ауызға тарап, шамалы уақыт ішінде ақ­ын­ның атақ-даңқын алты Алашқа әйгілі етті», – деген еді. Міржақып «Оян, қазақ!» кітабы арқылы қа­зақ­ты білім-ғылымға шақырды. Осылай­ша, қазақ зиялыларының, дін адамдарының, қарапайым халық­тың көңілінен шықты. Ал­ай­да бұл кітап Патша үкіметінің шым­байына қатты батты. Міржақ­ыпты Семей түрмесінде қамауда ұстап, оның «Оян, қазақ!» кітабы тәркі­леніп, кітапты оқуға тыйым салды. Алайда мұнымен кітап таралмай қалған жоқ, халық оны қолмен көшіріп таратты. Тіпті, дін адамдары қол­жаз­ба кітапты меш­іт­тер мен медре­селер арқылы та­рата бастады. Міржақып бастаған «оян» мотивін қазақтың сол за­ман­дағы қайраткер ұл-қыздары өз өлеңдеріне арқау етіп, одан ары жетілдіре түсті. 

«Насихат Қазақия»

Уфадағы «Шарқ» баспасынан 1909 жылы шыққан тағы бір кі­тап – «Ғалия» медресесінің шә­кірті Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» еңбегі. Зерт­теу­ші Асылбек Байтанұлының жазу­ынша, небәрі 38 беттен тұра­тын бұл шағын кітапшаға алуан тақы­рыптағы 9 трактатпен қатар, Абай Құнанбайұлының бірнеше өлеңі және Сәдуақас Шорманұлы­ның екі өлеңі енген. Бұл жайында Асыл­бек Байтанұлы: «Абай өлең­дерін алқашқылардың бірі болып алғаш баспа бетіне шығарушы­лардың бірі ретінде де Зейнел­ғабиден Әміреұлының еңбегі ер­ек­ше. Автордың өз кітабына бұл өлеңдерді енгізіп отырудағы мақ­саты – «жаһұт қазақ әдебиеті» деп атай отырып, қазақтың тілі ұтқыр, сөзі кестелі поэзиясын түрік тіл­інде оқитын барша оқырман­дарға жеткізу болған», – дейді.

Журналист Алтынбек Құмыр­за­құлының жазуынша, Зейнел­ға­биден өз заманындағы ірі діни ағар­тушы, жаңашыл ұстаз, публи­цист қалам­гер, қайраткер тұлға бол­ған. 1881 жылы қазіргі Солтүс­тік Қазақстан облысының Ақжар аудан­ында дүниеге келген. Алды­мен Қызыл­жарда оқып, 1916 жылы «Ғалия» медресесін бітір­ген. «Наси­хат Қазақия» шығар­масының авторы 1920 жылы өмір­ден өткен.

«Қазақша әліппе»

1910 жылы «Шарқ» баспасы­нан Қызылжар өңірінің тумасы Мұхаммед-Ораз Нұрбайдың 34 бет­тен тұратын «Қазақша әліппе» кітабы шыққан. Профессор Ға­рифолла Әнес «Ана тілі» газетінде жарияланған мақаласында Мұ­хам­мед-Ораз шығарған осы әліп­пені де атап өтеді. Қазақ даласын­дағы алғашқы әліпбилер жайында ізде­ніп жүрген жас ғалым Ертай Біләл қазақ әліппелерінің жарық көруі XX ғасырдың алғашқы жыл­дарына сәйкес келетінін атай ке­л­іп: «Уфа, Орынбор қалаларының баспаха­наларында бірқатар автор­дың қазақша әліппелері жарық көр­ді, бірақ бұлардың көбі бірер басыл­ымнан артық жарияланбай, кеңі­нен қолданыс таба алмады», – дей келіп, сондай оқулықтар қата­ры­на Мұхаммед-Ораз Нұрбай мен Мұс­тақым Малдыбайұлының әл­іп­пелерін жатқызады. Ертай Біләл мақаласында: «...XX ғасыр­дың басында ең алғашқы әліппе – 1910 жылы, Уфа қаласында усул саутия тәртібінде жарық көрген Мұхамед-Ораз Нұрбайдың «Қа­зақ­ша әліппе» атты оқулығы еді. Аталмыш әліпби бүгінгі таңда қа­зіргі қаріпке түс­пегеннен кейін ғалымдардың зерт­теу нысанына айналмай жүр», – дей келіп, Мұха­мед-Ораздың оқулығын XX ғасыр басындағы алғашқы қазақ әліппесінің бірі болуымен қатар, одан кейінгі шыққан қазақ әліп­пелеріне үлгі болғанын айтады. Бүгінде Алматы­дағы Ұлттық кі­тап­хананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған Мұхаммед-Ораз Нұр­бай­дың әліп­песі әлі де зерттеуді қажет етеді. Осы автордың 1911 жылы Орынбордағы «Вақт» газеті баспа­ханасынан тағы бір кітабы жарық көрген. Ол кітап «Көргенді бала, үлгілі ана: Қазақ және қырғыз бас­­тауыш балалары үшін оқуға дайын болған оқу кітабы» деп аталады. Бұл кітап та әлі зерттел­меген.

«Өрнек», «Тумыш» және «Бала тұлпар»

Уфа қаласындағы «Шарқ» бас­па­сынан 1911 жылы Ғұмар Қа­раш­тың «Өрнек», «Тумыш» және «Бала тұлпар» деген үш кітабы жарық көрген. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №16 санында бұл кітаптар жайында арнаулы хабар жария­ланған (№16, 31 мамыр, 1913 жыл). Хабарда баяндалған­дай, 29 беттік «Өрнек» кітабы Қараш Ғ (Ішкі ордалық) қалам аты­мен жа­рық көрсе, 24 беттік «Ту­мыш» жинағы Мұштақ Ғаб­дул­ла қалам атымен шыққан. «Бала тұлпар» кітабы 48 бет болып Ғ.Қ қалам атымен жарияланған. Ғұмардың үш кітабын да «Ғалия» медресе­сінің қазақ шәкірттері, яки Игілік қауымы бастырған. Бү­гінде «Өр­нек», «Тумыш» кітап­тары Алма­ты­дағы Ұлттық кітапха­на­ның сирек кітаптар мен қолжаз­балар қорында сақтаулы. Ал «Бала тұлпар» Қазан мемлекеттік уни­вер­ситетінің Н.Лобочевский ат­ын­дағы ғылыми кітапханасында сақ­талған. «Мә­дени мұра» бағдар­ламасы аясын­да «Бала тұлпардың» көшірмесі Ұлттық кітапхананың сирек қоры­на әкелінді. Ғұмардың жоғарыда аталған үш кітабы және «Қарлы­ғаш», «Аға тұлпар», «Тұ­рым­тай» жыр жинақтары, «Ойға келген пікірлерім», «Бәдел қажы» атты ой-толғамдары ақынның «Замана» жинағына енген.

«Әліпби һәм төте оқу»

1911 жылы «Шарқ» баспа­сы­нан «Ғалияның» шәкірттері Иша­ғали Арабаев пен Хафиз Сәрсек­еұлының «Әліпби һәм төте оқу» оқулығы жарық көрді. Бұл кітапты да «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттердің Игілік қауымы ба­сып шығарды. Барлығы 52 беттен тұратын бұл оқулық қазақ пен қы­р­ғызға ортақ әліппе болды. Жаңа әліппе жайында «Айқап» жур­налы: «Шаһар Уфада «Медре­се Ғалиеде» оқыған қазақ шәкірт­тері «Алифба йаки төте оқу» есімді қазақ һәм қырғыз балаларына арнап жазған бір кі­тап басылып шығып, сатыла бас­тады. Бағасы – 18 тиын. Қайырлы сағатта бол­сын!» – деп жазды (№4, 1911 жыл).  Ишанғали Ара­баев – қыр­ғыз ағартушысы. 1882 жылы На­рын өңірінде дүние­ге келген. Ор­ын­бордағы «Хұсай­ния», Уфа­дағы «Ғалия» медресе­сінде оқы­ған. «Ғалияны» бітірген соң На­рын, Қаракөл өңірлерінен мектеп ашқан. «Алаш» партиясы құрыл­­ған кезде партияның Біш­кектегі бөлімшесін ашуға атса­лысқан. Ал Хафиз Сәрсеке 1882 жылы Қыз­ыл­жар өңірінде дүниеге келген. 1912 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесін бітіріп, Зайсан өңір­інде мұғалім болған. Ала­шорда үкіметінің Зайсандағы бөлімшесін құруға атсалысқан. Алашорда қозғалысы тараған соң мұғалімдік қызметін жалғаған. 1925 жылы ауырып дүние салған.

«Қазақша ең жаңа әліппе»

«Шарқ» баспасынан шыққан келесі кітап – «Ғалияның» шәкірті Мұстақым Малдыбайұлының 1912 жылы жарық көрген «Қазақ­ша ең жаңа әліппе» оқулығы. Кітапты «Қазақ» газетінде есімі жиі ата­латын Семей өңірінің ауқатты да ардақты кісісі Ақым қа­жы Аңда­масұлы бастырды. Қар­қаралының тумасы Мұстақым Малдыбайұлы «Ғалияны» бітірген соң 1909-1911 жылдары Жетісуда­ғы «Мамания» мектебінде оқы­ту­шы, кейін мектеп директоры бол­ған. 1911-1920 жылдары Се­мей­дегі мұғалімдер семинария­сында оқытушы қыз­мет­ін атқар­ған. 1912 жылы Мұста­қымның екі оқулығы жарық көр­ген. Бірі осы «Қазақша ең жаңа әліппе» болса, екіншісі – Семей­дегі «Жәрдем» баспасынан шық­қан «Қазақша оқу кітабы» оқу­лығы. Өкінішке қарай, Мұс­та­қым­ның «Қазақша ең жаңа әліппе» оқулығы да кеңі­нен қолданыс таба алмады. Ал­айда қазақтың алғашқы оқулығы ретінде өз заманындағы қазақ балаларының әріп танып, сауатын ашуына сүбелі үлес қосты. 

«Қарлығаш»

Уфадан басылып шыққан қа­зақ кітаптары арасында Қызылжар өңірінің тумасы Қорабай Жа­пановтың да жинағы бар. 1913 жылы «Шарқ» баспасынан Қора­байдың «Қарлығаш» деген өлең кітабы жарық көрді. Қорабай ақын ғана емес, талантты журнал­ист еді. Қорабай 1873 жылы қазіргі Пав­лодар облысының Ақсу аудан­ында туған. Оның журналистік, пуб­ли­цистік қызметі 1894 жылы бастал­ған. «Дала уалаяты газеті­нің» тұрақты авторының бірі бол­ған. Қорабай Жапановтың «Қар­лығаш» кітабы Алматыдағы Ұлт­­­тық кітап­хананың сирек кі­таптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы тұр.

«Хизметкер»

1914 жылы жарық көрген Мұхаммед-Садық Еңсеұлының «Хизметкер» өлеңі де «Шарқ» баспасынан шықты. 112 беттен тұратын кітаптың алғысөзінде Мұхаммед-Садық: «Бұл өлеңде ащылы-тұщылы, азды-көпті лай­ықты орны менен бірсыпыра сөз­дер айтылды. Оның үшін оқу­шы бауырларым мені айыпты қыл­мас деп үміт етемін. «Дос жыла­тып ай­тады, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей, әулетіміздің ерсі жұ­мыс­тарын есіне салып, ащылау сөзбен көңілімдегі қай­ғымды білдіріп; есіл жұртымыздың түзе­луін шын ті­леп, көкіректегі жал­ынды, ауыз­дағы лебізді шы­ғар­дық», – дейді. «Хизметкер» кіта­бының көшір­месі (электронды нұсқасы) Ресей мемлекеттік кітапханасынан Ал­ма­тыдағы Ұлт­тық кітапханаға жет­кізілген екен. Әлі де зерттеуді қа­жет ететін қазақтың алғашқы кітаптарының бірі.

«Иман-Ислам»

Уфадан шыққан тағы бір оқу­лық – «Ғалияның» шәкірті Нұғы­ман Манаевтың «Иман-Ислам» кітабы. Бұл кітапты 1915 жылы «Шарқ» баспасынан «Ғалияның» шәкірттері шығарды. «Қазақ» га­зе­тінің «Жаңа кітаптар» айдар­ында кітап жайында мынадай ха­барлама берілген: «Иман-Ис­лам» – жазу­шы Нұғман Манаев, бас­тырушы – Уфа медресе «Ғa­лия­сындағы» қазақ шәкірттері. Кітап 30 бет, Уфада «Шарқ» бас­паханасында басылған, емлесі – қазақша, бағасы – 18 тиын, пош­та­мен 20 тиын. Бастауыш мек­­теп­тің екінші жылына арналған» (№159, 29 қараша, 1915 жыл). 

Газеттің осы санында Нұғыман Манаевтың лебізі де берілген. Нұ­ғыман кітабының шығуына атса­лысқан ғалиялық достарының бұл ісін ұлтын сүйгендік деп бағалаған. «Бастауыш мектептің екінші жыл­ына арнап жазған бір ғылымхал кітабым бар еді. Сол кітапты «Ғалиядағы» серіктерім – қазақ шәкірттері бастырып таратты. Бұлардың мұнысы байлық­тары­нан, болмаса еріккендерінен емес, ардақты ұлтын сүйгендік­терінен екендігі белгілі. Осындай қымбат­шылық жылда батыршы­лық қы­лып бастырулары білген­дерге өрнек болар деп, газета беті­не шы­ғарып отырмын. Ұлт үшін ең­бек еткен серіктеріме шын көңіл­імнен Тәңірі жарылқасын айта­мын», – дейді ол.

«Уақ-түйек»

1915 жылы «Шарқ» баспа­сынан Сәбит Дөнентаевтың «Уақ-түйек» өлеңдер кітабы жарық көрді. Бұл кітап та «Қазақ» газет­інде жарнамаланды. Газет хабар­ын­да: «Уақ-түйек» атты өлең кітап басылып шықты. Шығарушы – Сәбит Дөнентаев. Бағасы – 25 тиын, поштамен 29 тиын. Көптеп ал­дырушыға 30% кемітіледі. Бас­тырушы – Сания Қасымқызы. Бұл кітап Уфада «Шарқ» матбұға­сында басылған. Емлесі – қазақ­ша. Бұл кітаптың басылуынан көр­інеді, «Шарқ» матбұғасы біздің «Қазақ» емлесіне арнаулы әрпі бар осымен енді үш баспахана болды», – дей келіп, оның екеуі Орын­бордағы ағайынды Құсайыновтар баспасы мен «Дін уа мағишат» журналы редакциясының емле­лері екенін атап өткен (№121, 22 сәуір 1915 жыл). Сондай-ақ «Уақ-түйек» кітабын Павлодардағы Сания Айткинаның дүкенін сатып алуға болатынын хабарлаған. «Қазақ» газеті кейінгі сандарына да «Уақ-түйек» кітабын жарнама­лап тұрған. 

Серікбол ХАСАН