Осылайша, 200 орындық спорт нысанының ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев, халықаралық компания басшылығы, сала ардагерлері және спортшылар қауымы қатысты.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бұл – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді инклюзивті орта құру жолындағы маңызды қадам.
Өз кезегінде, депутат, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының амбассадоры Гүлмира Батпакулова мүмкіндігі шектеулі жандарды салауатты өмір салтына бейімдеудің мәні мен маңызына тоқталды.
«Осындай спорт кешенін салу қажет екенін көп уақыттан бері айтып келеміз. Бұл мәселе бойынша облыстық спорт басқармасына, облыс әкімдігіне депутаттық сауалдар жолдаған болатынбыз. Өтінішіміздің орындалғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта облыстың атынан сайыстарға қатысушылардың саны да арта түседі деген сенімдеміз», – деді депутат.
Кешенде паралимпиалық және сурдалимпиалық спорт түрлерімен айналысуға қажет барлық жағдай жасалды. Мұнда волейбол, баскетбол, голбол, пауэрлифтинг, бочча, бадминтон, садақ ату, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, үстел теннисі сынды спорт түрлері қамтылды.
Жаңа нысанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Спорттық клуб» МКҚК жұмыс істейді. Бүгінде аталған клубта шамамен 250 спортшы жаттығады.
Елнар ЕЛТАЙ