Депутат үш бірдей ірі оператордың тарифті бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудырып отырғанын айтты.
Мәжіліс депутаты Altel, Tele2 және Beeline-ның тариф саясатын тексеруді талап етті
209
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Премьер-Министр Олжас Бектеновке және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа ұялы байланыс операторларының тарифтерді қымбаттатуына қатысты депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жақында Қазақстанның ұялы телефон операторлары – Altel, Tele2 и Beeline ұялы телефонның абонент төлемін 20 пайызға қымбаттайтынын мәлімдеді. Яғни, аталған операторлар  интернеттің де тарифін 20 пайыз өсіреді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – қоғам алдындағы парыз» екенін жиі айтады. Алайда ұялы байланыс нарығындағы алпауыттардың тірлігі бұл ұстанымға мүлде қайшы. 

Расында, елдегі телоператорлардың бұл қадамы – миллиондаған қазақстандықтың қалтасына салмақ салатын шешім. Өйткені, бүгінде телефон мен интернет – халықтың ақпаратқа қолы жеткізуі, жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлік жүргізуі, баланың білім алуы, мемлекетпен байланыс орнатуы үшін ең маңызды құрал. Яғни, тарифтің көтерілуі қарапайым отбасылардың бюджетіне ғана емес, олардың өмір сүру сапасына қол сұғу деп бағалауға тура келеді.

Аталған қадам біздің халқымыздың барлық әлеуметтік топтарының қалтасына «қырғидай тиетіні» анық. Қазақстан халқының барлығы дерлік ұялы телефонды пайдаланады. Осы ақпарат шыққалы еліміздің әр өңірінен сайлаушылар хабарласып, әлеуметтік желілерде, қабылдау бөлмелерінде өздерінің шағымдарын білдіруде. «Күнкөріс қиындап тұрғанда, неге байланыс та қымбаттауы тиіс?», «Неге баға бір мезетте көтерілді?» деген заңды сауалдар қойылуда, - деп атап өтті депутат.

Депутат үш бірдей ірі оператордың тарифті бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудырып отырғанын айтты.

– Бұл – компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе?  «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, осындай қадамдардан кейін «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасын ойлаудың өзі мұң болып қалды... Ел Президентінің «Жеке монополия – мемлекеттік монополиядан да сорақы» деген сөзі дәл осындай жағдайларға бағытталып айтылғандай.

Әдетте бәсекелі нарықта әр оператор өз стратегиясын бөлек-бөлек жасайды. Бірі бағаны төмендетеді, бірі акция жасайды, енді бірі қосымша қызмет ұсынады. Бұл жағдай – қарапайым тұтынушылардың құқығын таптау деп есептейміз. Себебі: баға өседі, бірақ нарықта балама оператор жоқ, яғни тұтынушы таңдау мүмкіндігінен айырылады. Нәтижесінде, абоненттерге бажсыз (жай ғана бағаны келісіп көтеру арқылы) жоғары ақы төлеу міндеттеледі, - деді Жанарбек Әшімжанов.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылдан бері байланыс тарифтері 7-57пайыз аралығында қымбаттаған. Қазақстанда 26,3 миллион мобильді жазылым бар,  бұл халық санынан да көп. 18,8 миллион азамат мобильді интернетке тәуелді.

– Бұл цифрлар – мобильді байланыс қазір жай қызмет емес, елдің цифрлық тұтастығын ұстап тұрған стратегиялық ресурс екенін дәлелдейді. Яғни, бағаның тұрақсыздығы — экономикалық қана емес, аса үлкен әлеуметтік қауіптің де белгісі. Дәл қазір қоғамда операторлар нарықтағы өзінің үстемдігін пайдалана отырып,  монополиялық келісім жасауы ықтимал деген пікір өрттей қаулап тұр, - деді Мәжіліс депутаты

Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Агенттік мынадай шешімдер қабылдауы қажет деп есептейді:

  1. Интернетті жеткізу, тарату секторларын монополиялық келісім фактілері бағытында кешенді тексеру жүргізу қажет.
  2. Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Бұл ретте, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтынушылар мүддесі бірінші кезекте ескерілуі тиіс.
  3. Ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру үшін мүлдем мобильді интернеті жоқ ауылдарға желіні жеткізу бойынша нақты Жол картасын даярлау.
  4. Аталған компаниялар өздерінің ұялы телефон интернет нарығындағы үстем жағдайын пайдалан отырып, өзара баға жөніндегі келісімнің бар-жоқтығын анықтау керек.
  5. Аталған компаниялар ұялы телефон, интернет  нарығына  заңсыз ерекше құқыққа ие.  Бұл ерекше құқықты бұзу үшін осы нарықтағы  нарығына басқа қатысушыларды енгізу қажет, яғни бәсекелестікті арттыру керек. 

- Аталған шаралар Президент Тоқаев атап өткендей «бағаны тұрақтандырудың» басты факторы болады, - деді депутат.