«AMANAT» партиясы Шымкент қаласының Еңбекші аудандық филиалы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында студент жастарға арналған өндірістік таныстыру экскурсиясын ұйым­дастырды. Іс-шара «Әлем-БТ» ЖШС-ға қарасты Balabi Textile фабрикасында өтті.
Студенттер зауыт жұмысымен танысты
158
оқылды

Экскурсияның негізгі мақсаты – жастарды өнеркәсіптік кәсіпорынның жұмысымен таныстыру, кәсіби бағдар беру және жұмысшы мамандықтарының маңызын кеңінен насихаттау.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Еңбекші аудандық партия филиалының төрағасы Таймас Қамбатыров, Balabi Textile фабрикасының шаруашылық бөлімінің бастығы Ғалымжан Кибатов және еріктілер мен белсенді жастар қатысты.

Жиын барысында сөз алған Ербол Байқонысов жұмысшы мамандықтарын дәріптеудің маңызын атап өтті:

«Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай, «AMANAT» партиясы барлық өңірде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан 45 іс-шара өткізу жоспарланған болатын. Алайда бүгінде 50-ден астам іс-шара жүзеге асып, 2,5 мыңнан астам жас қамтылды. Бұл – жастардың кәсіби дамуына жасалып отырған нақты мүмкіндік», – деді ол.

Balabi Textile фабрикасы жылына 50 млн жұпқа дейін шұлық өндіре алады. Өндіріс орны 500 жоғары технологиялы тоқыма станоктарымен жабдықталған. Жылдық инвестиция көлемі 6,5 млрд теңгені құрайды. Ішкі сұраныстан бірнеше есе артық өнім өндірілетіндіктен, фабрика өнімінің басым бөлігі экспортқа жіберіледі.

Фабрика өкілі Ғалымжан Кибатов өнім түрлеріне тоқталып өтті:

«Balabi Textile ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған классикалық, спорттық, медициналық және брендтік үлгідегі шұлықтар шығарады. Біздің өнім табиғи жіп негізінде тоқылады, синтетикалық талшықтар өте аз мөлшерде қолданыла­ды», – деді ол.

Фабрика – соңғы 10 жылда экспорттық деңгейге шыққан «Әлем БТ» ЖШС-ның табысты дамуының жалғасы. Екі кәсіпорын бірге жұмыс істей отырып, толық өндірістік тізбек қалыптастырған және жергілікті кадрларды даярлауда. Бүгінде фабрикада 360 адам жұмыс істейді, ал барлығы 500-ден астам жұмыс орны ашылған.

Елнар ЕЛТАЙ