Мәжіліс Cпикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен өткен жал­­пы отырыста депутаттар Са­лық кодексіне коммуналдық мен­шіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заңды екі оқылымда қа­былдады.
Мәжіліс салық түзетулерін екі оқылымда қабылдады
130
оқылды

Сондай-ақ кү­зет қызметі туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Моңғолиямен зейнетақы сала­сын­дағы ынтымақтастық ту­ралы үкіметаралық келісімді ра­тификациялады.

Мәжіліс қолданыстағы Салық ко­дек­сіне бір мезгілде электр энергиясын, су және жылу энергиясын өндіретін ком­му­налдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәсе­лелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заңды бірінші және екінші оқылымда қабылдады. Құ­жат­тың не­гізгі ережелерімен Мәжіліс де­пу­­таты, заң жобасының авторы Еділ Жаң­быр­шин таныстырды. 

Оның айтуынша, заң аясында түзету авторлары мұндай ұйымдар алатын суб­си­дияларды салық салудан босатуды ұсынып отыр. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген қол­дау аясында бөлінген қаржыны толық пай­далануға, мысалы, кредиторлық бере­шек­ті өтеуге немесе бизнесті дамытуға мүм­кін­дік береді.

– Бүгінде бір мезгілде электр энер­гия­сын, су және жылу энергиясын өн­діру­мен айналысатын коммуналдық энер­гия өндіруші ұйымға субсидия түрінде бө­лінетін мемлекеттік қолдау­дың елеулі бө­лігі қарыздарды өтеу сияқ­ты мақсаттарға жұмсалудың орны­на салық төлемдері ретінде қайтадан бюджетке қайтарылады. Мұндай жағдайда корпоративтік табыс салығын төлеу мемлекет бөлген қаржының іс жүзінде қайта бюджетке қайтарылуына әкеледі. Бұл мемлекеттік қолдаудың тиім­ді­лігін төмендетеді, – деді Е.Жаң­быршин.

Заңда мемлекеттік көмек (Үкімет­тің жә­не жергілікті атқарушы ор­ган­дардың ре­зервінен бөлінген субси­дияларды қоса ал­ғанда) 100 пайыз акциясы (жарғылық ка­питалға қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі энергия өндіруші ұйымдар үшін табыс ре­тін­де қарастырылмайтыны көрсетілген. Мұн­дай көмекпен жабылатын шы­ғын салық салу кезінде шегерімге жатпайды. 

Осы заң бойынша жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиев қолданыстағы Салық кодексіне енгізу жоспарланған түзетулер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ретроспективті түрде қолданылатынын айт­ты. Сонымен қатар жаңа Салық кодексінде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға дейін осындай нормалар қарастырылғанын хабарлады. 

Талқылау барысында депутат Ни­ко­лай Арсютин іс жүзінде коммуналдық мен­шіктегі энергия өндіруші ұйымдардың мен­шік құрылымы уақыт өте келе өзгеруі мүм­кін екенін атап өтті. Мысалы, кейбір ак­ция жеке инвесторға берілуі немесе ком­пания жекешелендірілуі мүмкін. Осыған бай­ланысты ол ұйымның өтпелі кезеңде жеңіл­діктерге құқығы сақтала ма, жоқ па деген сауал қойды.

Еділ Жаңбыршин өз жауабына жеңілдік тек қана атаулы сипатқа ие екенін, ол заң бойынша тек ком­му­налдық қызметтерге қатысты қолда­нылатынын атап өтті. Жеке ұйымдар мұндай жеңілдік алмайтынын айтты.

Депутаттар сонымен қатар Салық кодек­сіне енгізілген түзетулердің неліктен нақты стратегиялық нысан үшін пайда салығын төмендетуге ғана бағытталғанына, сондай-ақ «Маңғыстау атом энергетикалық ком­бинатын» қалпына келтіру жоспарына қа­тысты сұрақтарын қойды. Бұдан бөлек биз­несті мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен оның салдарын талдауға, мәселелерді же­дел шешуге баса назар аударылды.

Мәжіліс жекеменшік күзет ұйым­дары мен қару иелеріне қатысты мемлекеттік ба­қылауды күшейтетін күзет қызметі туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжатқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойын­ша Мәжіліс депутаттары бас­тамашы болды. Жұмыс тобының жетекшісі Магеррам Ма­геррамов түзетулерде қауіпсіздік органдары­ның құқығы мен қару айналымына қатысты заң талаптары нақтыланатынын айтты.

Атап айтқанда, азаматтық және қыз­мет­тік ойық ұңғылы атыс қаруын тексеру үшін атып көру талабы енгізіледі. Қару ұстайтын заңды тұлғалар қызметін тоқтатқаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қару мен оның патрондарын ішкі істер органдарына сақ­тауға тапсыруға міндетті болады.

Заңда сонымен қатар күзет қыз­метін ұсы­нушылар үшін жаңа мін­деттемелер бел­гіленеді. Олар уәкілетті органға міндетті түр­де есеп беруге, қызметті тоқтата тұру не­месе қайта бастау туралы 5 жұмыс күні ішін­де хабарлауға тиіс болады. Жеке кү­зет ұйымдарының филиалдары мен өкіл­діктерінің басшыларына, сондай-ақ қарапайым күзет қызметкерлеріне міндетті талаптар енгізіледі.

Түзетулерде құқық қорғау орган­дары­ның қарауындағы қару негізінде Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын құруға мемлекеттік ба­қылау талаптары нақтыланады.

Құжатқа «Әскерилендірілген темір­жол күзеті» тұжырымдамасы енеді. Бұл – акцияларының бақылау пакеті ұлттық бас­қару­шы холдингке немесе Ұлттық темір­жол ком­паниясына тиесілі құрылым. Оның мін­деті – транзиттік теміржол бағыттарында жүк пен заттарды үздіксіз қорғауды қамтамасыз ету.

Жекелеген түзетулер жиынтығы құқық қорғау органдары қызметкер­лерін, сондай-ақ арнайы мемлекеттік, азаматтық қорғаныс органдарын және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетіл­діреді.

Мәжіліс 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батыр қаласында қол қойылған Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зей­нетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Құжат туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Виктория Шегай баяндады.

Жұмыс тобының жетекшісі Нұрлан Әуе­с­баев қосымша баяндамасында бұл ке­лісім Қазақстан мен Моңғолия аза­мат­­тарын зейнетақымен қамтамасыз ету жө­ніндегі әлеуметтік құқықтарын қамта­ма­­сыз етуге бағытталғанын атап өтті. Олар екі ел аумағында қоныс аударған жағ­дай­да жинақталған жұ­мыс тәжірибесі еске­рі­ліп, зейнетақы төлемдеріне қосылады. Со­ны­мен қатар Моңғолияға көшкен кезде қа­зақ­стандық азаматтардың жинақталған зейнетақылары Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорынан аударылады.

 Келісімді іске асыру халықаралық ын­тымақтастықты одан әрі дамы­туға, әлеу­меттік кепілдіктер мен азамат­тардың құ­қықтарын қорғауға, сондай-ақ екі ел ара­сындағы өзара сенімді арттыруға ықпал етеді.

Талқылау барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерінен екі ел азаматтарының жұмыс тәжірибесін тексеру тетіктері және Қазақстан мен Моңғолияның зейнетақы жүйелеріндегі айырма­шылықтар қалай ескерілетіні тура­лы сұрады. Моңғолияға көшкен Қазақстан азаматтарына жинақталған зейнетақы жарналарын төлеу тәр­тібі де талқыланды. Депутаттар сон­дай-ақ зейнетақымен қам­сыздан­дыру саласында басқа елдермен ын­­тымақ­тастықты дамыту жоспар­ларына назар аударды.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депу­таттары мемлекеттік органдарға өзекті әлеу­меттік-экономикалық мәселелер бойын­ша 18 депутаттық сауал жолдады. Олар Мә­жілістің ресми сайты мен телеграм арна­сында жарияланды.

М.ТӨЛЕУ