Әсіресе, кейінгі кезде әлемдік медицина сарапшылары тамақтану әдебі мен психология арасындағы байланыс жайында айтып келеді. Біз осы орайда С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, академик Т.Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айгүл Қожахметовамен сұхбаттасып, тамақтануға қатысты көпті мазалаған сұрақтардың жауабын алдық.
– Тамақтану мен психология арасында қандай байланыс бар? Көбіміз мұның байланысын байқай да бермейміз.
– Жалпы, адам организмі – біртұтас жүйе, иісі мұрын жарған тойымды тамақты көзбен көріп, дәмін сезініп, визуал тұрғыдан ләззат алсақ, ішкі ағзамыз – асқазан, бауыр, жүрек, өкпе, қанайналым жүйесі – бәрі-бәрі де сондай рақат сезімге бөленеді. Осындай жағымды сезімді ми сыңарларында болатын жүйке жүйесіндегі, тойыну мен ашығу орталығы басқарады. Орталықтың қалыпты қызмет атқаруы, тамақтанудағы дұрыс шешім, таңдау мен талғам тамақтану әдебі мен мәдениетіне, отбасылық ұлттық тамақтану дәстүріне тікелей байланысты. Жастайынан ана сүті мен уызына жарып өскен сәбиден денсаулығы жақсы азамат қалыптасады. Десек те, ұлттық тамақтанудан бөлек, ағзаға пайдасыз, ауру-сырқаудың негізі болатын көше тағамын емшектен ажыраған баланың аузына тосып, зиянды кәмпит, түрлі тәттімен алдаусыратып жүрміз. Қазіргі ұрпақ алдымен дүкен мен көшедегі түрлі түсті тамаққа әуестеніп, артынан тәуелді болып, ащы, майлы, тұзды, қышқыл тағамдардың құрбанына айналып, асқазан гастриті, өт жолының ауруы, аллергия, қаназдық т.б. ауруға шалдығып отыр. Осындай сценариймен арпалысып жүргенде, психологиялық ұстамсыздық жағдайы да міндетті түрде туады. Ағзаға қажетті тағамдық заттектер жетіспегенде, адам ерекше тұзды не тәтті бірдеңені аңсап тұрады. Адам сондайда бір тостақ ыстық көже, ботқа, көкөніс салатын, жеміс шырынын тұтынса, дәруменге мұқтаж ағзаға минералдық заттектер түсіп, денсаулық нығайып, зиянды тағамдарға әуестік басылар еді. Өкінішке қарай, қазіргі зерттеулер жасөспірім мен жастардың 79%-ы зиянды тағамдар, тәтті сусындар тұтынатынын анықтап отыр. Ағзаға түскен зиянды заттар, бояу, дәмбергіштер жүйке жүйесін тітіркендіріп, мидың қалыпты жұмысына кері әсерін тигізеді. Қазір жастардың бойынан сабырлы мінез-құлықты көре алмаймыз, байыпты әрекеттің орнына көбіне-көп қол жұмсау, күш көрсету фактілері жиілеп барады. Мұның бәрі психология мен тамақтану арасындағы тығыз байланысты көрсетеді. Халық «дені саудың жаны сау» деп бекер айтпаған.
– Орторексия деген не? Дұрыс тамақтануға қадалып қалу зиян ба?
– Орторексия – қазіргі түрлі тамақтану дәстүрі мен ағымдар арасында қалып қоймай, салауатты тамақтануға бет бұрып, бірақ осы жолда кейбір қисынсыз принциптермен өзін шектейтін адамдарда болатын жағдай. Мысалы, анорексияға шалдыққандарда тәбет болуы, тамақтың хош иісінен жақсы әсер алу деген секілді сезімдер жойылады. Олар адамның физиологиялық қажеттілігі мен ағза заңдылықтарына мүлдем мән бермейді. Оларға психологиялық қолдау мен психиатриялық, сосын диетологиялық ем жүргізіледі. Ал орторексияға шалдыққан деп салауатты тағам мен тамақтануды қолдайтын, бірақ жүктілік, адам тіршілігінде болатын шынайы өзгерістерге назар аудармастан, қажетті мал майынан бас тартып не кейбір таңдамалы, қымбат жарманы ғана іздеп, соған табынып, маңындағы қарапайым берері мол ұлттық тамақтан бас тартатындарды айтуға болады. Таяқтың екі ұшы болады дегендей, адамдар «дұрыс тамақтанамын» деп, керісінше, дәрумен мен минералдық заттектер жетіспеушілігінен имунитетті әлсіретіп алуы мүмкін. Сондықтан диетолог, нутрициолог мамандардың кеңесімен ас мәзірін талқылап, ұлттық тамақтану дәстүрінің ерекшеліктерін естен шығармай, бізге таңсық кейбір сырттан келетін өнімдің аллергия не басқа да ағзаға жақпаушылық жағдайын ескере отыра, салауатты тамақтануға болады. Салауатты тамақтану майы аз, тек буға, суға піскен тамақ, экзотикалық жеміс-жидектер жеу деген сөз емес.
– Нутрицолог маман ретінде дұрыс тамақтанудың сырын айтып жүрсіз, өзіңіз фастфуд жеп тұрасыз ба? Дұрыс тамақтануға тырысамыз, бірақ кейде тәртіпке бағынғымыз келмейтін жағдай да болады.
– Фастфуд – қазіргі заманда асығыс, уақыт тығыз жағдайда жүрек жалғап алуға арналған, түрлі бизнес көзіне айналған тағамдар. Дегенмен жылдам тамақ дайындайтын орындардағы тамақтың бәріне бірдей күйе жағуға болмайды дер едім. Тамақ ағзаңызға қажетті нәруыз қорын толтыратын еті мен ірімшігі бар, дәрумені мол көкөністерден жасалса, денсаулығыңызға қажетті көмірсу қажетін қамтамасыз ететін, ірі тартылған ұннан жасалған нан не бәліш болса, күні бойы не жарты күндік жұмсаған күш-қуатыңыздың орнын толтыратын қауқары бар құнарлы тағам болса, ондай тағамдарды, әрине, үйдегі ыстық тағамға балама ретінде аптасына 1-2 рет жеуге болады. Артық салмақпен күресіп жүремесеңіз, асқазан қыжылы мазалап, кекірмесеңіз, кейде жүрек айнып, оң жақ қабырға асты ауырмаса, тамақтан соң, ауызға ащы не қышқыл дәм келмесе, жоғарыда келтірген фастфуд тағамдарын анда-санда жеуге болады.
Егер қораптағы қытай кеспесі, аса майлы, қуырылған тауық еті, қуырылған немесе қытырлақ картоптар, өте ащы тауық қанаты, түрлі қышқыл тұздық қосылған жылдам тамақтарды айына 1-2 реттен артық жеуге кеңес бермес едім. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары, әлемдік медицина мамандары «қатерлі ісік, семіздік, қан қысымының жоғарылауы т.б. сырқат-дерт, өлім-жітім жағдайы осы аталған қара тізімдегі тамақтардан, жиі қолданатын дәмді күшейткіштер, натрий глутоматы, бояғыштардың әсерінен» дейді, бұлар тамақтың түрін, дәмін тартымды ету үшін қосылып, артынан әр тұтынушыны сол тағамның тұрақты клиентіне айналдырады. Мұндай заттек табиғи қоспа емес, химиялық жолмен алынып, технологиялық мақсатта қосылады. Әдетте, осы іспеттес заттар тәуелділікке алып келеді. Бір қорап қытырлақ картоп не болмаса тез дайындалатын кеспені ашық қалдырсаңыз, иісі бүткіл бөлмеге жайылады. Кейде балалар арбасымен қыдырып жүрген жас аналар 3-5 жастағы бөбегіне иісі анадайдан жететін нан, картоп қытырлағын өзі беріп, бала денсаулығына өз қолымен қиянат жасайды.
Зиянды тағамдардан бас тартып, аштық мазаласа, 1 стақан айран, 1 алма, банан не кез келген көкөніс, сәбіз, қияр, сүзбе жеп, ағзаны реттеуге болады. Ұстанымыңыздың денсаулық пен өмір сапасының кепілі екенін түсініп, жақындарыңызға да сенімді жеткізсеңіз, олар да пікіріңізді бағалауға тырысатын болады.
– Қыз-келіншектер диета ұстау керек десе, ештеңе жемей, аш қарын жүру керек деп ойлайды. Диетаны дұрыс ұстаудың шарттары қандай?
– Диета ұстау бір сәнді көйлек кию, не имидж үшін болмауы керек. Артық салмақтың пайда болуы, бүйрек жұмысының төмендеуі, дене ісінуі секілді т.б. мәселе болса, дәрігер нұсқау жасап, көрсеткіштерге сай арнайы диета тағайындайды. Есте ұстайтын мынадай жағдайлар бар, физикалық жүктеме артып, жиі шаршағанда гипоксиясы бар, қоғамдық орында естен тану жағдайы байқалатын, асқазанның ойық жарасы бар адамдарға, менструация циклы ауыр өтетін қыз-келіншектерге ұзақ ашығуға болмайды. Ағзада жасырын аштықтан онсызда жетпейтін дәрумен мен минералдық заттектер тапшылығы артады, тіпті темір тапшылығы болуы мүмкін. Сол себепті жылына кемінде екі рет қанның биохимиялық талдауын жасатып, әсіресе әйелдер ағзаға аса маңызды Д дәрумені, гемоглобин, ферритин, қалқанша без гормондары деңгейін тексертіп, денсаулыққа қауіп-қатер бар-жоғына көз жеткізіп алу керек. Өз бетіңізше сымбатты түзеткіңіз келсе, аптасына 1-2 рет ағзаны тазартуға болады. Ол үшін интервалдық (12-16 сағаттық) ашығуды ұсынамын немесе күні бойы килокалориясы аз, тағамдық талшығы мол көкөністер, қияр-қызанақ, кәді, қызылша, сәбізді турап салат жасап жеуге, не шырынын ішуге болады. Күніне 100 грамм сүзбеге жеміс-жидек қосып жеуге, не болмаса йогурт не айранды 3-4 рет ішуге болады. Бұдан соң лимон, не жемісқақ салынған 1,5-2 литр көлемінде су ішуге болады. Әдеттегі ас мәзіріңізден тәтті, ұннан жасалған нан өнімдерін шектеп, тамақты мейлінше асылған, буға піскен, бұқтырылған, пеште өз сөлімен піскен тамақтарды тұтыну керек, тамақ ішетін ыдысты кішірек ыдысқа алмастыруға дағдылану қажет.
– Халық дұрыс тамақтану көп шығынды қажет етеді деп ойлайды. Кейінгі кезде елде қымбатшылық артқаны да белгілі. Азық-түлік бағасы күн сайын өсіп жатыр. Қалтаға ауырлық салмай, дұрыс тамақтануға бола ма?
– Дұрыс тамақтану, керісінше, арзанға шығады, қазіргі көп отбасының тамақтану үрдісінде негізгі ыстық тамақпен бірге газдалған сусындар, тәтті-тәпсек не тамақпен қатар желінетін майлы, тұзды шұжықтар, өзге де зиянды азық-түлік бар. Ол, әрине, қосымша қаражатты қажет етіп, отбасылық бюджетке салмақ түсіреді. Бір апта өзіңіз эксперимент жасап көрсеңіз болады. Мен сіздерге 1 аптаға жететін 10 мың теңгеге шақтап арнайы тізім ұсына аламын. (5-6 картоп – 300 теңге, 4-5 сәбіз – 200 теңге, 10 жұмыртқа – 800 теңге, 1 келі тауық еті – 2 500 теңге, 0,5 литр өсімдік майы – 500 теңге, 200 грамм сары май – 1 000 теңге, 200 грамм қарақұмық – 200 теңге, 200 грамм күріш – 200 теңге, 500 грамм қырыққабат – 100 теңге, 2 келі жеміс-жидек – 2 000 теңге, 1 қара нан – 200 теңге, 1 литр сүт – 500 теңге, 1 литр айран – 500 теңге). Орташа азық-түлік жиынтығымен күнкөріс жасап, минималды шығынмен тамақ әзірлеп, тәттіліктерден бас тартып, керісінше, сорпалы көже, жармамен ботқа, буға піскен көкөністер, таңғы асқа міндетті түрде сары маймен бутерброд жасап, ізденіп, шығармашылығыңызды іске қосып көріңіз.
Қазір халықтың қант, тұз, майлы тағамның шамадан 2-3 есе артық тұтынып жатқандығын бірнеше зерттеу дерегі дәлелдеп отыр, сондықтан тамақтануға төңкеріс жасау керек демейміз, дегенмен отбасылар ұлттық тамақтануға көңіл бөліп, тары-талқан, жент, сүзбе, қолдың сүт пен қатығы, айран, жүгері, бидай көже, әсіп, бауырдан жасалатын тағамдарды дастарқаннан үзбесе, әрбір қазақтың денсаулығы мықты болары сөзсіз. Отандық, ұлттық тағамдар сырттан келген өнімге қарағанда, химиялық қоспасыз, табиғи, құнарлы болып келеді.

Дұрыс тамақтануға қажетті тағам қуаттылығы қазіргі еңбектің жеңілдеуін ескере отырып, 1 800-2 600 ккал болғаны дұрыс. Жұмыстың ауырлық дәрежесіне қарай, әрине, физикалық ауыр жұмыс түрімен айналысатындар үшін 3 500-4 000 ккал жетеді. Сондықтан кеңсе қызметкерлері қозғалыс белсенділігі төмен болғандықтан, шамадан тыс артық тамақтанып, азық-түлікке артық шығынданып, артынан артық салмақпен күресіп, тренажерлық залға ақша, дәрі-дәрмекке, биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) шығынданып, сауатсыз тамақтанудың салдарымен өмір бойы күреседі. Қазір халық әу бастан дұрыс тамақтануға отбасымен дағдыланып, неғұрлым қарапайым азықтан пайдалы, тойымды, жұғымды тағам әзірлеуге үйрететін білім алуға тиіс.
– Медицина мамандары табиғи сүт, жұмыртқа, ет өнімдерін алыңыз деп жатады. Алайда қалалық жерде бәрінде қоспа бар, базарға барсаң да, сенім жоқ. Жеміс-жидектің өзіне де күмәнмен қарайтын кез болады. Бұған не дейсіз?
– Қазіргі нарықта отандық, жергілікті және бүкіл ТМД елдерінің азық-түлігі көбейді. Әрине, бәрінің сапасына күмән де, күдік те бар. Десек те, отандық өнімдердің сапасын арнайы «Ұлттық сараптау, сертификаттау орталығы», «Ұлттық сараптау Орталықтары» тексеріп, адам өмірінің қауіпсіздігіне тексеру жасап, сертификаттар береді. Әрбір қала мен өңірлерде шағын кәсіпкерлердің «фермерлік әлеуметтік дүкендері» қарастырылған. Осындай дүкендерде қолдың сүті мен қаймағы секілді шаруа қожалықтарының көптеген табиғи өнімін алуға мүмкіндік бар. Әрине, мұндай өнімдер арнайы зертханалық тексеруден өтіп, ветеринариялық құжаттамасын алған соң таратуға рұқсат беріледі. Сақтықта қорлық жоқ, сондықтан сүт өнімдері не жеміс-көкөністі көше бойынан емес, арнайы мекенжайы тіркелген, сауда-саттыққа жағдай жасалған, фискалды чек ұсынатын сауда орындарынан алған абзал.
– Қазір кәріміз де, жасымыз да телефонға байланып қалдық. Байқасақ, жұмыста да, үйде де дастарқан басында телефоннан бас алмай отырып тамақтанатынымыз өтірік емес. Мұның зияны ауыр ма?
– Жалпы, дастарқан басында жақсы көңіл күйде отырып, ішіп-жеген тамақтың дәмін сезініп, бар ықыласымызбен тамақты асықпай шайнап, тойып-қанағаттануды сезінген жөн. Адам миы бір мезгілде екі-үш мәселені ойламайды, өзіңіз де бір мезгілде бірнеше шаруа шеше алмайсыз, шешкеннің өзінде бірі сапалы, бірі пысықталмай шала-пұла бітуі мүмкін. Сол сияқты бар назарымыз экранда болып, сондағы кейіпкер не шытырман оқиғаға, жаңалыққа алданып, тамақ қасықпен ауыз қуысына түсіп, асқазанға кетіп жатады. Осы орайда кейде тамақты эмоцияға беріліп, асығыс шайнап, тез жұтып, не көп тамақ ішіп қоямыз, себебі миымыз тамаққа ден қоймағандықтан, тойыну сезімін қабылдап үлгермейді. Осылай жеген азды-көпті тамағымыз пайдалы бола тұрса да, жұғымдылығы төмен болады. Балаларға да жастайынан осындай зиянды әдеттерге үйретпей, керісінше, отбасында дұрыс тамақтану әдебін көрсеткен дұрыс. Жалғыз тамақтанатын жағдайда негативті не агрессивті ақпараттан гөрі жеп отырған тамағыңыздың қандай пайдасы бар, тақырыпты пайдалырақ тамақтану жайлы деректерге ауыстырып көріңіз. Тамақты мейлінше алаңдамай ішкен абзал.
– Балаға дұрыс тамақтану әдебін қалай үйрету керек? Кей аналарымыз «жылама, тәтті берем», «айтқанымды тыңдасаң, осындай алып берем» деп үйретеді. Келесіде баланың өзі сұрай бастайды.
– Балаға дұрыс тамақтануды үйрету бесіктен басталады. Кеңес дәуіріндегі декреттік демалыс қазіргідей ұзақ болмаса да, анасы жұмыстан келгенше емізулі балаға ешкі сүті, быламық, дәкеге оралған құйрық май сорғызып отырған. Емшектегі балаға неғұрлым 1,5-2 жасқа дейін ана сүтін беріп, уызына қандырса, емізулі ана зиянды әдеттерге бой ұрмай, толыққанды тамағын ішіп жүрсе, бала жастайынан іргесі мықты қаланған ғимараттай жақсы өседі. Бала бойындағы бар жақсы қасиетті ана сүтімен сіңіреді, сондықтан жас ананың дұрыс тамақ ішуі болашақ азаматтың денсаулығы екенін естен шығармау керек. Қазір бала 2 жастан кейін сүт, айран іше алмайды, ет жемейді, аллергиясы бар, айтқанды ұқпайды, тілі шықпады деген жағдайлар жиіледі. Бала дамуының кешеуілдеуі емізулі ананың дұрыс тамақтанбауы, баланы дамытуға көңіл бөлудің орнына назары әлеуметтік желі, онлайн табыс, одан қала берді, баланың қолына пайдалы тіскебасардан гөрі гаджет ұстатып қоюы болып отыр. Әрбір емханада «Жас аналар мектебі» бар, болашақ аналарды өмірге қажетті дағдыларды көбірек беріп, тәтті сусын, кәмпит пен басқа зиянды тағамдардан зардап шеккен науқастармен кездестіру керек деп ойлаймын.
Балаға тәтті берсеңіз, оның денсаулығына: әуелі тісі, асқазан, ішек жолы микрофлорасына, сосын бауыр-өт жолдарына ауру қосыла береді. Бұдан кейін баланың ас қорыту жолына түскен тамақ дұрыс сіңбейді, толық қорытылмайды, себебі тәттінің әсерінен фермент бөлінбейді, өт шықпайды, одан қалса, тамақ уақытында қорытылмағаннан тамақ қалдығы ішекте шіриді, ол шлакқа айналып, адамды іштен уландырады. Осы жағдайда баланың тәттіге әуестігі одан сайын артады. Мұндай баланың ағзасына қанша пайдалы тағам берсең де, дұрыс сіңбейді, биологиялық қоспа мен дәрумендер құйса да, зат алмасуы бұзылған баланың бойына жұқпайды. Қазір көшедегі алысқан-жұлысқан, өзіне сенімсіз ұрпақтың көбеюі де осыған дәлел. Қиын мәселенің түп-тамырын отбасыдағы тамақтану әдебі мен мәдениетін түзеуден бастау керек. Ата-ананың өзі баланың азды-көпті жейтін тамағын қадағалап, үйдің тамағына баулу, тамақты бірге дайындау, мүмкіндігінше дастарқанда қазақтың ұлттық дәмі болса, балаға айран, сүзбе, құрт беріп, сүйек мүжітіп, талқан мен жентін жегізіп, бала сүйсініп жейтін жеміс-жидек, ойын дамытатын ойыншық алып беріп, фокусты ауыстыру керек. Бұл, әрине, ересектердің өз ұрпағына зор жауапкершілікпен қарауына байланысты.
Қазір қант диабеті мен артық салмақ, семіздікке шалдыққандардың емі мен алдын алуға мемлекет тарапынан қыруар қаражат жұмсалып жатыр, ал әр отбасы осы статистиканы азайту үшін не істеп отыр? Керісінше, баланың оразасын тәтті сусын мен тәтті батончикпен ашқызады. Бала ағзасына бір тәулікте қажетті қант мөлшері 15-25 грамм болады. Ғалымдардың кейінгі зерттеуіне жүгінсек, бұл сандар 4-5 есе артқан. Тәтті сусынды әдеттегі жемісқақ компотына, кәмпитті құртқа алмастырып, қарын ашқанда, тіскебасар ретінде сәбіз не алманы турап салып беріп үйреткен жөн.
– Жастар киноға барса, міндетті түрде қолға қытырлақ картоп, попкорн мен газдалған сусын алады. Кино мен попкорнды екі бөлек елестете алмаймыз. Тез дайындалатын таңғы астар, тәтті каша, қытырлақ тәттілер, газдалған сусындар т.б. түрлі зиянды тағамдардың жарнамасын қарап көрдім. Аңғарғаным, бұл тағамдардың дәмін емес, алдымен ашып қолданған кездегі дауысына қызығады екенбіз. Қытырлата шайнау, тық етіп, пыш етіп ашылғаны, шайқаған кездегі дауысы адамды еріксіз еліктіріп әкетеді.
– Бұл көріністің барлығы – «Батыс елдерінің маркетингтік қармағы», кино көруге келгендерден тағы қандай табыс көреміз деген саясаттың шырғалаңы. Попкорнды жүгері дәнінен жасайды дейміз, бірақ оған тәтті караммель қосылады. Бұл жүгеріңіз негізгі тамақтың орнын баса алмайды, тәттімен асқазанды алдаусыратып, ұйқы безіне тәтті сумен бірге жүктеме түсіреді, артынан қарныңыз ашып, қайта тамақ жейсіз. Осылайша, асқазанға артық калория түсіп, ағзада зат алмасу процесі бұзылады. Киноны бір рет көріп, бір-ақ рет попкорн мен 1 шөлмек тәтті сусын іштіңіз делік, осы кемінде 1 500-2 000 теңге жұмсайсыз. Мұның ағзаға титтей де пайдасы жоқ. Біріншіден, барлық назар экранда, екіншіден, қараңғыда ауызға аздан не көптен бақылаусыз салынып жатыр, одан ешбір қанағат сезімі қалыптаспайды. Үшіншіден, газды сусындар асқазан шырышты қабатын тітіркендіріп, көмірқышқыл газы іштің қысымын көтереді, газы ауыздан қалай шықса, ол ішекке қарай да сондай қысыммен кері әсер етеді. Осы іспеттес сусындардың зәр айдағыш әсері бар, зәр қуалап отырып, ағзаға қажетті минералдар – кальций, магний, басқа тұздарды да шығарып жібереді. Онсызда ағзада минерал не дәрумен жетіспеушілік жағдайында болса, одан сайын күшейтеді. Батыс елдері осы нарықтың құрбанына айналып, семіздіктің шарықтау шегіне жетіп, денсаулығы құлдырап, өмір сүру моделін түзетумен әлек. Халқымыздың ой-санасын оятып, қазіргі қан қысымының артуы, бедеулік, қант диабеті салдарынан тобық не тізе ампутациясы пайдасыз, есепсіз газды, тәтті сусындар ішкен адамдарды күтіп тұрғанын жеткізу керек. Қандағы қант деңгейі 3,5-6 ммол/л болуға тиіс, бірақ осы сусынға әуестенген бала да, ересек те 2-типті қант диабетіне шалдығуы ықтимал.
– Қыздар көбіне стреске түскен жағдайда көп тамақ жеп қояды немесе мүлдем тамақтан бас тартады. Басқа да жағдайларда тамақты артып ішіп қоятын кез болады. Мұндайда адам өзін қалай басқару керек?
– Жалпы, күйзеліс, ішкі уайым адамның жүйке жүйесіндегі дағдарыспен бағалауға болады. Осы сияқты күй шытырман кино көріп отырып жеген тамақпен салыстыруға ұқсайды. Сол дағдарыспен алысып жүргенде, жүйке жүйесіндегі ашығу мен тойыну орталығы да бақылаудан шығады. Осы кезеңде эмоционалды әлсіздердің бірі шешімді тамақ жеумен шешуге тырысса, екіншісі сары уайыммен тәбеті тоқтап, тамаққа мүлдем зауқы болмайды. Бұл психологиялық тамақтану мінез-құлық бұзылыстарына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда аштықтың да, шамадан тыс тоқтықтың да пайдасы жоқ. Тамақтан мүлдем бас тарту асқазан гастриті, өттің өт қалтасында жиналып іркілуіне, ағзаға тәуліктегі жұмсаған күш-қуатының орнын басатын қорек, нәруыз-май түспегесін, ағзаның түрлі қызметіне жауап беретін дәрумен тапшылығы туады. Нәтижесінде, күйзеліспен күресіп, тығырықтан шығуға жол табуға дәрмені жетпей, әлсіздіктен жата беріп, ұйқы бұзылып, есте сақтап-ойлауы нашарлайды. Тәуліктің кез келген уақытында, уайымды жеңуді ойлап, бей-берекет тамақ жей берсе, әрине, артық тамақ артық салмаққа, бауыр мен ұйқы безіне артық жүктеме түсіреді. Ағзада қан қысымын көтеретін холестерин мен тәтті салдарынан қант деңгейі жоғарылауы мүмкін. Әр адам өмірде түрлі қиындықпен кездеседі, дегенмен күйзелістің шешімі тамақпен шешілмейтінін түсіну керек. Тәбет болмағанның өзінде су, жеміс, бал қосылған қою қара шай, жылы сүт ішіп, көңіл күйді аздап болса да көтеретін сарғыш түсті жемістер, әсіресе апельсин жеп сергіген абзал.
– Пайдалы кеңесіңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Айсұлу СЪЕЗХАН