Қазақы тазыны сақтау және дамыту жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік органдардың қолдауымен жалғасуда.
Қазақы тазыға арналған кинологиялық іс-шаралар маусымы ашылды
154
оқылды

2026 жылғы 14 наурызда Алматы қаласында Қазақстан кинологтар одағы қазақтың ұлттық ит тұқымы – қазақы тазыға арналған кинологиялық іс-шаралар маусымын ашты. Осы күні моно тұқымдық көрме және тұқымдық байқау өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Іс-шара үш барлық тұқымды көрмемен қатар өткізілді, бұл қазақы тазыны кәсіби кинологиялық қауымдастыққа кеңінен таныстыруға, сондай-ақ Беларусь, Ресей және Әзербайжаннан келген халықаралық сарапшыларды тұқыммен және оны сараптау ерекшеліктерімен таныстыруға мүмкіндік берді.

Іс-шараларға 100-ден астам ит  тіркелді. Бұл тұқымға деген жоғары қызығушылықты, оның санының артып келе жатқанын және асылтұқымды  жұмыстың белсенді дамуын көрсетеді.

Моно тұқымдық көрме барысында сарапшылар иттерге бағалау жүргізіп, тұқымның үздік өкілдерін анықтады. Ал тұқымдық байқау иттердің стандартқа сәйкестігін тексеруге, олардың асылтұқымды сапаларын бағалауға, сондай-ақ бұрын есепке алынбаған иттерді тіркеуге мүмкіндік берді.

 Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали:

«Тазы баптаушылар  үшін бұл өз иттерін көрсетіп қана қоймай, кәсіби баға алуға, асылтұқымды  жұмыстың нәтижелерін стандарт талаптарымен салыстыруға және өсірудің алдағы бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды тәжірибелік алаң. Мұндай іс-шаралар асылтұқымды  жұмысты жақсартуға, қазақы тазыны дамытуға және насихаттауға, сондай-ақ оны Қазақстанның ұлттық бренді ретінде толыққанды халықаралық деңгейде мойындатуға бағытталған».

 Көрме жеңімпаздары:

* Үздік күшік – Сүрік

* Үздік юниор – Табиғат

* Үздік арлан ит – Хан

* Үздік ұрғашы ит  – Жұлдыз, сондай-ақ ол көрменің үздік тазысы деп танылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.