Түлкібас ауданы орталығындағы Мәдениет үйінде «Жастар Рухы» жастар қанатының «Чемпиондық рух» партиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұйымдас­тыруымен мәдениет үйінде бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Махмұд Сабырхан және әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Төрехан Сабырханмен кездесу өтті.
Әлем чемпиондары жастармен жүздесті
148
оқылды

Іс-шараны «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ерлан Жүнісов ашып жүргізіп отырды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай және ауданның құрметті аза­маттары, зиялы қауым өкілдері, бапкерлер мен ұстаздар, жас спортшылар қатысты. «Бүгінгі кездесудің басты мақсаты біздің аудан жастарына жігер беру, еңбекпен келген жеңістің қадірін түсіндіру және спорттың, жалпы дұрыс жолдың қандай үлкен мүмкіндік сыйлайтынын көрсету болып отыр. Әлемдік деңгейде ел намысын қорғап жүрген қос чемпионның жетістігі әрбір қазақ баласы үлкен белесті бағындыра алатынын дәлелдейді. Біз, партия филиалы, осындай жүздесулер арқылы жас буынның бойына рух, намыс, табандылық дәнін сепкіміз келеді. Спортты қолдау жастарды қолдау деген сөз. Ал жастарымыздың мықты болуы елдің ертеңінің жарқын болуы», – деп атап өтті филиал төрағасы Ержан Жүнісов.

Аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай әлем чемпионы атанған жерлестеріміз тек спорттағы мықтылықтың ғана емес, табандылық, тәртіп және отансүйгіштіктің үлгісі екенін атап өтті. 

Ел жастарын табысқа, жетістікке, ең бастысы отансүйгіштікке тәрбиелеу мақ­сатында өткен кездесудің өзі жастардың бойына жігер, намыс, еңбек етуге деген талап ұялатты. Жас спортшылар чемпион­дарға өздері қызықтырған жеңіс жолындағы қиындықтарды, қызықтары тұрғысында түрлі сауал қойып, жауаптарын алды. Чемпиондар Махмұд пен Төрехан өздерінің өмірлік тәжірибелері, қиындықтары мен табысқа жеткізген табандылықтары туралы шынайы әңгіме айтты. Әлем чемпион­дарының әр сөзі жастарға шабыт сыйлап, олардың бойында жаңа мақсат қалып­тастырғаны анық байқалды.

Кездесуге қос спортшының әкесі әрі алғашқы бапкері Айдархан Сабырханұлы да қатысты. Ол ұйымдастырушыларға ал­ғыс айтып, ұлдарының жетістігі жан-жақ­ты қолдаудың, тәртіп пен тынымсыз ең­бектің нәтижесі екенін ерекше атап өтті.

Жиында Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ке­лесбек Жартыбаев, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагері, партия ардагері Өтепбай Маткерімов сөз сөйлеп, ел намысын асқақтатқан чемпиондарға алғыстарын білдіріп, алдағы байрақты бәсекелерде жеңісті күндер тіледі.

Кездесу соңында жас спортшылар чемпиондармен естелік суретке түсіп, бокс қолғаптарына қолтаңба алды. Бұл тек спорт­шылармен жүздесу емес, «AMANAT» партиясының жастарға бағытталған жүйелі қолдауының көрінісі, жас буынды жігер­лендіруге, патриоттық рухты күшейтуге арналған маңызды қадам. Түлкібастың жастары үшін бүгінгі шара елге қызмет етіп, жеңістің биігіне жетуге болатынын дәлелдеген жарқын мысал болды.

 Елнар ЕЛТАЙ