Астанада 2 500-ден астам адам пробация қызметінде есепте тұр.
Астанада пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға арналған шара өтті
180
оқылды

Астанадағы Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ғимаратында пробация қызметі есебінде тұрған адамдарға арналған әлеуметтік акция өтті,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл іс-шараны Астана қаласы прокуратурасы, қала әкімдігі, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бірлесіп ұйымдастырды.

«Бүгін біз «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында маңызды әлеуметтік акция өткізіп отырмыз. Біздің ортақ мақсатымыз – есепте тұрған азаматтарға нақты қолдау көрсетіп, олардың заңға бағынатын әрі тұрақты өмірге қайта оралуына жағдай жасау. Біз қайта құқықбұзушылықтың алдын алуда еңбекпен қамту негізгі фактор екендігін түсінеміз. Сондықтан бүгін бір алаңда бизнес өкілдері мен жұмыспен қамту қызметі жиналып, жұмыс орындарын, тегін оқыту мүмкіндіктерін және кәсіби кеңестер ұсынуға дайын. Әрбір қатысушыға өз тағдырын өзгертуге мүмкіндік беріліп отыр. Сондай-ақ қаржылық мәселелер мен несиелік жүктемесіне ерекше көңіл бөлінуде. Заңгерлер мен сот орындаушылар азаматтарға берешектерін реттеуге және күрделі жағдайларды заңды жолмен шешуге көмектеседі. Сонымен қатар медициналық блок жұмыс істеп тұр. Мұнда қатысушылар қажетті кеңес алуда. Бұдан бөлек, электронды  үкімет порталында тіркелу және мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде құжаттандыру мәселесі бойынша қызметтерді ХҚКО-ға бармай-ақ алу мүмкіндігі де қамтамасыз етілген», – деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Нұртас Дүйсембаев.

Оған 200-ге жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр.

«Бұл акция – прокуратурамен мемлекеттік органдар жүргізіп отырған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Біз «Заң және Тәртіп» әр азаматтан басталатынына сенеміз. Ал біздің міндет – адамның жаңа болашаққа нық қадам жасауына мүмкіндік беретін жағдай жасау», – деді аға прокурор.

Прокуратура өкілінің айтуынша, қазіргі таңда Астанада 2 500-ден астам адам пробация қызметінде есепте тұр. Олардың көпшілігі – 25-35 жас аралығындағы азаматтар.

«Бүгінгі әлеуметтік акцияға 25 жұмыс беруші қатысып жатыр. Олар 300-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Олардың қатарында сантехник, тігінші, электрик секілді және т.б. жұмыстар бар», – деді Астана қаласы әкімдігі Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар.