Алматы қаласында Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырған қазақы тазы ит тұқымына арналған байқау өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шараға барлығы 38 иттің иесі қатысуға өтінім берген.
Байқаудың негізгі мақсаты – шығу тегі туралы құжатсыз жүрген асыл тұқымды тазыларды анықтап, оларды есепке алып құжаттандыру.
Әр тазының экстерьерін тексеру және жан-жақты сипаттама беру жұмысын арнайы сарапшылар Әнел Болғымбаева мен Наталья Дровосекова жүргізді.
Сарапшылар иттерді бекітілген тұқымдық стандартқа сәйкес бағалады. Байқау барысында тиісті өлшемдер алынды, тіс формуласы тексерілді, анатомиялық құрылымы мен қозғалыстары бағаланды. Сонымен қатар сәйкестендіру құралдарын орнату (чиптеу) жүргізілді.

Экспертиза нәтижелері бойынша 38 иттің ішінен 14-і «өте жақсы» деген баға алып, әрі қарай тұқымдық өсіруге рұқсат алды.
Қалған иттер тұқым стандарттарына толық сәйкес келмегендіктен, селекциялық жұмысқа жіберілмейді.
Мұндай қатаң селекциялық бағалау тұқымның сапасы мен тазалығын арттыруға бағытталған.
Алаңда дәстүрлі түрде безендірілген ұлттық киіз үй ыңғайлы фотоаймақ айналып, қатысушыларға өз тазыларымен естелікке суретке түсуге мүмкіндік берді. Бұл шараға ерекше жылылық пен ұлттық атмосфера беріп, қазақы тазы тұқымының ұлттық қазына ретіндегі мәртебесін айқын көрсетті.