Алматыда «AMANAT» партиясының қалалық филиа­лы жанындағы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Кәсіпкерлік мәселесі басты назарда
158
оқылды

Партия төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасы аясында іске қосылған бастама отандық бизнесті қолдауға және Мемлекет басшысы жүктеген кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. 

Алматы қаласы әкімінің орын­басары Олжас Смағұловтың және «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің төрағалығымен өткен жиында кәсіпкерлік салаға қатысты бір­қатар түйткіл талқыға салынды. Отырысқа шаһардың бизнес-қоғамдастығы өкілдері, қалалық басқарма басшылары, сондай-ақ экономика, қаржы, инвестиция­лар, қала құрылысы, әлеуметтік са­ла, энергетика және инфра­құрылым бойынша профильдік кеңестердің мүшелері қатысты. Ашық диалогқа негізделген кез­десуде бизнес өкілдері мінбердегі азаматтарға көкейде жүрген сауа­лын  қойды. 

2026 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде жаңа Салық ко­дексі қолданысқа енгізіледі. Қазір кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасында жаңа ережеге қатысты қызу пікірталас жалғасып келеді. Әсіресе, ҚҚС-ты 12 пайыздан 16 пайызға көтеру – кәсіпкерлер арасында ең көп талқыланатын мәселе. Көптеген бизнес өкілі бұл өсімді қосымша шығын ретінде қабылдап, құн салығы бағаның өсуіне немесе тұтынушыларға әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. «AMANAT» партиясының Хат­шы­сы Эльдар Жұмағазиев оты­рыстың басты мақсаты да сол, түйіні тар­қамаған түйткілдерді сараптап, кәсіпкерлер мен тиісті мемле­кет­тік органдар арасында ашық диалог орнату екенін негізге алды. Бұл мәселеге ортақ шешім іздеп, нақты жауап алуға мүмкіндік бермек. 

– Бүгінгі кездесуде барлық қа­тысушының пікірін тыңдадық. Жиында нақты деректерге негіз­делген салмақты мәселелер көте­рілді. Қала әкімдігі деңгейінде шешілуге тиіс бірқатар сұрақ қо­йылды. Соның ішінде, индустрия­лық аймақ пен автобус паркіне қатысты мәселелер бойынша ше­шім қабылданады. Одан бөлек, отырыста қала әкімдігінің құзы­ретіне кірмейтін, мемлекеттік ор­гандардың қарауындағы мәсе­лелер де сөз болды. Қазіргі уа­қытта вице-премьердің төрағалы­ғымен өтетін республикалық үй­лестіру кеңесіне дайындық жүр­гі­зіліп жатыр. Біз бүгінгі оты­рыс­та айтылған Алматы қаласына қатысты өзекті мәселелерді осы кеңесте көтереміз. Оған барлық уәкілетті мемлекеттік орган қаты­сады. Бүгінгі кездесуде жауабы нақ­тыланбаған сұрақтардың шешімін сол отырыста табамыз деп сенеміз. Қайткен күнде де, үй­лестіру кеңесінің аясында көп­тің көкейінде жүрген сұрақтардың шешімін тауып, осы жылы нүк­тесін қоюымыз тиіс, – деді Эльдар Тынышбайұлы.

Алматы – еліміз бойынша кә­сіп­керлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі ұйымдас­ты­рылып отырған 11-қала. Қазіргі кезеңде барлық өңірде үйлестіру кеңесі өз жұмысын бастады. Осы ретте Эльдар Тынышбайұлы шешімін таппаған өзекті сауал­дарды Үкі­мет­ке ұсынуға дайын екенін, ал­дағы уақытта бастама осы фор­матта жалғаса беретінін жеткізді. 

– Өздеріңізге белгілі, жаңа Салық кодексі қаңтар айынан бас­тап күшіне енеді. Осыған бай­ланысты көптеген талқылау өтті. Алайда кәсіпкерлердің көкейінде әлі де бірқатар сұрақ пен алаң­даушылық бар. Олардың пікі­рін­ше, жаңа кодекс аясында кейбір бизнес нысандарының жабылу қаупі туындауы мүмкін, соның салдарынан халық жұмыссыз қалуы ықтимал. Бұл мәселе пар­тия өкілдерін де бей-жай қал­дыр­майды. Осыған орай біз үйлестіру кеңесін құрдық. Кәсіпкерлер ке­ңестің құрамы тұрақты болуға тиіс деген ұсыныс білдірді. Біз бұл пі­кірді толық қолдаймыз. Біздің па­йымымызша, Алматы қаласын­дағы барлық бизнес қауымдасты­ғының өкілдері кеңес құрамына енуге тиіс. Сонда ғана кешенді әрі мазмұнды диалог қалып­тастыруға мүмкіндік болады, – деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Э.Жұмағазиев.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы