Тіпті, «Иірім» атты тағылымды туындысында Әбу ағасына ерекше құрметпен арнаған естелігі бар. Қадыр ақынның:
«Әбеке, тұлғаң биік қой,
Бөлек қой орның әманда.
Құдайдай адам керек қой,
Құдайсыз мына заманда…», – деп төгіліп түскен жыры да сол терең ілтипаттың айғағы. Биыл ақиық ақын, парасат пайымы бөлек тұлға Әбу Сәрсенбаевтың туғанына – 120 жыл. Уақыт өтсе де, ұлтпен бірге жасайтын асыл сөздің иесі көңіл төрінен өшкен емес. Осы орайда асылдың сынығы Гүлнәр Әбдрахманова да атасы жайлы жүрек жылуына толы естелігін бөлісіп, Әбу атаның адамдық болмысы мен адалдыққа суарылған мінезін тағы бір мәрте ел жадына салды. Жүрекке жылы, көңілге қымбат бұл естеліктер – уақыт ағымына мойымайтын рухани байлығымыздың бір нышаны десек, артық емес.
– Майдангер жазушы Әбу Сәрсенбаевтың есімі елдің есінде. Ақынның жалынды жырлары қазақ әдебиеті оқулықтарына да енген. Біз бүгін қаламгердің адами қасиеттері туралы сөз қозғасақ деп едік. Атаңыздың ең бірінші ерекшелігі неде?
– Атамның ең бірінші ерекшелігі – өмірге деген махаббаты, өмірге деген құштарлығы. Ол өмірдің әр сәтін қадірлейтін, қиындықта да жақсылықты көруге шақыратын. Ол өмірді сүйді, өмірдің әрбір сәтінен ләззат алуды білді және айналасындағыларға махаббат пен мейірім сыйлай алды. Әрине, ол әулие болған жоқ, қателіктер де жіберетін. Бірақ оның бойында шынымен бар болған қасиет ішкі адалдығы еді. Бұған ешкім үйретпейді, адам мұндай қасиетпен туады, бұл оның жан дүниесінің тереңінде болады. Адамда ар-ұят, жауапкершілік, адалдық болса – ондай адам ешкімді алдамайды, әйел затын сөзбен де, іспен де ренжітпейді. Мен талдап қарасам, ол жай ғана қарапайым адам емес еді, ол мемлекеттік дәрежеде ойлайтын азамат болды. Егемендімізді алғанда қандай қуанды десеңізші! Тәуелсіз Қазақстан өз тағдырын өзі анықтай алатынына, ал қазақ тілі ел ішінде лайықты орнын алатынына сеніп жаны тыныштанатын еді. Ол қазақ мектептерінің ашылуы үшін күресті. Ел аралап жүрген сапарларында, әсіресе солтүстік өңірлерге барған кезде әрдайым «қазақ мектептері бар ма, оқулықтар мен әдебиеттер жеткілікті ме?» деп сұрап жүретін. Қазақстан түгілі сонау Ресей жеріндегі тамағы тоқ болғанымен, рухани аштыққа ұшыраған қандастарымыздың қамын ойлап, Астрахань өңірінде қазақ тілінде білім беретін мектептер мен түрлі оқу орындарын, қазақша хабар тарататын телеарна ашқызып, ана тілімізде газет-журналдар шығару қажеттігі жөнінде дабыл қағып, қаншама нәтижелі де тиянақты істер тындырды...
1957 жылы атамызға одақтық деңгейдегі бір маңызды іс-шараны, яғни Мәскеудегі қазақ әдебиеті декадасын ұйымдастыру тапсырылды. Ұйымдастыру жұмыстары республика және одақ деңгейіндегі көптеген күрделі мәселені шешуді қамтыды. Бұл қазақстандық жазушылар мен ақындардың шығармаларын жинау мен іріктеуді, олардың аты мен еңбегін бекітуді, мазмұны мен сапасын бағалауды, қазақ тілінен орыс тіліне жоғары деңгейде аударатын аудармашыларды табуды, баспаханалармен келіссөздер жүргізуді – қысқасы, көптеген техникалық мәселелерді шешу мен әртүрлі серіктестермен үйлесімді жұмысты талап етті. Әрине, бәрі біркелкі жүре бермеді, сондықтан бүкіл процесті толық бақылауда ұстау қажет болды. Декада сәтті өтті. Декада өткеннен кейін бүкіл отбасы Ленинградқа сапарлап қайтты.
80 жылдардың өзінде-ақ Арал теңізінің тағдыры секілді маңызды мемлекеттік мәселелерді көтерді.
– Қайран Арал! Қайран Арал!
Күрсінесің көкірегімде жарадар.
Ажалдан сені құтқарар қандай амал бар? – деп уайым шекті.
– «Сен құрметте оны,
Түсіндің бе, қарағым.
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын...
Бұл – майдангер ақынның соғыс туралы жазылған әйгілі жыры. Отбасында соғыс тақырыбында әңгіме өрбитін бе еді?
– Атамыз соғыс туралы жиі айтпайтын. Бірақ 9 мамыр біздің үйдегі ең басты мереке еді. Қонақтар жиналып, майдангерлер естеліктерімен бөлісетін. Оның қатарластары көбі соғысқа қатысқан, інілері де болды, сондықтан олардың айтатындары көп болатын. Венгриядағы Балатон көлі маңындағы шайқастан кейін түсірілген фотосуретте солдаттар мен офицерлер бейнеленген. Сол суретті көрсете отырып, Балқан жерінде мәңгі жатып қалуы ықтимал екенін, әр минуттың оның өміріндегі соңғы сәт болуы мүмкін екенін сезгенін еске алатын.
– Қазақ әдебиетінде Әбу Сәрсенбаевты «қазақ Айвазовскийі» деп таныды. Ол жеті жасында жетім қалып, балықшылармен бірге теңізге аттанды. Бұл туралы «Толқында туғандар» шығармасында арқау етті. Жетімдіктің қасіретін көрген қаламгердің балалық шағы туралы не білесіз?
– Ол кісі балықшы Сәрсенбайдың отбасында он бір қыздан кейін көрген он үшінші перзент болып дүниеге келді. Әкесі балық аулап, шешесі Зауза балық тазалап, ау тоқып күнкөріс жасаған. Әбудің әкесі басқа балықшылар сияқты жылдың он екі айының онға жуығын теңізде өткізген. Әкесі Сәрсенбай өз заманына қарай ескіше әжептәуір білімі бар, сөзге жүйрік, көңілге бай, ортаның адамы болған. Ауа райының қолайсыз кездерінде қолы босайтын балықшылар Сәрсенбайдың үйінде бас қосып, ескінің әңгімелерін айтып, қисса-дастандар оқитын. Жеті жасында әкеден айырылып әуелі қазаншы, кейін табырашы болған атамыз балықтың өтін жарып, қабығын аршып, қазан асысып, от жағысып, үлкендердің ауын жайысып жүрген. Ол жетіден он беске келгенше жұмыскер баланың ауыр өмірін бастан кешірген. Ал білім алу жолын он беске келген соң ғана бастады. Ол Астрахань облысындағы жездесінің көмегімен жеті жылдық мектепке, содан кейін совет-партия мектебіне кіріп оқыды. Шаруа-жастар мектебін тәмамдаған соң қайтадан үйреншікті кәсібі балық аулауға кіріседі, жұмысшы болады.
– Әжеңіз туралы да қаламдас достарының, іні-қарындастарының жазбаларынан оқып өстік. Атаңыз бен әжеңіздің таныстығы қалай өрбіді?
– Ол кісі 1933 жылы КомВУЗ-да білім алып жүргенде Ләзиза апамызбен танысады. 1934 жылы отау құрады. Ләзиза апа «Социалистік Қазақстан» газетінде 1937 жылдан бастап 20 жыл еңбек етті. Кейін «Қазақстан әйелдері» журналынан зейнет демалысына шыққан. Ол қаламы қолынан түспеген қайраткер, дарынды журналист әрі білгір аудармашы ретінде елге танылды. Ерекше еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Отбасылық архивтен атамыздың майдан даласынан жары Ләзиза апаға жазған жүрекжарды хаттарын таптық. Бұл хаттарда тек екі адамның тағдыры ғана емес, бүкіл елдің мұңы мен үміті айқын сезіледі. Хаттарды оқығанда оның Отанға деген сүйіспеншілігін, туған ел мен отбасына деген шексіз сағынышын аңғарасың. Майданда жүрсе де, корреспонденттік қызметін атқара жүріп, әдеби шығармашылығын тоқтатпаған. Өз қолжазбаларын Ләзиза апайға үзбей жіберіп отырған. Ақылдасып, пікір алмасқан туындылары Жазушылар одағына, газет-журналдарға ұсынылып тұрған. «Ақмаралдың жүрегі», «Шырқа, сәулем», «Нысана», «Арбасу» секілді өлеңдері мен мақалалары жарық көрді. Бірі соғыс майданында, бірі тылда, ашаршылық пен қиындыққа толы кезеңдерде жүріп жазысқан олардың хаттарын оқып отырып, сыйластық, адалдық, сабырлық, сыпайылық, шыдамдылық – барлығы да екеуіне тән мінез екенін көресің.
– Әбу ақынның көп ақын-жазушыға қамқорлық жасағанын жақсы білеміз. Әсіресе, Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» атты әңгімесін құшақтап, газет-журналдарды аралағанын жазушы көзі тірісінде тамсана айтып еді. Одан бөлек, Темірхан Медетбек те оның қамқорлығын көп көргенін білеміз. Тағы кімдерге жанашырлық танытты?
– Атам жасаған жақсылықтарын жарияламайтын. Көбін атам туралы жазылған ол кісілердің естеліктерінен білдік. Анам Райханның әкесі туралы жазбасында: «Талантты жастарды қамқорлау – әкем үшін әдеттегі іс сияқты еді. Бұл күнде Атыраудан Алтайға дейін созылған қазақ еліне танымал Қанипа Бұғыбаева, Сайын Мұратбеков, Дүйсенбек Қанатбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Темірхан Медетбек және талай-талай талантты қаламгерлердің әкемді рухани ұстаз тұтқаны кез келгенге бұйырмайтын бақыт дер едім. Сыр өңірінің талантты перзенті, бала кезінде түйеден құлап, мүгедек болып, төсекке таңылғанына қарамастан қолынан қағаз-қаламы түспеген Зейнолла Шүкіровті әкемнің такси жалдап, өз қолымен көтеріп, ауруханаға жатқызғанын бұл күнде біреу білер, біреу білмейді...
Жетісу жерінің аяулы ақын қызы Қанипаны да әке-шешем кенже баласындай мәпелеп, емдетіп, балапан өлеңдерін жарыққа шығарып, елге таныстырып, әдеби ортаға қосты. Ол да әкемді ерекше қастерлеумен өмірден өтті. Бәлкім, Қанипа әкемнің көмегінсіз де ақын ретінде ерте ме, кеш пе, әйтеуір жарыққа шығар ма еді... Бірақ шыққан күннің өзінде әдебиетке келу жолы әлдеқайда ұзаққа созылар ма еді деп ойлаймын кей-кейде.
Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің де орны әкем үшін бөлек еді. Оның өлеңдері мен қара сөздерін қалт жібермей, үнемі қадағалап оқып, жоғары бағалайтын. Жұмекеннің Уитман өлеңдерін терең түсініп оқып, соның арқасында биікке көтерілгенін мақтан ететін. «Ұстаздан шәкірт озады» демей ме халқымыз. Шәкіртінің өзінен озғанына қуанатын. Жұмекеннің көтерілуін әкем әрдайым заңды құбылыс деп есептейтін» деп жазады.
– Сәрсенбаев ұрпақтарының ішінде қалам ұстағандар бар ма?
– «Қалам ұстаған» деген сөздің мағынасы екі түрлі түсінілуі мүмкін. Мысалы, анам Райхан Әбуқызы кәсіби жазушы болмаса да, 95 жасына дейін қолынан қаламы түспеген жан еді. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген ұлы Абай сөзін ұстанып, атамыз дүниеден өткеннен кейін оның мұрағатымен толықтай айналысты. Ата туралы естеліктерді, сондай-ақ оның танымал жазушылар мен еңбек адамдары жайлы жазған материалдарын жинақтап, «Тоқсанның толғауы», «Естеліктер» атты екі кітап шығарды. Сонымен бірге «Өлеңдер мен поэмалар», «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері», «Жауынгер монологы», «Келем қайтып Европадан» кітаптарының қайта басылып шығуына ықпал етті.
Атамыздың 100 және 110 жылдық мерейтойларын министрлікпен және Жазушылар одағымен бірлесе отырып, жоғары деңгейде өткізуге атсалысты. 2019 жылдың қазан айында атамызға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Осы шараға байланысты мүсіншілермен алдын ала кездесіп, макет пен мүсін туралы пікірлерін білдіріп, жасы үлкен болса да бізбен бірге барлық жұмысқа қатысты. Анам сырқаттанып, төсек тартып қалғаннан кейін сол жұмыстарды перзенттік парызым деп санап, жалғастырып келемін. Әдеби жағынан атсалысып жүрген – жазушы, Жазушылар одағының мүшесі Заря Жұманова, ал ұйымдастыру жұмыстарында көмектесіп жүрген – туысымыз, педагог Сәлима Жұмағалиева. Биыл біз отбасымызбен атамыздың 120 жылдық мерейтойын атап өтуді ұйғардық. Атырау облысының әкімдігіне хат жолдап, қызы Райхан апай тұрған үйді мұражай ретінде қалдыру, сондай-ақ ескерткіш жанындағы орта мектепке атамыздың атын беру жөнінде өтініш білдірдік. Атырауда және туған жері Құрманғазы ауылында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Біз жыл бойы материал жинақтап, ата туралы, сондай-ақ атаның белгілі замандастары мен туыстардың естеліктерін құрастырып, жинақ шығардық және оның таныстырылымын өткіздік. Қазақстан Ұлттық кітапханасы ұжымы көмегімен кітаптар көрмесін және сурет галереясын орналастырдық. Кездесуге Жазушылар одағынан жазушылар, атамыздың көзі көргендер, туысқандар мен студенттер қатысты. Кездесу өте жылы өтті.
Алда да жоспарымыз көп. Атамыздың аты өшпесін деп оның мұрасын ұрпаққа таныстыруды жалғастырып келеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС