Орал қаласында көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы бос пәтерде өрт шығып, әлеуметтік желілерде оқиғаның видеосы тарап кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу жетіп, саты арқылы балконға көтеріле бергенде, кенеттен газ-ауа қоспасы жарылып, терезе мен балкон күл-талқан болды.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жарылыс салдарынан ешкім зардап шекпеген. Ал жарылысқа куә болған өрт сөндіруші өзінің жағдайын былай деп сипаттады:
«Бәрі жақсы. Қайта іште адам болмағаны қуантады. Өзім де дін аманмын. Балкон жарылған сәтте еңкейіп үлгеріп, аман қалдым», – деді ол.