Бір ай бұрын кеңінен резонанс тудырған бұл оқиға қоғам назарын аударып, құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты сұрақтар туындатты.
«Зиратқа апарып, ұрып-соққан»: Атырауда блогерді қорлағандарға қатысты сот басталды
254
оқылды

Атырауда блогер Құралай Болатованың жапа шегуіне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Бір ай бұрын кеңінен резонанс тудырған бұл оқиға қоғам назарын аударып, құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты сұрақтар туындатты.

Құралай Болатованың айтуынша, оқиға 3 қазанда кешке болған. Екі қыз «сөйлесейік» деген сылтаумен оны кафеден сыртқа шақырып, көлікке отырғызып, қала шетіндегі зиратқа апарған. Сол жерде оны соққыға жығып, моральдық қорлық көрсеткен.

«Мені алдап алып кетті, ұрып-соқты. Бұл жайды назардан тыс қалдыруға болмайды. Кінәлілер жазалануы тиіс. Бірақ неге бұл іс тек Қылмыстық кодекстің 108-бабы – “Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру” бойынша ғана тергеліп жатыр? Мені көлікке күштеп отырғызып, адам жоқ жерге апарды. Бұл неге адам ұрлау ретінде қарастырылмайды? Заң бәріне бірдей болуы керек», – дейді жәбірленуші.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жанжал туристік турға қатысты туындаған. Қ. Болатованың айтуынша, ол қыздар арқылы шетелге саяхатқа жолдама сатып алған және оны өз парақшасында жарнамалаған. Бірақ тур жүзеге аспай қалған соң, ол 100 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Сол кезде тараптар арасындағы түсініспеушілік шиеленіскен.