Бейжіңде «Қазақ - Қытай жас қаламгерлері» халықаралық әдеби конференциясы өтті

Конференция Зейнолла Сәнік шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесімен ашылды.

Бейжің қаласындағы Қазақстан мәдениет орталығында «Қазақ - Қытай қаламгерлері» атты халықаралық әдеби конференция өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.  

Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі, Бейжіңдегі Қазақстан Мәдениет орталығы және Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры бірлесе ұйымдастырды.

Конференция Зейнолла Сәнік шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесімен ашылды. 

Конференцияның алғашқы сөзін Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов алып, екі ел арасындағы әдеби байланыстардың маңыздылығына тоқталды.

-Біз бүгін Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының алғашқы мәдени орталығында жүздесіп отырмыз. Бұл – әзірге шетелдегі жалғыз қазақстандық мәдени орталық. Ұзақмерзімді дипломатиялық келіссөздің және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтың нәтижесінде ашылған бұл орталықтың ашылуына 4 ай бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысқан болатын.

Екі ел арасындағы мәдени алмасудың маңызды кезеңіне айналып, қазақстандық мәдениетті халықаралық аренада танытуға елеулі үлес қосатын бұл бастаманың да, бүгінгі «Қазақ - Қытай қаламгерлері» халықаралық әдеби конференциясының да Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстар мен стратегиялық әріптестіктің нығаюына сеп болады деп есептеймін. Бүгінгі жаһандану дәуірінде елдер арасындағы мәдени алмасудың ең пәрменді жолы – сапалы аударма екендігін айтқым келеді. Сондықтан да қазақ және қытай әдебиеті арасында рухани көпір орнататын аударма жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру, оны жүйелі түрде жандандыру – уақыт талабы. Өйткені екі елдің рухани байланысын тереңдетуде бұл бағытты дамытып, жас аудармашыларға қолдау көрсету – біздің ортақ міндетіміз деп санаймын. Әдебиет – адамзатты жақындастыратын ең нәзік әрі ең қуатты күш. Біз соның елшілеріміз. Бүгінгі сапарымыз да ұрпақтар жадында, тарихта қалатын үлкен мәдени, әдеби бастама деп білемін,- деді Мереке Құлкенов.

Шара барысында Қытай Жазушылар одағы партия комитетінің мүшесі, төраға орынбасары, Хатшылықтың хатшысы, әдеби сыншы У Ицинь қазақ-қытай әдеби ынтымақтастығының жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтіп, өзара ынтымақтастықты жандандыру туралы ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Конференция барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али, кәсіпкер, меценат Қанат Сәнік пен Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, республикалық «Простор» әдеби журналының бас редакторы Фархат Тамендаров сөйледі.

Сонымен қатар, әдеби конференция аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Қытай Жазушылар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға ресми түрде қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов және Қытай Жазушылар одағы төрағасының орынбасары У Ицинь қол қойды.

Халықаралық конференцияның «Қазақ - Қытай қаламгерлері. Зейнолла Сәнік шығармалары» атты пленарлық мәжілісінде екі елдің көрнекті жазушылары мен әдебиеттанушылары баяндама жасады. Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржеке-ұлы қазақ-қытай әдеби байланыстары мен Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы туралы; жазушы, аудармашы Акбар Мәжіт екі ел арасындағы аударма алмасу үрдістері жайында; жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Кәдірбек Сегізбай Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің дамуы туралы; Қытай Жазушылар баспасы бас редакторының орынбасары Янь Хуэй әдебиет арқылы мәдени байланыстарды тереңдету мәселесі жөнінде; Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының аға ғылыми қызметкері Ван Сяоюй қазақ және қытай әдебиеттерінің өзара таралуы мен аударма тәжірибесі жөнінде баяндама жасады.

Секция соңында қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, екіжақты әдеби байланыстарды кеңейту бағыттары талқыланды.