Астаналық тұрғын бұзақылық үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Елорда полициясы вандализм, бөтеннің мүлкін бүлдіру және ұсақ бұзақылық сияқты кез келген құқық бұзушылыққа қатысты «нөлдік төзімсіздік» қағидатын жүйелі түрде іске асырып келеді.
Полицияға Қошқарбаев көшесіндегі бір кофеханаға кіреберіс есіктің бұзылғаны туралы хабарлама түсті. Жедел шаралар нәтижесінде ішімдік ішкен 45 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Ол құлыпты бұзып, мекемеге кірген. Сот шешімімен бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жыл басынан бері елордада осындай 251 факт тіркелген, оның 136-сы бойынша құқық бұзушылар қамауға алынған. Бұдан бөлек, ұсақ бұзақылық бойынша 3300-ден астам жағдай анықталып, олардың 1,5 мыңнан астамында сот әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындаған.
Полиция тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтап, бөтеннің мүлкіне ұқыпты қарау қажеттігін ескертеді. Қоғамдық орындардағы бұзақылық әрекеттері заңға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске саламыз.