Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада автобустың жүргізушісі жаяу жүргіншіні өткізу үшін тоқтаған сәті түсірілген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бірақ сол мезетте ВАЗ-2114 маркалы жеңіл көлік жүргізушісі зейнеткер әйелді байқамай қағып кеткен.
Полиция мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Қабанбай батыр даңғылы бойындағы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Автокөлік жүргізушісі жолды кесіп өтпек болған 68 жастағы әйелді қағып, ол ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі «Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.