Император Нарухитоның қабылдауы, жоғары деңгейдегі келіссөздер және ауқымды экономикалық келісімдер екі ел арасындағы сенімге негізделген ұзақмерзімді серіктестіктің жаңа кезеңге өткенін аңғартады.
Императорлық қабылдау және ірі келісімдер: Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының саяси салмағы
279
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған алғашқы ресми сапары Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы саясатының стратегиялық маңызын айқын көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Император Нарухитоның қабылдауы, жоғары деңгейдегі келіссөздер және ауқымды экономикалық келісімдер екі ел арасындағы сенімге негізделген ұзақмерзімді серіктестіктің жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Халықаралық қатынастар және экономикалық саясат жөніндегі тәуелсіз сарапшы Ерік Батырханов бұл сапардың саяси, экономикалық және өңірлік маңызына баға берді.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары императорлық аудиенциядан басталып, Император Нарухито атынан ресми қабылдау ұйымдастырылды. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастар мен мәртебе тұрғысынан нені білдіреді?

– Императорлық аудиенция және Император Нарухито атынан берілген ресми қабылдау – жапон дипломатиясындағы аса жоғары құрметтің белгісі. Жапония символикаға өте ұстамды қарайтын мемлекет, сондықтан мұндай протоколдық элементтер тек стратегиялық маңызы бар елдер мен көшбасшыларға ғана қолданылады. Бұл жерде біз жай ғана кездесу емес, мемлекетаралық деңгейдегі қатынастар туралы айтып отырмыз. Сондықтан бұл жағдайда әңгіме жай ғана формалды сапар туралы емес, Қазақстанды саяси тұрақтылығы бар, өңірлік ықпалы жоғары және ең бастысы, ұзақмерзімді ынтымақтастыққа зор әлеуеті бар Орталық Азиядағы жетекші мемлекет ретінде мойындау жөнінде болып отыр. Сонымен қатар, бұл жапон бизнесі мен мемлекеттік басқару құрылымдарына жолданған маңызды сигнал деуге болады: Астанамен қарым-қатынас айрықша сенім деңгейінде қалыптасқан.

– Бүгінде Қазақстан мен Жапонияны қандай негізгі мүдделер біріктіреді?

– Қазақстан мен Жапонияны бүгінгі таңда прагматикалық тұрғыдағы мүдделердің тоғысуы біріктіреді. Жапония үшін Қазақстан – стратегиялық ресурстарға, соның ішінде сирек кездесетін металдарға, уранға қол жеткізудегі сенімді әріптес әрі еуразиялық логистиканың маңызды буыны. Ал Қазақстан үшін Жапония – жоғары технологиялардың, «жасыл» шешімдердің, басқару стандарттарының және ұзақмерзімді инвестициялардың көзі. Ең бастысы – жапондық ынтымақтастықта саясиландыру жоқ. Жапон моделі қысқамерзімді пайдаға емес, орнықты әрі тұрақты жобаларға негізделеді. Бұл серіктестікті өзара тиімді әрі бірін-бірі толықтыратын етеді.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында ірі жапон бизнес өкілдерімен жеке кездесу жоспарланған. 3,7 млрд доллардан асатын 40-тан астам құжатқа қол қойылмақ. Мұндай ауқым нені аңғартады?

– Бұл сандардың өзі-ақ көп нәрсені айтып тұр. 40-тан астам құжаттың 3,7 миллиард доллардан асатын сомаға жасалуы – қарым-қатынастардың нақты жобалық деңгейге өткенін көрсетеді. Бұл жай меморандумдар мен декларациялар емес, нақты инвестициялық және технологиялық бастамалар. Жапон компанияларының құрамы энергетика, шикізатты өңдеу, инфрақұрылым, экология, цифрлық және өнеркәсіптік шешімдерге қызығушылық бар екенін көрсетеді. Яғни, басымдық тек шикізат секторына берілмеген. Бұл Жапонияның Қазақстанды өңірде ұзақмерзімді қатысу алаңы ретінде қарастыратынын білдіреді.

– Жапония «Орталық Азия + Жапония» форматынан алғаш болып бастама көтерген ел. Енді бұл формат алғаш рет мемлекет басшылары деңгейіндегі саммитке шықты. Бұл қадам өңір үшін нені білдіреді?

– Форматтың мемлекет басшылары деңгейіне көтерілуі – Орталық Азия өңірлік дипломатиясының кемелденгенін көрсетеді. Қазақстан үшін бұл өңірдің халықаралық қатынастарда жеке-жеке елдер жиынтығы емес, біртұтас субъект ретінде рөлінің артуын білдіреді. Жапонияның басқа ойыншылардан айырмашылығы – өңірде қысымсыз, геосаяси таңдау таңбай, жүйелі түрде жұмыс істейді. Сондықтан бұл формат Орталық Азияда оң қабылданып отыр.

– Келіссөздер барысында Президент Тоқаев «Орталық Азия + Жапония» форматы 2004 жылы Астанада бастамашылық етілгенін атап өтті. Ол кезде Тоқаев Сыртқы істер министрі болған. Бұл фактордың маңызы қандай?

– Бұл форматтың 2004 жылы бастау алуы Қазақстан сыртқы саясатының институционалдық сабақтастығын көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде дипломат ретінде осы диалогтың бастауында тұрды, ал бүгінде оны мемлекет басшысы ретінде дамытып отыр. Бұл – стратегиялық идеялардың ондаған жыл бойы бір саяси көзқараспен жалғасуының сирек кездесетін үлгісі. Мұндай тұрақтылық серіктестердің сенімін арттырып, қарым-қатынастарға беріктік береді.

– Жалпы алғанда, Жапонияға сапар Тоқаевтың көпвекторлы және әртараптандырылған сыртқы экономикалық стратегиясына қалай сай келеді?

– Бұл сапар Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын әртараптандыру стратегиясына толық сәйкес келеді. Қазақстан серіктестер географиясын ғана емес, ынтымақтастық сапасын да кеңейтіп келеді. Осы тұрғыда Жапония – экономикалық тұрғыдан қуатты, технологиялық жағынан дамыған және саяси тұрғыдан бейтарап  әріптестердің бірі. Мұндай сапарлар Қазақстанның сыртқы саясатының тұрақтылығын нығайтып, кез келген бір бағытқа тәуелділікті азайтады.

Сапар ресми әрі салтанатты сипатқа ие болып, император мен премьер-министр деңгейінде өтті. Сонымен қатар, ол нақты экономикалық мазмұнмен толықтырылып, инвестиция мен бизнеске басымдық берілді. «Орталық Азия + Жапония» саммитіне қатысу арқылы өңірлік форматқа да айрықша мән берілді. Жалпы алғанда, бұл сапар Жапония мен Орталық Азия елдері арасындағы стратегиялық серіктестіктің логикалық жалғасы болып отыр.