Президент британдық BBC-ден 10 млрд доллар өтемақы талап етіп, сотқа жүгінді. Ол 2024 жылы көрсетілген деректі фильмнің мазмұнын «арандатушы және қасақана зиян келтіруге бағытталған» деп айыптаған.
BBC-ді жала жапты деп айыптап, 10 миллиард долларға сотқа берген президентті қолдайсыз ба?
Дональд Трамптың талап-арызында BBC деректі фильмі «жалған, жалаға толы, арандатушы және зиянды» екені айтылған. Фото axios.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Brendan Smialowski
160
оқылды

Financial Times басылымының хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz америкалық президент пен британдық хабар таратушы корпорация арасындағы даудың туу себептерін талдайды. Дүйсенбі күні (15 желтоқсан) берілген талап-арызда Дональд Трамп BBC-ді АҚШ президентінің сөзін бұрмалап, деректі фильмде «жалған әрі жала жабушы» бейне қалыптастырды деп айыптаған. Арызда 2024 жылғы АҚШ президенттік сайлауы қарсаңында британдық корпорацияның Panorama бағдарламасында эфирге шыққан деректі фильмде Дональд Трампты «жалған, жалаға толы, кемсітуші, арандатушы және әдейі зиянды түрде көрсеткені» айтылған.

Өткен айда BBC Трамптан кешірім сұраған болатын. Дау туғызған деректі фильмде Трамп 2021 жылғы 6 қаңтарда АҚШ Конгресі ғимараты – Капитолийге шабуыл жасауға өз жақтастарын шақырды деген тұжырым жасалған. Ол күні заң шығарушылар 2020 жылғы сайлауда Джо Байденнің жеңісін ресми түрде бекітіп жатқан болатын.

Президент Трамп Флорида штатындағы федералдық сотқа өз атынан талап-арыз беріп, BBC-ді екі бап бойынша сотқа берген. Бір бап бойынша жала жапты деп, екінші бап бойынша Флорида штатының әділетсіз және адастырушы коммерциялық тәжірибелер туралы заңын бұзды деп айыптаған. Президент әр бап бойынша кемінде 5 миллиард доллар көлемінде өтемақы талап етіп отыр.

Сот құжаттарында деректі фильм америкалық президенттің имиджіне «орасан зор экономикалық зиян келтіргені» және оның болашақ қаржылық мүмкіндіктеріне елеулі нұқсан тигізгені жазылған.

Сейсенбі күні (16 желтоқсан) BBC өкілдері: «Бұған дейін де нақты айтқанымыздай, біз бұл істе өз ұстанымымызды қорғаймыз. Жүріп жатқан сот процесіне байланысты қосымша пікір білдірмейміз», – деп мәлімдеді.

Өткен айда хабар таратушы корпорация видеоматериалды монтаждау тәсілі үшін «шынайы өкініш» білдіргенімен, жала жабу туралы талапқа ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеген.

Бұл сот ісі BBC мен Трамп арасындағы даудың ушығуына әкелді. Аталған дауға байланысты BBC бас директоры Тим Дэви мен BBC News басшысы Дебора Тернестің қызметтен кетті. Сонымен қатар  бұл – Трамптың бұқаралық коммуникация құралдарына қарсы берген соңғы шағымы. Ол бұған дейін CBS телеарнасын 2024 жылғы сайлаудағы қарсыласы, демократ Камала Харриспен жүргізілген сұхбатты монтаждады деп сынға алған.

Трамп сондай-ақ ABC телеарнасының жүргізушісі Джордж Стефанопулостың тікелей эфирдегі комментарий арқылы жала жапқаны үшін сотқа берген. CBS-тің иесі Paramount компаниясы мен ABC президенттің талаптарын реттеу үшін тиісінше 16 және 15 миллион доллар төлеуге келіскен.

BBC-ге қарсы талап-арызда деректі фильмде Трамптың 2021 жылғы 6 қаңтардағы сөзінен үзінділердің қалай монтаждалғанына ерекше назар аударылады. Онда ол жақтастарын «Капитолийге баруға», кейін «барынша күресуге» шақырғаны көрсетілген.

Ал Трамптың бастапқы сөзі: «Біз Капитолийге барып, батыл сенаторларымыз бен конгресмендерімізді қолдаймыз», – деген болатын. Президент BBC оның сөзіндегі «мен барлық қатысушылардың Капитолий ғимаратына бейбіт әрі патриоттық түрде өз пікірін білдіру үшін баратынын білемін» деген бөлікті «қасақана алып тастады» деп санайды.

Заңгерлер бұл істің тағдыры ең алдымен Флорида сотының юрисдикциясы бар-жоғына байланысты болатынын айтуда. Трамптың уәжінше, BBC деректі фильм үшін бастапқы видеоматериалдарды жинау мақсатында Флоридаға қызметкерлерін жіберген, бұл корпорацияны аталған штаттың сот юрисдикциясына бағындырады.

Сондай-ақ талап-арызда деректі фильм BBC-ге тиесілі BritBox стримингтік платформасы арқылы Флоридада қолжетімді болғаны, көрермендердің геоблоктауды VPN арқылы айналып өтуі мүмкін екені айтылған. Сонымен бірге фильм Blue Ant Media Corporation атты үшінші тарап дистрибьюторы арқылы таратылғаны көрсетілген.

Blue Ant Media деректі фильмді Ұлыбританиядан тыс елдерде лицензиялау құқығына ие болған. Өткен айда компания фильмді тарату каталогынан алып тастағанын мәлімдегенімен, сейсенбі күні (16 желтоқсан) журналистердің сұрауына жауап бермеген. Мәселеден хабардар дереккөздердің айтуынша, өткен айда BBC заңгерлері Трамптың жала туралы талабын қабылдамауға негіз болатын бес дәлел ұсынған. Соның ішінде юрисдикцияның жоқтығы да бар. BBC деректі фильм АҚШ аумағында таратылмағанын, ал iPlayer стриминг қызметі географиялық тұрғыда бұғатталғанын мәлімдеген.

Сейсенбі күні (16 желтоқсан) Ұлыбритания саясаткерлері BBC-ді ашық қолдай бастады. Лейбористік үкіметтің министрі Стивен Киннок BBC «берік ұстанымда тұрғанын» және «өз қағидаттарына адал болғаны дұрыс» екенін айтқан. Ол лейбористер партиясы «BBC-ді өмірлік маңызы бар институт ретінде әрдайым қорғайтынын» жеткізген.

Sky News арнасына берген сұхбатында Киннок BBC «Трамптың жала мен беделге нұқсан келтіру жөніндегі кең ауқымды айыптауларына ешқандай негіз жоқ екенін анық мәлімдеді» дейді. Либерал-демократтардың көшбасшысы сэр Эд Дэйви үкіметті «Трамптың орынсыз құқықтық қысымына қарсы BBC-ді қорғауға және лицензиялық алым төлеушілерді қаржылық шығыннан сақтауға» шақырды.

Бұл сот ісі Ұлыбритания үкіметінің сейсенбі күні (16 желтоқсан) BBC-дің болашағына қатысты, оның ішінде қаржыландыру нұсқалары қарастырылатын «жасыл кітапты» жариялауына көлеңке түсіруі мүмкін. Қалай болғанда BBC-дің америкалық юрисдикцияда жауап беру ықтималдығы жоғары.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.