Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 25 желтоқсан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін белгілеп, алдағы маңызды міндеттерді талқылады.
Сенат Цифрлық және Құрылыс кодекстерін қарайды
136
оқылды

Іс-шарада Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде нақты міндеттер жүктегенін атап өтті. Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін барлық деңгейдегі депутаттар мүдделі тараптармен, оның ішінде сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп бірқатар заң әзірледі. Олардың қатарында – Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар бар. Бюро мүшелері аталған заңдарды палатаның алдағы отырысында қарау жөнінде шешім қабылдады. Бұл құжаттар цифрлық саланы құқықтық реттеудің бірыңғай және ашық жүйесін құруға бағытталған. Кодекс деректер мен цифрлық объекті­лерді басқарудың құқықтық негізін қалыптастырады. Сондай-ақ Қазақстанның цифрлық кеңістігін қор­ғауды арттырып, елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайта түседі.

Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе – Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Бұл заңнамалық нормалар қала құрылысына байланысты шешімдерді талқылау кезінде жұртшылықтың барынша көп қатысуын, қоғамдық және жеке мүдделерді қозғайтын жобалар бойынша ұсыныстар беру мүмкіндігін, сондай-ақ бұзушылықтарға жедел көңіл бөлуді қамтамасыз етуді көздейді.

Сонымен қатар сенаторлар алдағы бейсенбіде «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарайды. Бюро отырысында аталып өткендей, банктер туралы жаңа заң банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға және ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге ықпал етеді. Қаржы секторында бәсекелестікті дамыту және инновацияларды ынта­ландыру жөніндегі шаралар да ескерілгенін айта кеткен жөн.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі БҰҰ (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ра­тификациялау туралы» және «Қазақстан Респуб­лика­сының Қылмыстық кодексіне және ҚР Қыл­мыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заңдар Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Бюро отырысында депутаттар Мәжіліс қабыл­даған заңдарды жұмыс үшін палатаның тұрақты комитеттеріне бөліп берді және осы аптаға арналған іс-шаралар жоспарын пысықтады. Бұл аптада сенаторлар дәрілік қауіпсіздікті, дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін, сапасын, импортты алмастыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына отандық және шетелдік инвестицияларды тартуға қатысты мә­селелер мен басқа да маңызды түйткілдерге тоқ­талады.

М.ТӨЛЕУ