Eurasian Resources Group (ERG) Hitachi және Mitsui конгламераттарымен өзара түсіністік пен серіктестік туралы меморандумдар жасасты. Келісімдер озық технологиялар мен шешімдерді әзірлеу мен енгізу, декарбонизация және «жасыл» экономиканы дамыту жобаларын іске асыру, өндіріс қуатын жаңғырту мен жоғарытехнологиялық жеткізілімдер тізбегін дамыту сынды бірқатар ілкімді салаларды қамтиды.
ERG мен Mitsui & Co., Ltd. арасындағы меморандум бизнес мүмкіндіктерді бірлесіп зерттеу мен кең ауқымды бағыттар бойынша бастамаларды пысықтау, соның ішінде тау-кен байыту және металлургиялық жабдықтарды модернизациялау мүмкіндіктерін іздестіруге бағытталған. Келіссөз барысында орнықты даму мен терең өңделген өнімдер шығару жайы да қамтылды. Атап айтқанда, ауыр тау-кен техникаларын электрлі ету және күйдіру машиналарын жаңғырту арқылы олардың көміртегі ізін төмендету қарастырылды.
Сонымен қатар ERG мен Hitachi Construction Machinery арасындағы меморандум перспективалық жобаларды бірлесе зерттеуді қарастырады. Бірінші кезекте карьерлерде кеңінен қолданылатын Hitachi EH4000 көлігінің күш қондырғыларын гибридті тәртіпте пайдалану үшін модификациялау, ERG-дегі тау-кен жабдықтары жұмысының тұрақтылығын арттыру қамында жасанды интеллект сынды цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін қарастыратын болады. Тараптар халықаралық нарықтарға көміртегі ізі төмен өнімдердің жеткізілімдерін зерделеуге, жеткізу тізбектерін жетілдіруге, минералды ресурстарды сату мен қойма, кеден және тасымал инфрақұрылымын қамдаудағы ұзақмерзімді шешімдерді бірлесе зерделеуге уағдаласты. Қол қойылған бұл меморандумдар технологиялық серіктестікті нығайту мүмкіндіктеріне жол ашты. Заманауи инженерлік шешімдерді тарту және өнеркәсіп пен энерготиімділік саласындағы жапонның озық тәжірибелері қолжетімді болады.
Кездесулер барысында қол жеткен нәтижелер жайлы ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас директоры Шухрат Ибрагимов:
– Бұл келісімдер ERG дамуының жаңа тармағының бастауы болады. Жетекші жапон компанияларымен серіктестік технологиялық модернизацияның қарқынын үдетіп, экологиялық таза шешімдерді енгізіп, қазақстандық өндірістің потенциалын кеңейтуге жол ашты. Біз бұл жерде тек Топ кәсіпорындарына ғана емес, жалпы бүтін бір сала мен ел эконо-микасына сүбелі үлес қосатын бастамалар көріп отырмыз. Бүгін қол қойылған меморандумдар Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттар – ерекше маңызды салаларды дамыту, елдің өнеркәсіптік егемендігін нығайту, заманауи әрі жоғары технологиялық өндірістерге көшу тапсырмаларына сай. Біз жапондық серіктестермен бірлескен жобалар ұзақмерзімді, орнықты нәтижелер береріне сенімдіміз, – деді.
ERG халықаралық серіктестермен өндіріс процестерін трансформациялауға бағытталған, көміртегі ізі мен маңызды ресурстардың халықаралық нарықтарындағы Қазақстанның позициясын нығайта түсуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастырып келеді. Әсіресе, Қазақстанның галлий өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шығуына мүмкіндігі мол. Президент Жапонияға мемлекеттік сапары аясында Eurasian Resources Group (ERG) пен Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd. компаниялары галлий жеткізілімдеріне қатысты келісімшартқа қол қойды. Бұл стратегиялық металл электроника және жоғары технологиялар саласында үлкен сұранысқа ие. Яғни, ERG мен Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd галлий жеткізілімдеріне қатысты ұзақмерзімді келісімшарт нәтижесінде Қазақстанның бай кен қорларын тиімді пайдалана отырып, Жапонияның озық технологияларын енгізу жоспарлануда. Топ маңызды минералдар саласындағы осы негізгі жобаны жүзеге асырғанда, ол Қазақстанның әлемдік галлий өндірісінде екінші орынға шығуына сеп болмақ.
«Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытындағы өндірістік ерітінділерден галлий өндіру технологиясы – ERG Research and Development компаниясының өз әзірлемесі саналады. Таңдалған бұл технология негізгі өнім – глиноземнің (бастапқы алюминий тотығы) сапасын арттыруға септігін тигізіп отыр. Әрі ерітіндіден құрамында бастапқы алюминий тотығы төмен, стратегиялық тұрғыда жоғары сапалы металл алынады. Галлий өндіретін учаске құрылысына құйылған инвестиция көлемі 12,5 млрд теңгеден асып, 70 жұмыс орны құрылмақ.
Жаңа өндірісте жылына 15 тонна галлий алу көзделген. Алғашқы өнім 2026 жылдың үшінші тоқсанында қолға тимек. ERG бұл жобаны сәтті іске асырса, Қазақстан галлий өндіру көлемі бойынша әлемде екінші орынға шыға алады.
– Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы сирек кездесетін металдар мен аса маңызды минералдардың маңызын баса айтып, олардың әлемдік өндіріс және сауда тізбектеріне еніп, орнығу қажет деді. Галлий заманауи технологиялар, әсіресе электроникада кеңінен қолданылатын ерекше маңызды металл қатарына кіреді. Біздің жобамыз Президент жүктеген тапсырмаға сай. Галлий өндірісін іске қосып, Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd-ге жеткізу отандық кәсіпорындарды дамытып, стратегиялық ресурстарды бәсекеге қабілетті өнімге айналдыра отырып, Қазақстанның жоғары технологиялық материалдар нарығындағы позицияларын нығайта алатынын көрсетті, – деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы әрі Бас директоры Шухрат Ибрагимов.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ