Бүгінде Қазақстан туризмін дамытуға бағытталған бастама ірі жобаға айналды. «AMANAT» партиясының мұрындық болуымен жүзеге асырылған ауқымды іске альпинистік федерациялар, туристік клубтар, әкімдіктер мен ұлттық парктер сынды серіктестер қатысты.
Жиын барысында сөз алған «AMANAT» партиясы Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті директорының орынбасары Жандос Қалтаев «Алатау аманаты» жобасының Алматы өңірінде жүзеге асырылуы – ел азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын алға тартты. Оның сөзінше, бұл бастама – тау бөктеріндегі саяхат, экологиялық мәдениет және спортты насихаттау бағытын бір арнаға тоғыстырған әмбебап жоба.
Бастама биыл 10 шілдеде партия төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасымен ресми түрде бастау алған еді. Жандос Қалтаевтың мәліметінше, ұлттық туристік маршруттың жалпы ұзындығы 1 200 шақырымға жетеді. Оның 480 шақырымы Алматы қаласында болса, ал қалған 720 шақырымы Алматы облысы арқылы өтеді. Сондай-ақ конференцияда кезең-кезеңімен заманауи туристік инфрақұрылым бой көтеретіні белгілі болды. Жобаны іске асыру барысында 28 құтқарушы пункт, 12 визит-орталық, 5 этноауыл мен этнолагерь, 5 жылқы жалға беру пункті және 5 гастроаймақ салу жоспарланған.
Жандос Қалтаев өңірде жаңа туристік инфрақұрылымның салынуы экономикаға пайда әкелетінін қоса айтты. Себебі бұл бастаманың нәтижесінде 650 жаңа жұмыс орны ашылып, 7 мың адам жұмыспен қамтылады. Сонымен, инфрақұрылымды дамыту экономикалық тұрғыда оң нәтижесін беріп қана қоймай, туристік ағынның 15 пайызға артуына ықпал етеді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі екі кезеңге бөлінген. Бастама 2025-2027 жылдар аралығында толықтай жүзеге асырылады.
– Осы уақытқа дейін жоба аясында партия Туризм министрлігі, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктерімен, сондай-ақ тау-кен саласының қауымдастығымен ынтымақтаса отырып бірнеше іс-шараны жүзеге асырды. Мысалы, KAZ Alpine Club қоғамдық бірлестігі Іле Алатауының 1,5 мың шақырымдық жолын зерттеді. Осының нәтижесінде, 31 түрлі бағытқа талдау жасалып, маршруттардың ерекшелігі мен әлеуеті анықталды. Трекинг пен альпинизмнен бастап, вело, ат, авто, мото және су туризміне дейінгі кең туристік маршруттар желісі жасақталды. Сол арқылы екі магистралдық дәліз құрылды, – деді Жандос Қалтаев.
Қазір жалпы ұзындығы 1 582 шақырым болатын 42 бағытқа экспедициялық зерттеу жүргізілген. Оның қатарында биік таулы аймақтар да бар. Зерттеу нәтижесінде екі негізгі маршрут әзірленді. Алғашқысы ұзындығы шамамен 400 шақырымға жететін биік таулы бағыт альпинистер мен кәсіби туристерге арналса, «Синегорье» деп аталатын екінші маршрут жаяу серуен, велотуризм және атпен саяхаттауға бейімделген қолжетімді бағыт ретінде ұсынылмақ. Жандос Қалтаевтың айтуынша, қазір мамандар негізгі 10 тауда барлау жұмысын жүргізіп келеді. Алматы облысы әкімдігінің тарапынан экспедицияға 38,9 млн теңге қаржы бөлінген. Дегенмен Жандос Қалтаев жоспарланған жобаларды сәтті жүзеге асыруға тосқауыл болатын бірқатар түйіткілдер бар екенін жасырмады.
– Біріншіден, ұлттық туристік бағыттардың мәртебесін бекіту, таңбалау жүйесі, навигация және экологияны қорғауға қатысты заңдық негіздің жоқтығы қолбайлау болып тұр. Осы себепті маршруттарды ресми түрде мойындау және оларды тұрақты пайдалану әзірге мүмкін болмай отыр. Екіншіден, маршруттардың едәуір бөлігінде қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіздігі байқалады. Өткелдер, көпірлер, демалыс алаңдары, баспаналар, сервистік пункттер секілді нысандардың болмауы маршруттардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Үшіншіден, экологиялық қадағалау жүйесі әлі де толыққанды жолға қойылған жоқ. Бұл жағдай жолдың ескіріп, табиғи нысандардың жойылу қаупін күшейтеді. Сондықтан бұл мәселелерді бірлесіп шешу – жобаның табысты жүзеге асуы үшін аса маңызды, – деді ол.
Аталған мәселелердің түйінін тарқату үшін «AMANAT» партиясы Ұлттық туристік маршруттарды реттеу жөніндегі заң жобасын, соның ішінде таңбалау, навигация, қауіпсіздік және табиғатты қорғау стандарттарын бекіту мақсатында нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобын құруды, ALATAU AMANATY TRAIL бренді жасалып, сайт пен мобильді қосымша іске қосуды, сондай-ақ туристік маршруттарды басқаруда экологиялық бақылау мен мониторинг жүйесін енгізуді ұсынды. Одан бөлек, маршруттардағы қызмет сапасын жетілдіру мақсатында кадр даярлау және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту маңызды міндет ретінде қарастырылған. Жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, ішкі туристік салаға шамамен 100 мың жергілікті тұрғынды тарту көзделген. Бұл өз кезегінде табиғи және мәдени мұраны сақтауға ықпал етеді.
Конференцияның келесі бөлімінде қоғамдық ұйымдар мен кәсіби туристік қауымдастық өкілдері сөз алды. Олар «Алатау аманаты» жобасын Қазақстанда ұлттық туристік маршрут жүйесін қалыптастыру жолындағы алғашқы әрі маңызды қадам деп бағалады.
KazAlpineClub ҚБ басқарма мүшесі Ерлан Смайлов бұл жоба болашақта елдегі ұлттық маршруттар желісінің негізіне айналатынын баса айтты. Оның сөзінше, бастама туристік инфрақұрылымды жүйелі дамытуға мүмкіндік беріп, өзге аймақтарда қолға алынатын бастамаларға үлгі болмақ.
Алматы облысы спорттық туризм федерациясының төрағасы Константин Сапронов өз сөзінде жобаға қатысты алдағы жоспарларды тізіп өтті. Оның айтуынша, маршруттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шамамен 450 шақырым соқпақты арнайы белгілеу қажет. Сондай-ақ өзендерге өткелдер орнату, аспалы көпірлер салу, кемпинг алаңдарын дайындау және биік тауда паналау орындарын құру жоспарланған. Осыған байланысты экологиялық бақылау жүйесін енгізу және ұлттық туристік маршрут туралы заң жобасын әзірлеу көзделген. Константин Сапронов биыл KazAlpineClub мамандары «AMANAT» партиясы мен Алматы облысы туризм басқармасының тапсырмасымен Іле Алатауының 1 580 шақырымнан астам соқпағын зерттегенін жеткізді.
Сонымен, конференция барысында ортаға салынған пікірлер «Алатау аманаты» жобасының мәнін айқындай түсті. Бұл бастама – инфрақұрылымды жетілдіру, экологиялық жауапкершілікті күшейту және жергілікті қауымдастықты туристік салаға тарту сынды маңызды міндеттерді қамтитын кең ауқымды жоба. Сарапшылар жоба келешекте ұлттық брендке айналып, ел экономикасына оң ықпал етеді деп сенеді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы