Цифрлық теңгенің енгізілуін Тәуелсіздіктің бір белесі ретінде қарастыруға болады. Бұл ретте Қазақстан ТМД аймағында цифрлық ұлттық валютасын енгізген алғашқы ел болып отыр.
Цифрлық теңгенің тарихи қадамы
103
оқылды

Жуырда оның қолданыс аясы жаңа салаға тарады: еліміздің бүкіл тарихында тұңғыш рет цифрлық теңгеде кредит берілді. Бұл салаға қатысты құжат Мәжілістің қарауына түсіп, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері цифрлық теңгенің ұлттық валюта ретіндегі мәртебесін заңмен бекітуге бірталай күш салды.

Цифрлық теңгенің алғашқы қадамдары

Цифрлық теңгені (ЦТ) енгізуге мем­ле­кет төрт жыл бұрын кірісті. 2021 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі нарық өкіл­дерінің, сарапшылар мен халықаралық серіктестердің қатысуымен «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын іске қосты. Сөйтіп, Мемлекет басшысы қойған мін­детке сәйкес, ЦТ – Қазақстан экономи­ка­сын қарқынды цифрландырудың қисынды жалғасына айналды.  

2022 жылы Digital Tenge Hub бірлескен платформасы іске қосылды, ол қызығу­шы­л­ық танытқан барлық тарапты бірік­тірді. Платформада қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмасуға және цифрлық теңгені енгізудің қыр-сырын бірлесіп зерделеуге жағдай жасалыпты. Жыл соң­ында тестілеу өткізіліп, оған қаржы нары­ғының нақты ойыншылары – сатып алушылар мен жеткізушілер қатысты. Тест қорытындысы цифрлық ұлттық валю­таны қолдану – ақша саясатына және елдің қаржы саласындағы тұрақты­лығына қауіп төндірмейтінін көрсетті. 

2023 жылы жоба жалғасты: Алматының бірнеше мектебінде оқушылардың тамақ­тану ақысын төлеу жүйесінде пайдала­нылған «цифрлық ваучер» енгізілді. Банктер халықаралық төлем жүйелерінің көмегімен цифрлық шотқа тіркелген карточка шығарды. 

Түсіндіре кетер жайт, цифрлық тең­ге – Қазақстанның ұлттық валютасының үшінші нысаны. Біріншісі – шытырлаған купюра түріндегі дәстүрлі ақша, фиат. Екіншісі – электронды, яғни қолма-қол­сыз теңге. Үштікті тұйықтаған ЦТ бұлар­дан ерекшеленеді. Оны электронды ақ­ша­мен шатастыруға болмайды. Бірінші­ден, ЦТ криптовалюта сияқты токендер­ден, яғни әріптердің және цифрлардың жиынтығынан тұрады. 

Екіншіден, бұлардан ерекшелігі сол, әдеттегі қолма-қол ақша сияқты ЦТ-ның токендері әртүрлі номиналға ие: 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100, 200, 500 және басқа теңге­лер. Үшіншіден, цифрлық теңгемен төлем жүргізу үшін интернет қажет емес. Ал ға­ламторға қосылмасаңыз, электронды ақшамен есеп айырыса алмайсыз. Цифр­лық теңгенің бірегейлігі сол, ол қолма-қол мен қолма-қолсыз есеп айырысудың барлық дерлік артықшылығын бір бойын­да біріктіреді.

Кереметі ме, кемшілігі ме, әркім өзі бағалар, бірақ ұлттық валютамыздың барлық формасынан даралайтын цифр­лық теңгенің тағы бір қасиеті бар: оны бағ­дар­ламалауға, яғни нақты бір бағытқа ғана нысаналы түрде арнауға болады. Мысалы, ата-ана баласының ЦТ-ны нақ­ты бір мақ­саттарға ғана пайдалана ала­тын­дай етіп белгілей алады. Айталық, ата-ана перзен­тінің денсаулыққа зиянды тауарларды – тәтті газдалған сусындарды, энергетик­терді, кәмпиттерді, басқасын сатып алмауын қалайды. Ол үшін ата-ана токенді тек мектеп асханасында немесе нақты бір тауарды сатып алғанда есеп айы­рыса ала­тындай етіп бағдарламалай алады.

Осы заманауи технологияны ендіруде Қазақ елі әлемдегі тәуелсіз мемлекеттердің басым көпшілігін басып озды. Euronews телеарнасының хабарлауынша, «цифрлық еуроны» енгізу тек 2027 жылдың ортасын­да басталады: оның өзінде Еуропарламент депутаттары қолдап дауыс берсе. Бұған дейін еуродепутаттар қарсыласып келген. ЕО Орталық банкі нормативтік-құқықтық база уақытылы дайын болса ғана 2027 жылы цифрлық еуроның пилоттық кез­еңін бастай алатынын мәлімдеді.  

ТМД көшбасшысы Ресейдің Орталық банкі цифрлық рубльді енгізуді 2026 жы­лға ысырды. Бастапқыда ЦР зейнет­ақы, жәрдемақы, бюджеттік сала қызметкер­лерінің жалақысы сияқты федералдық төлемдерді төлеуге пайдаланылмақ. Сы­нақ табысты өтсе, 2026 жылдың 1 қыр­күй­егінен барлық банк пен клиенттері, сондай-ақ табысы 120 миллион рубльден асатын ірі бизнес цифрлық рубльді қа­был­дап, төлеуді қамтамасыз етуге міндет­теледі. Нәтиже шықпаса, ЦР-ды енгізу мерзімі тағы шегеріледі. 

Бұл тұрғыда Қазақстан жылдамдығына көз ілеспес жүйріктей ілгері жүйткіп барады. Парламент оның заңнамалық тұғырын түзіп жатыр. Мәжіліс «Банктер және банк қызметі туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңын қабылдады. Ол келесі жылы толыққанды күшіне енуге тиіс.

Құжаттағы түзетулердің жеке, едәуір блогы ұлттық валютаның жаңа нысаны ретінде цифрлық теңгені енгізуге, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын жаң­ғыр­туға бағытталған. Ұлттық банктің мә­лімдеуінше, бұл – қаржы жүйесінде крип­товалюталарды, басқа да цифрлық актив­терді кең пайдалануға жол ашу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тап­сырмасына толығымен сәйкес келеді. 

Аталған заңмен цифрлық теңге, ашық банкинг жүйесі, мобильді төлемдер мен төлем карточкалары жүйесі, ұлттық төлем жүйесі, сәйкестендіру деректерін алмасу орталығының қызметі реттеледі. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Павел Казанцевтің айтуынша, жаңа заңда ЦТ-ның ұлттық валютаның жаңа нысаны ретіндегі мәртебесі заң жүзінде бекітіледі. Цифр­лық теңгенің айналымы және оны пай­далану тәртібін Ұлттық банк айқын­дайды. 

– Осы арқылы ЦТ толыққанды әрі тұрақты түрде енгізіледі. Ұлттық валю­таның жаңа цифрлық формасы оның өзге нысандарын жоймайды, қолма-қол және қолма-қолсыз ақшалармен қатар деңгейде төлемнің қосымша құралы ретінде пайдаланылады. Бұл түсінікті және бұрыннан күтіліп отыр. Бірақ қарапайым адамдарда көптеген сұрақ туындағаны жасырын емес. Мысалы, цифрлық теңгенің нақты қандай сала­ларда қолданылатыны кезең-кезеңмен белгіленіп, тізімі елге жариялануға тиіс. Әзірге біздің естіп отырғанымыз – ЦТ бюджеттік қаражаттардың қозғалысын бақылау үшін пайдаланылып жүр, – деді депутат.

Тағы бір өзекті сұрақ – қазақстан­дықтар қай күннен бастап оны тауар сатып алуға, қызметтердің ақысын төлеуге күнделікті жұмсай алады? Оны онлайн аударуға бола ма? Азаматтың бір ісі мемлекетке, күш құрылымдарына, банкке, басқасына ұнамаса, олар бар­лық цифрлық теңгесін бұғаттап тастап, ол адам өмір сүруге бір тиыны қалмай, қылмысқа бармай ма? П.Казанцев сарапшыларды мазалаған тағы бір мәселеге назар аудартты: цифрлық теңгені енгізу қаскөйлердің құралына айналмай ма, халықты алаяқтық схема­ларға тартуды жеңілдетпей ме?

Жаңа ақша қайда қолданылады?

Ұлттық банк төрағасының орынба­сары Берік Шолпанқұловтың ақпараты бойынша заңда цифрлық теңгені пайдалану өрісі ретінде – есеп айырысу саласы бекітілмек.  

– Заң жобасында оны есеп айырысу құралы деп таныдық. Ендеше болашақта оны өмірдің барлық саласында – дүкендерде, автокөлік немесе баспана сатып алғанда, басқасында есептесуге пай­далануға болады. ЦТ қолданыстағы инфра­құрылымдарға толығымен кірік­тіріліп, имплементация­ланады. Оны тұр­мыс­та пай­далануда ешқан­дай проблема туында­майды. Бұқара мен бизнеске оны он­лайн есептесуде де, POS-тер­миналдарда да қол­дануына болады. Бюджеттің қара­жатын игеруді бақылау мәселесі пысықталу үс­тінде, – деді Берік Шолпанқұлұлы.   

Ол цифрлық теңгеде бағдарламалау (программируемость) функциясы қарас­тырылатынына сендірді. Бұл қыры сынақтан өтіпті: пилоттық жоба аясында жол құры­лысына шығындалған қаржының бір бөлігі тексерілді. 

– ЦТ-дағы бюджеттік қаражаттың ныс­аналы мақсатын алдын ала бағдарламалап, ақшаның жолай жемқорларға жырымдал­май, ақырғы алушысына дейін жетуін қам­та­масыз ете аламыз. ЦТ толығымен блок­чейн-технологияға кіріктірілген: қаржының әрбір алушысы тізбек-тізбекпен көрсетіліп тұра­ды. Індете отырып, оның бүкіл «өмір жолын» бақылап шыға аламыз. Олай болса, ЦТ-ны алаяқтық мақсаттарда пайдалану тиім­сіз – тразиттеуші дропперлерден бас­тап, ақырғы алушысына дейін көрінеді, – деді Ұлттық банк басшысының орынбасары.

Ол цифрлық теңгені шығарушы эмит­ент – тек қана Ұлттық банк екеніне назар аудартты: тиісінше, ҚР ҰБ алаяқтармен күрес мәселесіне де септесе алады. Берік Шолпанқұлов заманауи технологиялар арқылы киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге уәде етті. 

Жуырда ел тарихында бұрын-соңды бол­маған оқиға тіркелді: Ұлттық банктің қолдауымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге цифрлық теңгемен алғашқы несиені берді. 250 миллион цифр­лық теңге «Өрлеу» бағдарламасы аясында жылына 12,6% ставкамен 7 жылға ұсын­ыл­ды. Оған бизнесмен жер учаскесі мен жаб­дық сатып алып, өндіріс ғимаратын салуды жоспарлады. Бірінші жылы 10-ға жуық жұмыс орнын ашпақ. Өндіріс жылына 1200-1400 тонна өнім шығаруға тиіс.

Цифрлық теңгені осы күйде пайдаланған тұңғыш клиент – павлодарлық кәсіпкер Виталий Кремберг. Ол үй жануарларының түбе­гіне гигиеналық толтырғыш ретінде салынатын түйіршікті абсорбент шы­ғаратын кәсіпорын салмақ. Өнім сондай-ақ құрылыста, ауыл шаруашылығында, эколо­гиялық мақсатта, мысалы, жанар-жағар май төгілген жағдайда апат салда­рын жоюға пай­даланылады. Кәсіпкер заманауи техно­логияларға жақ болған­дықтан, өндірісін дамытуға ЦТ-дағы несиені таңдағанын жеткізді. Әрбір жұ­м­са­ған шығыны мем­лекеттің қадағалауында болып, блокчейн тізбегінен көрініп тұра­тынына қарсы емес.  

– Біз сапалы отандық сіңіргіш жаса­ғымыз келеді. Бүгінде ол жануар­лардың түбегін толтырғыш сорбент қана емес, сонымен қатар фермада, құрылыста, эко­логияда қолданылатын әмбебап шикізат. «Өрлеу» жеңілдікпен несиелеу бағдар­ламасы аясындағы мемлекеттік қолдау бастапқы капиталымыз болды. Цифрлық теңге – технологиялық, жариялы және ұзақмерзімді дамуға бағдарланған жаңа кезеңіміздің рәмізі. Өзімізге артылған бұл тарихи сенімді нақты жаңғыруға айнал­дырамыз. Елде жоғары стандартқа сай өнім пайда болып, бизнесіміз тұрақты, жауапты өндірістің символына айналуы үшін еңбек етеміз, – деді В.Кремберг.

Транзиттік интеграция моделі құрылады

«Даму» қорының басқарма төраға­сының орынбасары Арсен Мұстафин жаңа қаржылық құралдың бизнес үшін артықшылықтарын атады. Біріншіден, ЦТ-дағы несие онлайн рәсімделеді, талап етілетін құжат мейлінше азайтылған. Өйткені мемлекет кәсіпкердің артық есептерінсіз-ақ, бұл теңгенің қозғалысын өз бақылауында ұстай алады. Екіншіден, өтінім жылдам қаралып, қаражат шотқа тез түседі. Үшіншіден, мемлекеттік бағ­дар­­­лама шарттары жариялы түрде орындалады. 

Төртіншіден, бақылаушы-қадағалау­шы органдар бизнесменге «ревизорлық» сапарлармен барып мазасын ала бермейді, салық тексерісі болмайды. Осы арқылы кәсіпорын әкімшілік кедергілерден, қар­жылық шығындардан, жұмысындағы кі­дірістерден құтылады. Бесіншіден, шы­ғар­ған өнімін шетелге экспорттаса, ол үшін ҚҚС-ты қайтару мерзімі қолдан­ыстағы 55-75 күннен 15 жұмыс күніне дейін қысқарады екен. 

– Жалпы, мемлекеттік қолдау бағ­дарламаларының айқындылығы, жария­лы­лығы мен тиімділігін арттыру үшін ЦТ-ны пайдаланудың әлеуеті зор. Оның негізгі артықшылығының бірі – бөлінген қаржы­ның орнымен жұмсалуын бақылау айтар­лықтай жеңілдейді. Себебі ЦТ таң­баланады. Осы мәміле де озық қаржылық техноло­гия­ларды енгізудегі маңызды қадам саналады. Бұдан былай кәсіпкерлер несиені цифрлық теңгемен алады. Соның арқа­сын­да процесс тезірек, ашық әрі тиімдірек болмақ. Біз осы бағытты одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз, – деді «Даму» басшылығының өкілі Арсен Мұстафин.

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жәленовтің пайымдауынша, мұндай инновациялық шешімдер мем­лекет, банк және бизнес арасындағы сенім­нің жаңа стандартын түзеді. «Осын­дай тетіктер әр салаға жылдам таралады деген үміттеміз. Президенттің тапсырмасы бойынша ЦТ енді мемлекеттік шығындар мен субсидиялардың барлық түріне кезең-кезеңімен енгізіледі. Ол елдің не­ғұр­лым тиімді, технологиялық және орнықты қаржы жүйесінің негізін қалып­тастыруға тиіс», – деді Б.Жәленов.

Ал вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметі бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру кезінде жолдарды жөндеу цифрлық тең­гемен қаржыландырылады. Ортаме­р­зімді кезеңде Үкімет кемінде 100 мемле­кет­тік жобада ЦТ-ны енгізу міндетін қойып отыр. Ол үшін Ұлттық банк Қаржы мин­ис­трлігімен бірлесіп «Транзиттік интегра­ция моделін» жүзеге асыруға кіріскен. Бұл модель министрліктің Қазынашылық комитеті үшін бірыңғай терезені құрады, ЦТ-ны эмиссиялау және өтеу жөніндегі үдерістерді автоматтандырады, сондай-ақ өтімділікті басқару тәсілдерін енгізуді көздейді.

Бүгінде пилоттық режимде цифрлық теңгені пайдаланудың бірнеше жобасы сынақтан өтіп жатыр, бұлар – Павлодар және Атырау облыстарындағы жолдарды орташа жөндеудің 2 жобасы, Астанада осал отбасылардан шыққан мектеп оқу­шы­ларына тегін ыстық тамақ беруге ваучер бөлу жобасы. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыр­ту» ұлттық жобасын жүзеге асыру кезінде, «Даму» қоры желісі бойынша кәсіпкер­лерді қолдау бағдарламасына, Мем­ле­кеттік кірістер комитетінің мемлекеттік сатып алулары кезінде «боялған» ақшаны енгізудің пилоттық жобалары пысықталу сатысында.

Айхан ШӘРІП