«AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасының «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілетін мемлекеттік аудит» тақырыбындағы есебін тыңдап, мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерліктің барынша қолдау көрсетіліп жатса да, заңдық тұрғыда қалыпты дамуына жол бермей жатқанын сөз етті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, Үкімет тарапынан жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша қаулының өзі 4 жылда 20 рет өзгерген.
– Бүгінгі Жоғары аудиторлық палата есептерін талқылау – тек ресми рәсім емес, бұл – Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын тікелей жүзеге асыру. Сондықтан Парламенттік бақылау қоғам мүддесін қорғаудың нақты құралына айналды. Жоғары аудиторлық палата ұсынған қорытындылар экономикамыздың «іргетасына» тікелей қатысты.
Соңғы бес жылда мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 4,5 трлн теңге бағыттады. Алайда аудит қорытындысы қаражаттың тиімділігі нақты нәтижемен емес, формальд көрсеткіштер мен көзбояушылыққа негізделген тәсілдер арқылы көрсетілгенін анықтады. Мысалы, шағын және орта бизнес – экономика мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Алайда ШОБ-ты қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларда жүйелілік жоқ. 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі орта бизнестің үлесін 15%-ға дейін жеткізу міндеті іс жүзінде сәтсіз аяқталды. Көрсеткіш 6,7% -бен тоқтап қалды", – дейді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат 2020 жылы субсидияның 1 теңгесіне 5,2 теңге салық салынса, өткен жылы тек 3 теңге болған. Яғни, қайтарым жылдан-жылға азайып жатыр.
Оның айтуынша, жеке кәсіптің дұрыс дамымауы негізінен тұрақты нормативтік-құқықтық базаның болмауы әсер етуде.
- Мысалы, Үкіметтің жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы қаулысы 4 жылда 20 рет өзгерді. Ереженің үнемі өзгеруі бизнесті ұзақмерзімді жоспарлау мүмкіндігінен айырады. Павлодар облысында сода зауытына инфрақұрылымына 2,5 млрд теңге жұмсалды, бірақ зауыт ешқашан салынбады. QazIndustry-де қозғалыссыз шоттарда шамамен 2 млрд теңге жатыр, ал QazTrade-де экспорт бағдарламасына қатысушының жартысынан көбі төлем жүрмеген. Сондықтан мемлекеттiк қаржы жүйесiнiң орнықты әрі ашық бола түскені жөн. Қазіргі таңдағы басты мәселе – мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру, басқарудағы олқылықтар мен формальды тәсілдерді жою. Сондай-ақ қомақты ресурс жұмсап, соған сай келетін әлеуметтік-экономикалық нәтиже алынбайтын жағдайларға жол бермеу қажет, – дейді ол.