Бұл жолғы жиында да тараптар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Осы орайда халықаралық диалог қалай қорытындыланып, Орталық Азия елдері көшбасшыларының Күншығыс жұртына сапары қандай нәтижелер бергенін талдап көрдік.
Бейбітшіліктен бастау алған байланыс
Орталық Азия аймағының Күншығыс елімен байланысы бүгін басталған жоқ, сонау 1990-жылдардан бері түрлі салада күш біріктіруге көшті. Мысал ретінде Қазақстан мен Жапонияның халықаралық саяси ареналарда ядролық қаруларды шектеуге үндейтін бейбітшілік бастамаларын айта аламыз. Тіпті, біз сөз еткелі отырған «Орталық Азия – Жапония» саммиті алғаш рет 21 жыл бұрын өткізілген еді. Сондықтан Күншығыс елі бізге таңсық емес.
– «Орталық Азия – Жапония» форматының 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны Жапонияның аймаққа деген ұзақмерзімді стратегиялық қызығушылығын және өзара қарым-қатынастың эволюциялық түрде дамығанын көрсетеді. Токио мен Қазақстан арасындағы қатынастарда бастапқы кезеңнен-ақ «жұмсақ күш» саясатына, сенімге негізделген серіктестік қалыптастыруға басымдық берілді. Қазір бұл тәсіл аймақта Жапонияға деген оң имидждің орнығуына, сондай-ақ саяси элиталар деңгейінде өзара түсіністіктің нығаюына ықпал етті деуге болады. Нәтижесінде, ынтымақтастықты одан әрі тереңдеткен берік институционалдық негіз қалыптасты, – дейді саясаттанушы Жанерке Қайратқызы.
Осы тұста біз Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы позициясын нығайта түскенін аңғарамыз. Бұның бір мысалы – аймақ пен Жапонияның тауар айналымы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барғанында Қазақстан мен Күншығыс елінің арасындағы алыс-беріс былтыр 2 млрд долларға жеткенін, бұл – Жапония мен Орталық Азия арасындағы сауданың 70 пайызы екенін айтты. Сонда екі тараптың жалпы тауар айналымы шамамен 2,85 млрд долларды құрайды.
Биылғы 9 айдың өзінде екі ел арасындағы сауда 1,3 млрд долларға жетті. Қазақстан тарапы жапондықтарға шикізатымен маңызды болса, еліміз олардың жаңа технологиясы мен көліктеріне қызығады.
Экономикалық тұрғыда инвестициялардың да мәні орасан. Орталық Азияны қолдауда Күншығыс елі басқалардан кем емес. Қазақстанның сыртқы сауда палатасының дерегінше, осы уақытқа дейін жапон инвестицияларының көлемі 8 млрд доллар болған. Ал Өзбекстанға 2017-2024 жылдар аралығында 184 млн доллар инвестиция құйса, Тәжікстанға 2023-2024 жылдары шамамен 42,5 млн доллар қаржы салған. Қырғызстан мен Түрікменстанның инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларына да жапондықтар қолдау көрсетіп келеді.
– Жапония сөзсіз әлемнің алпауыт мемлекеттерінің бірі екенін АҚШ-тың өзі мойындайды. Бұл ел озық технологиялары, экономикасымен ғана емес, мәдениетімен де өзгелерге үлгі. Жаһандық тәртіп пен саясат өзгеріп жатқан тұста жапондар өз мүддесі мен орны барын анық білдіріп отыр. Сондықтан Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азиядағы көршілерімізге де Күншығыс елімен саяси қарым-қатынас орнату, жапондық компаниялардың үлесін арттыру маңызды, – деп топшылады Қазбек Бейсебаев.
Компания дегеннен шығады, қазір Қазақстанда 60-тан астам жапон кәсіпорны табысты жұмыс істеп жатыр. Sumitomo, Marubeni, Toshiba, Mitsui секілді алыптар отандық нарықта орнығып үлгерген. Мұнымен шектелмей, саммиттен кейін жапондық инвесторлар еліміздегі шағын және орта бизнесті қолдауға ниеттеніп отырғандарын жеткізген көрінеді.
– Кейінгі жылдары болған геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер Орталық Азияның маңызын айтарлықтай арттырды. Аймақтың табиғи ресурстық әлеуеті, стратегиялық көлік дәліздері және өсіп келе жатқан нарығы Жапонияны ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, оны нақты практикалық шешімдер деңгейіне көшіруге серпін берді. Осы тұрғыда Токио декларациясының қабылдануын аталған үдерістің логикалық әрі заңды нәтижесі ретінде бағалауға болады. Саммит мазмұны декларативті мәлімдемелермен шектелмей, инновациялық жобаларды, технология трансфері, энергетика және адами капиталды дамыту мәселесін қамтыды. 150-ден астам ынтымақтастық құжатына қол қойылуы кездесудің тек формалды сипатта өтпегенін аңғартады, – деді саясаттанушы Жанерке Қайратқызы.
Мүдделердің маңызы
Жалпы, саяси диалогтарда бірінші кезекте әр тараптың мүддесі ескерілетіні даусыз. Мәселен, АҚШ Орталық Азияның сирек металдарына қызықса, аймақ елдері ірі державаның технологиялық мүмкіндіктеріне қол жеткізуге тырысады. Қытай аймақты Еуропа нарығына шығатын көпір санаса, бес ел ол ұсынысты ескеріп, көлік-логистика желісінің инфрақұрылымына инвестициялар тартуды көздейді. Бұндай мысалдар толып жатыр. Ал Орталық Азия Жапонияға не бере алады, өтеміне не алады?
Бұны білу үшін алдымен саммит қорытындысы бойынша қабылданған келісімдерді шолып көреміз. Өткен аптада Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы жаңа ынтымақтастық бастамалары жарияланды, онда алдағы 5 жылда сауда мен инвестицияны арттыруға бағытталған бизнес жобалар көлемі 19 млрд долларды құрағаны жазылған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Жапония үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысқысы келіп отырғанын, бұл шешімді толық құптайтынын жеткізді. Яғни, Күншығыс елі аймақтың транзиттік әлеуетін жақсартуға мүдделі. Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын арна ретіндегі рөлі жапондықтар үшін тың мүмкіндік бермек. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтетінін шетелдіктер түсініп отыр.
– «Орталық Азия +» форматындағы саммиттің маңызы айрықша артты. АҚШ-пен, Еуропаның ірі елдерімен, Қытай және Ресеймен, енді міне Жапониямен ауқымды жобаларды бірге атқарамыз. Алпауыттар үшін аймақтың қызығар тұсы көп, біз де соған орай құр қалмауымыз керек. Табиғи ресурстарға, шикізатқа бай екеніміз жасырын емес. Саясат құбылып тұрған шақта өз мүддемізді орнықтырып алған жөн. Жақында АҚШ басшысы Дональд Трамптың өзі Қазақстан Президентіне ерекше ілтипатын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев дұрыс бағыт таңдап отыр, маңызды әрі пайдалы келісімдерге қол жеткізіп жатқанымызды бағалау қажет, – дейді сарапшы Қазбек Бейсебаев.
Келісімдер тізімі бұнымен шектелмейді. «Таза» энергетиканы дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы, жаңа энергетикалық жүйеге көшуге қажетті ресурс саналатын сирек минералдарды игеру бастамалары бар. Сондықтан Қазақстан тарапы Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптады.
Саясаттанушы Жанерке Қайратқызының сөзінше, Орталық Азия елдері табиғи ресурстар мен өндірістік әлеует ұсынса, Жапония аймаққа технология, инвестиция және басқару тәжірибесін әкелуге дайын. Бұл барлық тарап үшін де ұтымды, ұзақмерзімді серіктестік моделі. Бұрын аймақ мемлекеттері ресурстарын кез келген шартпен сатуға дайын болса, қазір ол артта қалды. Орталық Азия мемлекеттерінің әлемдегі беделі, соның ішінде аймақ ретінде ұжымдық мүдделерін қорғауының күшеюі келіссөздердегі позициясын нығайтып отыр.
– Мысалы, Жапония уранды толықтай сырттан импорттайды. Алайда атом энергетикасы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетік. Сонымен қатар Күншығыс елі үшін жоғары технологиялық және өндірістік бәсекеге қабілеттілікті сақтау мақсатында сирек кездесетін металдар да стратегиялық маңызға ие. Электроника, жартылай өткізгіштер, жасыл энергетика және автокөлік өнеркәсібі осы ресурстарға тікелей тәуелді. Жапония бұл салада импорт көздерін әртараптандырғысы келеді. Токио бір ғана жеткізушіге байланбау үшін баламалы серіктестер мен жаңа нарықтарды іздеуде. Осы тұрғыда Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан Жапония үшін маңызды бағыттардың біріне айналды, – деп атап өтті сарапшы Ж.Қайратқызы.
Саммитте Қазақстан Президенті Орталық Азияда қуатты агроөнеркәсіп кешені барын еске салды. Сондықтан аймақ жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқара алады. Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызыққан. Енді тараптар ғалымдардың да басқосуын өткізуі мүмкін.
Орталық Азияның жайын сөз еткенде су тапшылығы мәселесін айналып өту мүмкін емес. Жыл басынан бері Қазақстан тарапы проблеманы жаһандық мінберлерде бірнеше мәрте көтергенін талай айттық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, аймақ қазірдің өзінде су тапшылығын сезінді. Кейінгі 20 жылда өңірде жан басына шаққанда сумен қамту көлемі шамамен 30 пайызға төмендеді. Оның үстіне, су ресурстарының 70 пайызға жуығы – трансшекаралық. Каспий теңізінің тартылуы алаңдаушылық туғызады, ал Арал экологиялық апаты су ресурстарын ретсіз пайдаланудың салдары қандай қайғылы болатынын көрсетті. Сондықтан Президент Жапонияның су саласын автоматтандыру және цифрландыру тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытатынын ашық айтты.
Сол арқылы су үнемдеудің озық технологияларын алмасу, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және Жерді қашықтан зондтау секілді Бірлескен су шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге болады.
Маңызды келіссөздердің ішінде Токионың Орталық Азия елдерімен жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасы бар. Бұған қоса, алдағы уақытта Орталық Азия елдерінде жапон университеттерінің бөлімшелері ашылуы мүмкін. Яғни, серіктестік білім саласында да нығаймақ.
Бұл аталғандар саммит қорытындысының бір бөлігі ғана іспетті. Әйтпесе, әр құжатқа жеке тоқталар болсақ, экономикаға дем беретін жобалардың өте көп екенін көрер едік. Қалай алғанда да, Орталық Азия елдері көшбасшыларының Күншығыс еліне сапары сәтті өткені анық.
Мадияр ТӨЛЕУ