2025 жыл Қазақстанның сыртқы саясатында жаңа кезеңнің басталғанын айқын көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалыптастырған көпвекторлы дипломатиясы бүгінде нақты нәтижелерін беріп отыр. Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестік тереңдеп, инвестиция, сауда, логистика және қауіпсіздік салаларында сапалы серпіліс байқалды.
Atlantic Council бас сарапшысы, доктор Ариэль Коэнмен сұхбатта Қазақстан-АҚШ қарым-қатынастарының 2025 жылғы динамикасы, Президент Тоқаевтың Дональд Трамппен кездесуі, Авраам келісімдеріне қосылу, сондай-ақ еліміздің халықаралық ықпалының артуы кеңінен талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Доктор Коэн, 2025 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың динамикасын қалай бағалайсыз? Бұл үдеріске қандай негізгі оқиғалар мен келіссөздер әсер етті?
– АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынаста шын мәнінде серпіліс бар. Бұған көптеген адамдар ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етті. Олар екіжақты қатынастарды ілгерілетуде үлкен жұмыс атқарды.
Мен АҚШ–Қазақстан қарым-қатынастарымен 1990 жылдардың басынан бері, шамамен 30 жыл бойы айналысып келе жатқан адам ретінде айта аламын: біз инвестиция, өзара ықпалдастық және сауда тұрғысынан жаңа кезеңге өттік.
Бұл Қазақстанның Ресей және Қытаймен қарым-қатынастарына зиян келтірмейді. Бұл – көрші елдер, ал география, белгілі бір мағынада, тағдыр. Дегенмен Президент Тоқаев 1990 жылдары, өзі Сыртқы істер министрі болған кезде қалыптастырған көпвекторлы саясат – өте дана саясат. Мен ол кезде онымен осы тақырыпта жеке сөйлескенмін. Бұл саясат тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл өңірге қызмет етеді.
Қазақстан мен Өзбекстанның G20 форматына шақырылуы – тарихи оқиға. Әрине, экономикалық көрсеткіштер бойынша бұл елдер әзірге G20 деңгейінде емес, бірақ болашақта Қазақстан бұл деңгейге жетеді деп сенемін. Президент Трамптың Қазақстанға басымдық беруі – үлкен жетістік.
– Биыл Президент Тоқаев Дональд Трамппен кездесті. Осы кездесудің басты нәтижелері қандай?
– Ең алдымен, Президент Тоқаевтың жеке форматтағы (one-on-one) кездесуге шақырылуының өзі – үлкен жетістік. Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы да аса маңызды қадам. Қазақстан – бұл келісімге қосылған алғашқы араб емес әрі Таяу Шығысқа жатпайтын мемлекет, бірақ соңғысы емес.
Мен басқа елдердің өкілдерімен сөйлесіп жүрмін, олар да осы келісімдерге қосылу мәселесін қарастыруда. Бұл – өте маңызды бастама. Елестетіп көріңіз: Қазақстан Қытаймен шекаралас, ал батысқа қарай созсақ, Авраам келісіміне қатысушы елдердің бірі – Марокко.
Қазақстан, болашақта Әзербайжан, БАӘ, Бахрейн, кейін Сауд Арабиясы, Иордания, Мысыр және Израиль, әрі қарай Марокко – Атлант мұхитынан Памир тауларына дейін созылатын үлкен геосаяси белдеу қалыптасады. Бұл – аса маңызды стратегиялық өзгеріс.
– Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың ең белсенді салалары қайсы? Ал болашақта қай бағыттарда әлеует жоғары?
– Бүгінде негізгі бағыттар – сауда, инвестиция және Шығыс-Батыс дәлізі. АҚШ әкімшілігі үшін сирек кездесетін және стратегиялық маңызды минералдардың балама көздерін табу – басым міндет.
Қазақстанда мұндай ресурстар мол: вольфрам және жоғары технология, ғарыш, өнеркәсіп үшін қажет көптеген элементтер бар. Қазір Қытай бұл салада жетекші: кен өндірудің шамамен 70%-ы, өңдеудің 90%-ы соның үлесінде. АҚШ жеткізу тізбегін әртараптандыруға мүдделі.
Шығыс–Батыс дәлізі мен TRIP (Trump Route for International Peace and Prosperity) маршруты – Армения аумағы арқылы өтетін, Орталық Азия мен Каспий өңірін Түркия және Жерорта теңізімен байланыстыратын маңызды бағыт. Бұл Қазақстандағы Орта дәлізді жаһандық нарықтармен жалғайды.
Тағы бір мысал – WebTech локомотивтері бойынша 4,2 млрд долларлық келісім. Бұл – АҚШ тарихындағы ең ірі локомотив келісімі.
Болашақта аэроғарыш, жоғары технологиялар, IT және жасанды интеллект салаларында ынтымақтастық артады. Қазақстанда энергия ресурстары мол: уран, көмір. Бұл деректер орталықтары мен AI инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
ЖІӨ жан басына шаққанда 15 мың доллардан асқан кезде Қазақстан «жоғары орта табысты елдер» қатарына енеді. Бұл инвестициялық тартымдылықты арттырады. Президент Тоқаев жетекші әлемдік университеттерді елге тарту бойынша да жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Сондықтан Қазақстанның болашағы зор.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық бастамалары мен АҚШ-тың қолдауы Қазақстанның халықаралық ықпалын қаншалықты арттырды?
– Қазақстан өзін Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер үшін бейтарап алаң ретінде ұсына алады. Ел әрдайым өзін диалогқа ашық, бейтарап мемлекет ретінде көрсетіп келеді.
АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі) аясында Иран мен Израиль өкілдері бір алаңда кездесе алады. Бұл – Қазақстанның ерекше артықшылығы.
Қазақстанды «Еуразияның Швейцариясы» деуге болады. Сонымен қатар Астана халықаралық қаржы орталығы мен ағылшын құқығына негізделген заманауи қаржы инфрақұрылымы елдің халықаралық беделін күшейтуде.
Қазақстан мұнай жеткізуші елден қосылған құны жоғары өндірістерге көшу жолында. Уранды тек өндірумен шектелмей, ядролық отын жинақтарын жасау, атом электр станцияларын салу – осының айғағы.
Бұл – модернизация жолы. Ал модернизация – адамдардың өмір сапасын жақсартудың негізгі кілті.