Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің төрағасы Бауыржан Смағұлов 2025 жылғы кеңес жұмысының қорытындысы туралы айтты. Кеңес төрағасы экологиялық ахуалға қатысты негізгі жетістіктер мен шешімін күткен түйткілдерге тоқталып, алдағы басым бағыттарды айқындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– 2025 жылы «AMANAT» партиясының Экологиялық кеңесі жұмысының ел үшін ең маңызды нәтижелері қандай деп санайсыз?
– 2025 жылы «AMANAT» партиясының Экологиялық кеңесі қалдықтар, ауа, су, биоалуантүрлілік, климат және өнеркәсіптік экология салаларындағы мамандарды біріктірген сараптамалық алаң ретінде жұмыс істеді. Бұл экология мәселелерін жалпылама емес, нақты көрсеткіштер мен нақты проблемалар арқылы талқылауға мүмкіндік берді.
Уәкілетті органдардың деректеріне сәйкес, ел халқының 60%-дан астамы экологиялық жүктемесі жоғары өңірлерде тұрады, жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қалдық түзіледі, оның тек 25-26%-ы ғана қайта өңделеді, ал ластаушы заттар шығарындыларының шамамен 70%-ы бірнеше өнеркәсіптік өңірге тиесілі. Кеңес өз жұмысын дәл осы көрсеткіштерге сүйеніп, ұсыныстарын қалыптастырды.
2025 жылы Экологиялық кеңес мемлекеттік органдарға қалдықтарды басқару, экологиялық мониторинг, көгалдандыру, экожүйелерді қорғау және климатқа бейімделу бойынша жүйелі ұсынымдар дайындап, жолдады. Бұл жұмыс Президенттің декларациялардан нақты, өлшенетін нәтижелерге көшу, сондай-ақ мемлекет пен бизнестің қоршаған ортаның жағдайы үшін жауапкершілігін күшейту бағытымен толық үйлеседі. Осы үдерісте «AMANAT» партиясы экологиялық бастамалардың саяси үйлестірушісі әрі қозғаушы күші ретінде көрінді.
– 2025 жылдың басында көтерілген экологиялық проблемалардың қайсысын алға жылжыту мүмкін болды, ал қайсысы әлі де ең күрделі болып отыр?
– 2025 жылы қалдықтарды басқару мәселелерін ілгерілетуге мүмкіндік туды. Елде 3 мыңға жуық тұрмыстық қатты қалдық полигондары болғанымен, олардың шамамен 21%-ы ғана экологиялық талаптарға сай, бұл проблема алғаш рет жүйелі түрде шешіле бастады. 2024-2025 жылдары 4 800-ден астам заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың 93%-ы жойылды, бұл айтарлықтай алға жылжу болды.
Экологиялық бақылау саласында да оң өзгерістер байқалды. Бірқатар өңірлерде шығарындыларды автоматтандырылған мониторингтеу жүйелерін енгізу басталды, бұл формалды есептерден объективті деректерге көшуге мүмкіндік беріп, қоғамның сенімін арттырады.
Сонымен бірге ең күрделі мәселелер қатарында тарихи ластану, су ресурстарының тапшылығы және тозған экологиялық инфрақұрылым қалып отыр. Ауыл шаруашылығы жерлерінің 30%-дан астамы деградацияға ұшыраған, ал климаттық қауіптер – құрғақшылық, су тасқындары, су тапшылығы – жүйелі сипат алуда. Бұл мәселелер қысқа уақытта шешілмейді, дегенмен 2025 жылы олар бойынша нақты күн тәртібі қалыптастырылып, алдағы іс-қимыл бағыттары айқындалды.
– Экологиялық кеңестің жұмысында өңірлермен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл қандай рөл атқарды? Шешімдер нақты жерлерде іске асқан мысалдар бар ма?
– 2025 жылы Экологиялық кеңестің жұмысындағы негізгі ерекшеліктердің бірі – өңірлермен тығыз өзара іс-қимыл болды. Елдің барлық өңірлерінде өңірлік экологиялық кеңестер жұмыс істейді, олар жергілікті проблемаларды қарап, республикалық деңгеймен бірлесе әрекет етеді.
Өңірлік кеңестер проблемалық нысандарда – полигондарда, өнеркәсіп аймақтарында, ластанған аумақтарда тұрақты түрде көшпелі отырыстар өткізеді. Мұндай формат мәселелерді жай талқылап қана қоймай, әкімдіктер мен кәсіпорындарды бірден шешім іздеуге тартуға мүмкіндік береді. Дәл осы өңірлер арқылы қоқыс орындарын жою, шығарындыларды бақылауды күшейту, көгалдандыруға және жасыл аймақтарды басқаруға деген көзқарасты қайта қарау мәселелері жылдамырақ ілгерілей бастады.
– 2025 жылы экологиялық күн тәртібіне азаматтар, ҮЕҰ және бизнес қаншалықты тартылды және қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру үшін тағы не істеу қажет?
– 2025 жылы қоғамның экологиялық күн тәртібіне тартылу деңгейі айтарлықтай артты. Қоғамдық қабылдаулар, ҮЕҰ және өңірлік кеңестер арқылы ауаның және судың сапасы, полигондардың жұмысы, қалаларды көгалдандыру мәселелері жиі көтерілді. Бизнес те экологиялық стандарттарды талқылауға, қалдықтарды қайта өңдеуге және «жасыл» технологияларды енгізуге белсендірек қатыса бастады.
Сонымен бірге талдау экологиялық саясаттың нәтижелері туралы қоғамды ақпараттандыру әлі де жеткіліксіз, көбіне жекелеген, эпизодтық сипатта екенін көрсетті. Жауапкершілікті арттыру үшін қоғамдық мониторингті кеңейту, экологиялық деректерді ашық әрі түсінікті ету, сондай-ақ экологиялық жауапты мінез-құлыққа экономикалық ынталандыру тетіктерін дамыту маңызды. Экология бірреттік науқан емес, күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналуы тиіс.
– Биылғы қорытындыларды ескере отырып, «AMANAT» партиясының Экологиялық кеңесі 2026 жылға қандай басымдықтар мен нақты міндеттер қояды?
– 2026 жылды «AMANAT» партиясының Экологиялық кеңесі қабылданған шешімдерді бекіту және оларды практикалық тұрғыда іске асыру кезеңі ретінде қарастырады. Негізгі басымдық – ұсынымдардың орындалуын бақылау, әсіресе өңірлік деңгейде, сондай-ақ өлшенетін нәтижелерге көшу.
Басты назар қалдықтар мәселесіне, ауаның сапасына, су ресурстарына, көгалдандыруға, климаттық өзгерістерге бейімделуге және тарихи ластануларға аударылады. Жасыл энергетиканы дамыту да жеке маңызды бағыт болып қала береді. Бүгінде елде қуаты 3 100 МВт-тан асатын 156 жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) нысаны жұмыс істейді, ал 2030 жылға дейін тағы 2,3 ГВт-тан астам қуатты іске қосу жоспарланған. Бұл – көміртек бейтараптығына және орнықты дамуға бағытталған ұзақмерзімді саясаттың бір бөлігі.
2026 жылға қойылған басты міндет – Президент қолдайтын және «AMANAT» партиясы жүзеге асырып жатқан экологиялық саясаттың есептерде ғана емес, адамдардың күнделікті өмірінде нақты сезілуі.