Қазір жұрт табиғатқа тек демалу үшін емес, оны аялап, сақтауды үйрену үшін барады.
Экотуризм мен экологияның тепе-теңдігін қалай сақтаймыз?
82
оқылды

«Экотуризм – қазір жай сән емес, әлемдегі үлкен өзгерістерге берілген жауап», – дейді БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілі Катержина Вавьерниа. Климаттың өзгеруі, жануарлар мен өсімдіктердің азаюы және адамдардың табиғатқа қызығушылығының артуы экотуризмнің маңызын күшейтіп отыр. Қазір жұрт табиғатқа тек демалу үшін емес, оны аялап, сақтауды үйрену үшін барады. 

Қазақстанда бұл үрдіс айқын байқалады: елде 14 ұлттық парк, 10 табиғи қорық бар. 2024 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 2,8 млн адам барған. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елге 7,5 млн шетелдік турист келген. Ең көп турист Ресей, Қытай, Түркия, Үндістан және АҚШ елдерінен келеді.

Алайда экотуризмге сұраныстың артуы табиғатқа түсетін жүктемені де күшейтеді. Сондықтан тұрақты туризм ережелерін енгізу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және сала мамандарын даярлау – өзекті мәселелердің бірі.

Экотурист жауапкершілігі – табиғатқа зиян келтірмей демалу

Катержина Вавьерниа Қазақстанның экотуризм әлеуетін жоғары бағалай отырып, экотуристің жеке жауапкершілігін ерекше атап өтеді:

«Экотуризм – бұл жәй ғана демалыс емес, табиғатқа зиян келтірмей демалуды үйрену. Экотурист жергілікті мәдениетті құрметтеп, қоқыс тастамай, тек белгіленген бағытпен жүруі керек», – дейді ол.

Дәл осы соқпақпен жүру мәдениеті экожүйені қорғауда шешуші рөл атқарады. Сарапшылардың айтуынша, егер арнайы белгіленген соқпақ болмаса, туристер жан-жаққа жүріп, жерді таптап, өсімдіктерге зиян келтіреді. Ал ұйымдастырылған соқпақ табиғатты қорғайды – адамдар сол жолмен ғана қозғалады. Осы тұрғыда аспалы жолдар (канат жолдары) да экотуризмнің тиімді құралдарының бірі саналады. Олар жанармай емес, электр қуатымен жұмыс істейтіндіктен экотранспортқа жатады. Таулы аймақтарда ауыр техника мен автокөліктердің қозғалысын азайтып, топырақ пен флораға түсетін қысымды төмендетеді. Сондықтан мамандар тауға шығатын негізгі инфрақұрылымды осындай экологиялық шешімдер арқылы ұйымдастыру қажет дейді.

2024 жылы ең танымал бағыттар Бурабай, Іле-Алатауы, Көлсай көлдері, Баянауыл және Сайрам-Өгем ұлттық парктері болды. Туристер саны артқан сайын табиғи ландшафттарға түсетін қысым да күшейеді. Вавьернианың айтуынша, инфрақұрылым тапшылығы, заңнаманың жеткіліксіздігі және экологиялық білімнің төмендігі экожүйелердің деградациясына әкелуі мүмкін.

Сарапшының пікірінше: «Қазақстан экотуризмді дамыту тұрғысынан үлкен мүмкіндіктерге ие. Бірақ табиғатты сақтамай туризмді кеңейту мүмкін емес. Тепе-теңдік сақталуы тиіс», – дейді ол.

Ауыл туризмі – экотуризмнің негізгі қозғаушысы

Туризм саласында 2002 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан қарағандылық туроператор, экобелсенді Жазира Жанкина Қазақстанның экотуризм орталығына айналуға әлеуеті зор екенін айтады.

«Қазақстанның экотуризм орталығына айналу мүмкіндігі өте жоғары. Бірақ табиғатты сақтау – бірінші, туризм – екінші орында тұруы тиіс. Әр өңірдің мүмкіндігі зор, алайда инфрақұрылым, тәртіп, жергілікті қауымдастықтың қатысуы қатар дамымайынша, бұл әлеует толық іске аспайды. Табиғатты пайдалану емес, оны қалпына келтіру мәдениеті маңызды», – дейді маман.

Жанкинаның айтуынша, ауыл туризмінің дамуы – экотуризмнің ең тиімді моделінің бірі:

«Ауыл туризмі дамыған сайын қонақүй үйлері де көбейіп келеді. Бұл – жай ғана бизнес емес, экотуризмнің негізгі қозғаушы күші. Жергілікті халық табиғатты сақтай отырып табыс табады. Жастар ауылға қайта оралып, өз кәсібін аша бастады. Кейбір ауылдарда қазір қонақүй ашатын бос маман табу қиын – бәрі жұмыспен қамтылған. Бұл – экотуризмнің мультипликативті әсерінің айқын дәлелі», – дейді экобелсенді.

Экомәдениеттің негізі – табиғатты қалпына келтіру

Экобелсенді табиғатты қалпына келтіру мәдениетін қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті.

«Экомәдениеттің маңызды бөлігі – табиғатты жүйелі түрде қалпына келтіріп отыру. Яғни рекультивация мен компенсациялық ағаш отырғызу мәдениетін қалыптастыру қажет», – дейді ол.

Айта кетейік, Рекультивация – туристік жүктемеден немесе құрылыс салдарынан зақымдалған жерді қайта «тірілту», топырақты, өсімдіктерді және табиғи ландшафтты қалпына келтіру.  Компенсациялық ағаш отырғызу – кесілген немесе зақымдалған әрбір ағаштың орнына бірнеше жаңа ағаш отырғызу арқылы табиғатқа келген шығынды өтеу.

Экобелсенді дамыған елдердің тәжірибесін Қазақстанға да енгізу қажеттігін айтады.

«Канадада табиғи аумаққа түскен кез келген экологиялық салмақ бірден қалпына келтіріледі. Тапталған жер жөнделеді, топырақ күшейтіледі, бір ағаш кесілсе – орнына бірнеше ағаш отырғызылады. Экотуризм осылайша табиғатқа зиян емес, керісінше пайда әкелетін жүйеге айналған. Біз де осы тәжірибені қабылдасақ, табиғи аумақтар тозбайды, жыл сайын жаңарып отырады», – дейді экобелсенді.

Егер арнайы белгіленген соқпақ болмаса, адамдар жан-жаққа жүріп, жерді таптап тастайды. Ал соқпақ бар жерде топырақ пен өсімдіктерге зиян келтірмей, сол жолмен жүреді. Аспалы жолдар (канат жолдары) туралы идея да осыдан туындайды. Бұл – экотранспорт, өйткені жанармай емес, электр қуатымен жұмыс істейді. Сол себепті тауға шығатын негізгі жол әрдайым аспалы жол арқылы болуы керек.