Сауда және интеграция министрлігі биыл қызметтегі адалдықты, құқықтық мәдениетті және әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырды
Сауда және интеграция министрі: «Шектеулер мен тыйымдарды сақтау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі факторы»
137
оқылды

Сауда және интеграция министрлігі биыл мемлекеттік қызметшілердің заңнамада белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп, құқықтық мәдениетті нығайту мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға айрықша назар аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

«Мемлекеттік қызметшілердің заңнамада белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесінің іргелі элементі болып табылады. Осы нормалардың орындалу сапасына қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімі, мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне төзімділігі және мемлекеттік саясаттың тиімділігі тікелей байланысты.

Осы бағыттың маңыздылығын түсіне отырып, Сауда және интеграция министрлігі биыл қызметтегі адалдықты, құқықтық мәдениетті және әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырды. Мақсатымыз – қызметкерлерді заң талаптарымен таныстыру ғана емес, олардың маңыздылығын терең түсінуін және құқық бұзушылықтардың алдын алу дағдыларын қалыптастыру.

Осы жұмыстың аясында министрлік қызметкерлерге этикалық мінез-құлық, қаржылық бақылау, мүдделер қақтығыуына жол бермеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың басқа да аспектілері бойынша тұрақты консультациялық қолдау көрсетті. Жыл ішінде 70-тен астам қызметкер осындай көмек алып, бұл мемлекеттік қызмет нормаларын сақтауға жауапты көзқарасты көрсетеді.

Мемлекеттік қызметке алғаш кірген азаматтарды оқытуға ерекше көңіл бөлінді. Шектеулер мен тыйымдар бойынша түсіндіру жұмыстары жаңа қызметкерлердің кәсіби құндылықтарын алғашқы күннен бастап қалыптастырудың маңызды құралы болды.

Сонымен қатар, министрлік жақын туыстардың бірге қызмет етуіне жол бермеу, кәсіпкерлік қызметті тоқтату және мүлікті сенімгерлік басқаруға беру талаптарының орындалуына мақсатты мониторинг жүргізді. 2025 жылы 150-ден астам тексерудің нәтижесінде заң  бұзушылықтар анықталған жоқ. Бұл – заң талаптарын жауапты және адал сақтаудың қалыптасып келе жатқан мәдениетін білдіреді.

Биыл мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуының алдын алуға ерекше назар аударылды. 300-ден астам қызметкер қатысқан семинарлар лудоманияның  бақылауды жоғалтуға және отбасылық әрі кәсіби қатынастардың бұзылуына әкелетін қауіпті психологиялық тәуелділіктің  салдары туралы түсінікті арттырды.

Сонымен бірге, министрлік ай сайынғы оқыту бағдарламасын іске асыруда. Ол қызметтік шектеулердің негізгі бағыттарын қамтиды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақтылықты күшейтеді. Мұндай жұмыс қызметтік нормаларды бұзуды заңсыз ғана емес, корпоративтік мәдениет деңгейінде мүлде орынсыз етеді.

Сауда және интеграция министрлігі шектеулер мен тыйымдарды сақтау жөніндегі жүйелі жұмысты одан әрі жалғастырады. Бұл — азаматтар, мемлекет және болашақ мемлекеттік қызметшілер алдындағы маңызды міндетіміз»,-дейді министр А. Шаққалиев.